Елімізде коронавирус өршуі мүмкін бе

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елімізде коронавирус инфекциясына қатысты өңірлердегі ахуал үнемі ауытқып тұр. Мәселен, осы уақытқа дейін «сары» аймақта болған Атырау облысының «қызыл» аймаққа өткен белгілі болды. Ал осыдан бірнеше күн бұрын ғана «қызыл» аймақта жатқан Нұр-Сұлтан қаласы бірден жасыл аймаққа өтіп отыр. Жалпы бүгінде Атырау облысы «қызыл», Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстары «сары», ал қалған өңірлер «жасыл» аймақта жатқаны белгілі.

Дегенмен, алдағы Жаңа жыл мерекесін, оның аясында жұртшылықтың жаппай жиналып бас қосатындығын ескерсек, коронавирустың өршу қаупі бар екендігін жоққа шығара алмайды. Ал індеттің өршуіне жол бермеу үшін әлеуметтік арақашықтықты сақтау, адамдар көп жиналатын жерге бармау, үнемі маска тағып, қолды антисептикпен зарарсыздандырып отыру қажет екендігін айтпаса да түсінікті.

Жалпы, мамандар арасында елімізде коронавирус өршуіне қатысты әртүрлі пікірлер бар. Мәселен, таяуда ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі - Бас мемлекеттік санитар дәрігер Ерлан Қиясов Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқтырудың шарықтау шегіне қатысты жаңа болжамын жария еткен болатын.

«Қазіргі уақытта эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Ауру жұқтырудың шарықтау шегі қай уақытқа сай келуі мүмкін? Бұрын Денсаулық сақтау министрі Қазақстанда коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі 2020 жылдың желтоқсаны мен 2021 жылдың қаңтарына сай келетінін болжаған еді. Алайда қазір оптимистік жағдай қалыптасты. Осыған байланысты апта сайын өзіміздің болжамды мәліметтерімізді зерттеп отырмыз. Қазіргі жағдайда пессимистік болжамға сүйенсек, коронавирусты жұқтырудың шарықтау шегі 2021 жылдың қаңтары мен ақпанына дөп келеді деп болжауға болады», - деді бас санитар дәрігер ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Ал «Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебі» Эпидемиология, биостатистика және дәлелді медицина кафедрасының доценті, медицина ғылымдарының кандидаты, дәлелді медицина сарапшысы Рафаиль Қыпшақбаев коронавирустың таралуына қатысты болжамның қиын екендігін алға тартады.

«Коронавирус жөнінде пікір білдіру өте қиын. Бұл дегеніміз қайыры жоқ, жаңа әрі зерттелмеген іс. Біз қазір тек болжам жасай аламыз. Қолда бар деректерге сүйене отырып, қандай да бір сценарий құруға болады, бірақ ешкім нақты ештеңе айта алмайды. Сондықтан инфекция таралады деген болжам бар. Әзірге ең ықтимал болжам осы», - дейді сарапшы.

Медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин болса коронавирустың жаппай таралуының алдын алу үшін қазіргі уақытта әлеуметтік арақашықтықты барынша сақтап, маска тағу, гигиеналық сақтық шараларын мүлтіксіз орындау маңызды міндет саналатындығын баса айтады.

«Өкінішке қарай, көпшілік мұны сақтай бермейді. Сол себепті халыққа үнемі жүгініп, қауіпсіздік шараларын сақтау маңыздығын түсіндіріп отырған жөн. Еуропада, Ресейде ахуалдың қалай болжап болмайтын жағдайда дамығанын, өршігенін көріп отырмыз. Міне, осыған байланысты ауру жұқтырудың өсімі қалай десек те қаңтардың басында немесе желтоқсанның соңында артуы мүмкін. Бірақ, бәрі тікелей өзімізге байланысты. Егер барынша қатаң шаралармен адамдардың өзара байланысын шектей алсақ, онда пандемия толқыны барынша жұмсақ өтері анық. Бұған қоса, маусым-шілде айларында аурудың ресми тіркелген көрсеткіштен 10 есе жоғары болуы есебінен ұжымдық иммунитет біртіндеп қалыптасып келе жатыр. Ол кезде адамдардың басым бөлігі аурып қалса да медициналық көмекке жүгінбеді, тіпті тексеруден де өтпеді. Үйлерінде ем алды», - деді сарапшы.

Жоғарыда мейрам күндері ауру жұқтыру деректерінің өршуі мүмкін екендігін айтқан болатынмыз. Мұндай пікірді Астана медицина университеті Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева да білдіріп отыр. Ол алдағы қысқы мерекелік күндерде әрбір қала мен елді мекен тұрғындары сақтық шараларына ерекше мән беруі керектігін айтады.

«Биылдың басынан бері адамдар коронавирусқа қарсы күресті үйреніп алатындай болды. Індет қаупін сезіне жүруіміз керек. Сондықтан біздің міндет – жағдайға қарай бейімделу. Мамандар белгілеп берген шараларды ұстанған абзал. Вирус жыл мезгіліне қарамай тарап жатыр. Ол ең алдымен өзінің көбею жолын іздейді. Міндеті - өкпеге жетсе болды. Сол себепті біз созылмалы аурулары бар адамдарға екпін қойып отырмыз. Коронавирус жұқтырған адамның бұрыннан бергі созылмалы ауруы қозып кетуі ықтимал», - деді Динагүл Баешева.


Соңғы жаңалықтар