Елімізде дәрігерлерге үстемақы төлеуге қатысты дау бар деп айта алмаймын - Бағдат Қожахметов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Бағдат Қожахметов медицина қызметкерлеріне өтемақы мен үстемақы төлеу мәселелеріне қатысты туындаған сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында БАҚ өкілдері Бағдат Қожахметовке: «Осы уақытқа дейін қосымша өтемақы алып келген сол жағалаудағы жедел жәрдем қызметі операторларының ақшасын осы айдан бастап төлемей қойған. Оған не себеп?», - деп сауал қойған болатын.

«Ондай фактілер болса бізге міндетті түрде «мынандай өңірде, мынадай мекемеде медицина саласының қызметкерлеріне өтемақы төлемей жатыр« деп нақты хабарлаңыздар. Негізі медицина саласының кез келген қызметкері коронавирусқа шалдықса өтемақы алу үшін жергілікті комиссияға өтініш беруі керек. Комиссия қарастырып шешім қабылдайды. Егер комиссия шешімімен өтеақы төлемеу туралы шешім болса, онда дәлелдеуге тырысу керек. Жалпы, шешім қабылданбаса, онда оның себебі бар деген сөз», - деп жауап берді ресми өкіл.

Сонымен қатар ол медициналық қызметкерлерге үстемақы барлығына бірдей емес, тек провизорлық орталықтар мен жұқпалы аурулар ауруханасында жұмыс істеген, індетпен күресте алдыңғы қатарда жүрген мамандарға төленетіндігін айтты.

«Әрине, адамбыз ғой. Адам болғаннан кейін мұндай жайттар болуы мүмкін. Жалпы елімізде үстемақы төлеуге қатысты дау болып жатыр деуге аузым бармайды. Бірақ, барлық мүмкіндікті пайдаланып, комиссияның араласуымен жүйелі жұмыс жүргізіледі. Егер медицина саласының маманы тиісті санатқа сай келетін болса, онда оған міндетті түрде үстемақы төленеді», - деді Бағдат Қожахметов.


Соңғы жаңалықтар