Елімізде балалар әдебиеті мен контенті жоқтың қасы - ұлттық комиссия мүшесі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті. Жиын барысында ұлттық комиссия мүшелері балалардың рухани-адамгершілік тәрбиесі саласындағы жұмыстың негізгі басымдықтарын атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық комиссия мүшелері кәмелетке толмағандар арасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылық пен қылмыстың алдын алу, балалар құқығын қорғауға бағытталған кешенді шара ұсынды. Одан бөлек, ата-аналардың балалар тәрбиесіне ерекше мән беру керектігі сөз болды.

Ұлттық комиссия отырысында баяндама жасаған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Александр Данилов зерттеулерге сәйкес, қазақстандықтардың 93%-ы отбасы құндылығын алдыңғы орынға қоятынын мәлімдеген еді.

Сондай-ақ, вице-министр ұлттық комиссия жұмысының бірқатар негізгі басымдықтарын белгіледі.

Спикердің айтуынша, халықтың психологиялық денсаулығын қолдаудың жаңа экожүйесін құру, өңірлердегі инфрақұрылымды жақсарту мақсатында елдімекендерді бағалау шарасын ұйымдастыру қажет. Сонымен қатар ата-аналарды, отбасы мүшелерін, мүгедек балалар мен ересектерді жұмысқа орналастыру және әлеуметтендіру үшін жағдай жасау қажет.

«Іскерлік және отбасы мен бала тәрбиелеуді табысты үйлестіріп жүрген ата-аналарды үлгі ретінде көпке көрсетудің маңызы зор. Осы орайда біз ұлттық комиссия базасында ЮНИСЕФ-тің ізгі ниет елшілері институтының үлгісі бойынша отбасылық құндылықтар елшілері институтын енгізуді ұсынғымыз келеді. Бізде көпке үлгі болатын жеке тұлғалар, қоғамдық пікір көшбасшылары жеткілікті деп ойлаймын», - деп атап өтті ақпарат вице-министрі Александр Данилов.

Ұлттық комиссия мүшесі Азиза Шожееваның мәлімдеуінше, елімізде балалар әдебиеті мен олардың жасына сәйкес келетін контент жоқтың қасы. Спикер нақтылап өткендей, «Балапан» телеарнасы белгілі бір мақсатты топқа арналған, ал жасөспірімдер назардан тыс қалып отыр.

«Бізде балалар киносы мен оларға арналған кітаптар жоқ. Осы салада еңбек етіп жүрген Зира Наурызбаева мен Лилия Калаус секілді шығармашыл азаматшалар «Бату» туралы трилогия жазды. Аталған кітап қазірдің өзінде ағылшын тіліне аударылып, тіпті «Amazon Publishing»-те жарияланды. Бізде Гарри Поттер мен танымал балалар бестселлерлерін қазақ тіліне аударатын авторлар тобы бар. Келесі жайт, балалар кинотеатрға барса не көреді? «Келинка Сабинаны» көре ме? Әлде «Той любой ценой»-ды көре ме? Балалар киносын қолға алуға Мәдениет және спорт министрлігі де белсене кіріссе дегім келеді. Ұлттық комиссия жұмысы аясында біз мәдени және өнер шығармаларын бюджетін қалыптастырған кезде балалар киносы мен мультфильмдерге мән беруді ұсынамыз. Өйткені қазір барлық қаражат тек ересектерге арналған фильмдерге жұмсалып жатыр», - деп түсіндірді Азиза Шөжеева.

Өз кезегінде ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева Мемлекет басшысы балалар шығармашылығын дамыту мақсатында тиісті тапсырма бергенін атап өтті.

«Біз әдебиетті де, анимацияны да, деректі фильм мен киноны да қайта қарауымыз керек. Бұл жайтты мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобында қарау керек. Бастысы мәселені ортаға салып, нақты шешім қабылдау», - дейді Аида Балаева.

Ұлттық комиссия жұмысының басты бағытының бірі ретінде «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева білім беру жүйесін жетілдіру керектігін ұсынды.

«Мектепке дейінгі білім беру мекемелері мен бастауыш сынып балаларына тәрбие беру тұжырымдамасын енгізу қажет. Өйткені ақпараттық технологиялар дәуірінде рухани құндылықтар екінші орынға көшті. Мектеп оқушылары цифрлық және медиасауаттылықты меңгеруі тиіс. Сонымен қатар, ұлттық кодқа негізделген «Адамгершілік әліппесі» пәнін енгізуді ұсынамын. Біріншіден, осы пән аясында рухани байлықты жандандыратын қасиетті ұғымдарды үйрету керек. Мысалы, Жапонияда оқушыларға «Адамгершілік негіздері» деген пән оқытылады. Осылайша, бүгінде әрбір жапон сакура мен самурай рухын насихаттап келеді», - деді Риза Молдашева.

«Талбесік» көп балалы аналар одағының басшысы Ләззат Қожахметова мектептерде әкелер кеңесін құруды ұсынды.

«Мектептерде мұғалімдердің 90%-ы әйелдер. Үйде де бала тәрбиесімен негізінен әйелдер айналысады. Қоғамда бала тәрбиесіндегі ерлердің рөлі төмен. Осыған байланысты мектептер жанынан әкелер кеңесін құруды ұсынамын. Ер балаға қатысты мәселелер бойынша әкелер балаларымен жеке әңгіме жүргізуі тиіс деп ойлаймын», - деп түсіндірді спикер.

