Елімізде итбегілік өнері ресми түрде тіркеледі

None
None
БУРАБАЙ АУДАНЫ. ҚазАқпарат - Қазақстанда тазы мен төбеттерді сақтау, қорғау және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылданып, итбегілік өнер ресми танылмақ. Бұл туралы ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің Ұлттық спорт түрлері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі болып табылатын тазы мен төбетті сақтау және оларды насихаттау мақсатында министрдің бұйрығымен арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамында осы сала мамандары, итбегілер және басқа да құзыретті орган өкілдері бар. Мақсат - тазы, төбет федерациясын аккредитациядан өткізу. Себебі бүгінде атбегілік пен құсбегілік өнері аккредитациядан өтіп, ресми түрде танылған. Ендігі уақытта итбегілік өнерді ресми етіп, республикалық спорттық шаралар күнтізбесіне енгізбекпіз. «Қансонар» қоғамдық қауымдастығының дерегіне сүйенсек, бүгінде еліміз бойынша төлқұжаты бар 1 500-дей тазы және 100-ге жуық төбет бар. Ал ресми емес дерек бойынша Қазақстанда 40 мыңға жуық тазы мен төбет бар. Оның ішінде аралас тұқымдастар да кездеседі», - деді Мейрамбек Махамбетов.

Оның айтуынша, еліміздің барлық өңірінде тазы мен төбет бөлімшелерін ашу жоспарлануда.

«Итбегілікті ресми түрде ұлттық спорт түрі деп танитын болсақ, демек тазы мен төбеттерді тіркеп, оларға төлқұжат берілу қажет. Ол үшін біз алдымен мемлекеттік бағдарламаны бекітеміз. Ол бағдарламада тазы мен төбетті сақтау, қорғау, дамыту және ұлттық бренд ретінде насихаттауға қатыстының барлығы қамтылады. Ерекше айтып өтетін сәт, біз осы бағдарлама аясында елімізде ит төбелесін ұйымдастыруға тыйым салмақпыз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар