Елімізде көлеңкелі экономиканы азайту үшін қандай шаралар жасалды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы министрінің міндетін атқарушы Берік Шолпанқұлов көлеңкелі экономиканы азайту үшін енгізілген құралдар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2019 жылы 1 қаңтардан бастап барлық қосылған құн салығын төлеушілер «Электрондық шот-фактуралар» міндетті көшірмесіне ауыстырылды және бүгінде 440 мыңнан астам пайдаланушы тіркеліп, 433 млн электрондық шот-фактура жазған. «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесін пайдаланушылардан қосымша 290,2 млрд теңге түсті. Біздің болжауымызша 2020 жылы шамамен қосымша 140 млрд теңге түсім күтілуде», - деді спикер Үкіметтің бүгінгі отырысында.

Сонымен бірге, спикер өткен жылы Тауарларды таңбалау жүйесінің де сынақтан өткенін еске салды. Тері бұйымдарын таңбалау нәтижесінде 2019 жылғы кірістер 2 есеге артқан және 2020 жылы 1 млрд теңгеге дейін түсім күтілуде. Бұдан басқа, таңбалау бойынша темекі өнімдері, алкоголь өнімдері, аяқ киім тауарлары, дәрілік заттар және сүт өнімдері сияқты тауарлар тізбесін кеңейту болжанып отыр.

«Биылдан бастап онлайн бақылау-касса машиналары міндетті түрде қолданылуы тиіс. Бүгінгі таңда бақылау-касса машиналарын пайдаланушылардың жалпы саны 728 мыңға жетті, оның 710 мыңы немесе 97,5% онлайн бақылау-касса машиналарына көшті. Сонымен бірге, қолданыстағы ақпараттық жүйелер базасында Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі құрылуда. Биылғы қазан айынан бастап ақпараттық жүйеде тауарларға электрондық ілеспе жүк құжаттары енгізіледі. Жалпы алғанда, жүйе тауардың бөлшек саудасына дейінгі жылжуының барлық тізбегін қадағалауға мүмкіндік береді. Жүйеден кейін жалған шот-фактуралардың көшірмесін тоқтатамыз», - деп атап өтті Б. Шолпанқұлов.

Одан бөлек, Салықтық әкімшілендіру мақсатында үшінші тұлғалардың деректер базасы құрылған. 2019 жылы бюджетке қосымша 18,6 млрд теңге сомасында салық түскен.

Тағы бір тиімді құралдардың бірі – Құрылыс саласындағы мемлекеттік сатып алуды қазынашылық сүйемелдеу. Осылайша, салық жүктемесінің коэффициенті мемлекеттік сатып алуға қатысушыларда 2,3 есеге өсіп, қосымша 54,4 млрд теңге түскен.

«Цифрландыру және камералық бақылауға көшу арқылы да салықтық тексерулер өзгертілді. Нәтижесінде олардың саны 29%-ке азайды. Бұл ретте заңбұзушылықтардың анықталуы 2 есеге артты немесе 344 млрд теңге есепке түсті. Министрліктің негізгі бағыттарының бірі - айналы кедендік статистика бойынша алшақтықты төмендету. Бүгінгі таңда Қазақстан мен Қытай арасында онлайн режимінде кедендік декларациялармен электрондық алмасу жүруде. Бұл Қазақстанның Қытайдан импорты бойынша алшақтықты 2017 жылы 60%-тен 2019 жылы 48%-ке дейін қысқартуға мүмкіндік берді. 5 айдың қорытындысы бойынша айырмашылық 39%-ке дейін төмендеді. Осылайша, өткен жылы бюджетке қосымша 236 млрд теңге түсті», - деді спикер.

2018 жылдың аяғында «Тәуекелді басқару» ақпараттық жүйесі іске қосылған. Оның қорытындысы бойынша 2019 жылы бюджетке 85 млрд теңге, 2020 жылдың басынан бері – 34,9 млрд теңге түсті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен импортқа салықтық әкімшілік күшейтілді және «Экспорттық бақылау» модулі тәжірибелік пайдалануға берілді. Нәтижесінде қосымша қосылған құн салығы бойынша 122 млрд теңге түсті.

«Жалпы 2018 жылмен салыстырғанда тауарларды қате декларациялау фактілерін анықтау 5,5 есеге артқан. Кедендік төлемдер мен салықтар 2,3 млрд теңгеге өскен», - деді Берік Шолпанқұлов.

Айта кетейік, 2019 жылы жалпы ішкі өнімге шаққандағы көлеңкелі экономика 23,62%-ке төмендеді.



Соңғы жаңалықтар