Сол секілді Ләззат Қожахметова балалар қоршаған ортаға қамқор болып, қорғау үшін сенбіліктерді қайта бастауды ұсынды. Одан бөлек, мектептерде оқушылардың ұялы телефон ұстауына шек қоюды ұсынды.

«Кейбір мектептерде оқушылар ұялы телефондарды гардеробта немесе арнайы шкафта қалдырады. Біз бұл шараны міндетті етуіміз керек. Өйткені балалар бір-бірін немесе мұғалімді ұялы телефонның камерасына түсіріп бопсалау фактілері анықталып жатады. Бұдан кейін бала психологиялық жарақат алады. Сондықтан бала мектеп табалдырығын аттаған сәтте, ұялы телефонды қалдыруы тиіс», - деген ойын ортаға салды ұлттық комиссия мүшесі.

Сонымен қатар Ләззат Қожахметова мүмкіндігі шектеулі балалардың аналарына психологиялық көмек көрсету үшін жедел желіні іске қосуды ұсынды. Оның пікірінше, мүмкіндігі шектеулі балалар тәрбиеленетін отбасыларда ажырасулар мен түсінбеушіліктер көп. Оған себеп әкесі мен анасы психологиялық тұрғыдан баланың диагнозын қабылдай алмай жатады.

Ұлттық комиссияның келесі мүшесі Элина Паули мектептен тыс ұйымдардың санын көбейту қажет деп санайды.

«Біз балаларға қосымша білім алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз етуіміз керек. Мысал ретінде волонтерлік мобильді топтар немесе мобильді этнопарктер бойынша көрші елдердің тәжірибесін алуға болады. Балалардың әлеуетін арттыру және әртүрлі үйірмелер мен секцияларға қол жеткізу құқығын қамтамасыз ету үшін қосымша білім алуға болатын ұйымдар санын ұлғайту қажет. Біздің міндетіміз - балалар мен жасөспірімдерді қоғамдық және патриоттық бастамаларға тарту. Мектептердегі тәрбие жұмысын уақыт талабына бейімдеу керек. Оқыту мен тәрбиелеу процесі бір -бірімен тығыз байланысты», - деді Элина Паули.

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева әрбір айтылған ұсыныс арнайы топтарда талқылануы тиіс екенін атап өтті. Сол секілді аталған жұмысқа өңірлік комиссиялар да белсене кірісу керектігін баса айтты.

«Егер бұл мәселелер уақтылы талқыланып, ал мемлекеттік органдар ұсыныстарды тыңдап, оларды іске асыру жолдарын қарастырса, көптеген мәселе өз шешімін табар еді. Өз тарапымнан ұлттық комиссияның төрағасы ретінде өңірлерге ұсыныстарды жібердім. Біз өңірлерге барып, комиссиялардың жұмысын қадағалайтын боламыз», - деді Аида Балаева.

Ұлттық комиссия мүшесі Клара Төленбаева балалар мен жасөспірімдердің мәселесін қозғады. Оның айтуынша, Қазақстанда балалар мен жасөспірімдерге арналған заманауи әндер мен репертуарлар жеткіліксіз.

«Мәдениет министрлігіне ұсыныс айтқым келеді. Балалар әндерін жазу үшін композиторлар арасында көбірек байқау өткізу қажет. Қазылар алқасы ретінде өнер көрсеткен кезде балалар репертуарына сәйкес келмейтін әндерді орындайтынын байқаймыз. Бала махаббат пен терең сезімдер туралы ән салғанда қабылдау өте қиын», - деп толықтырды Клара Төленбаева.

Бибігүл Нұрашева қазақстандықтардың отбасы мен жұмыс арасында айтарлықтай теңгерімсіздік барын айтып өтті.

«Жұмыс-жұмыс деп ата-аналар балалармен аз сөйлеседі, содан байланыс жоғалады. Мемлекеттік еңбек инспекциясы институтын күшейтуді ұсынамын. Яғни, олар ата-аналарды жұмыстың өз уақыты барын үйретуі тиіс. Құқықтық нигилизмге қарсы күрес шараларын енгізу қажет. Азаматтардың құқықтық сауаттылығын ашу маңызды», - деді Бибігүл Нұрашева.

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева айтылған әр ұсыныстың өзектілігін атап өтті.

«Бірыңғай мектеп формасы, армияға дайындық, әкелер кеңесі мәселелері бұрын да талқыланған. Дегенмен мәселелер әлі шешімін таппаған. Бүгінгі кездесуге екі министрліктің өкілдері қатысып отыр. Алдағы уақытта барлық ведомстволар өкілдерінің қатысуын қамтамасыз етеміз. Министрлік білім беру бағдарламасын бекітті. Әрбір сала бойынша білім беру бағдарламасын қиындатудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Президент бұл туралы да айтты. Бағдарламалар оқушылардың білім деңгейіне сәйкес болуы керек. Балалар әдебиеті мен мазмұнына қатысты жақсы ұсыныстар айтылды. Бұл өте өзекті. Жазушылар одағымен тығыз жұмыс істеуіміз керек деп ойлаймын», - деді Аида Балаева.

Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы балалар әндерін жазуға арналған байқаудың ережесін әзірлеуді ұсынды.

«Балалар әндеріне арналған байқауды уақыт созбай өткізу қажет. Осы жылдың соңына дейін ұйымдастырсақ. Ұсыныстарды әзірлегеннен кейін БАҚ-қа жариялай аламыз. Байқауға жасы мен тәжірибесіне қарамастан барлық композитор қатыса алатындай ету керек. Барлық ұсыныс өзекті. Біз ұсыныстарды іске асыру жолдарын талқылап, комиссия отырысының хаттамасына енгіземіз. Содан кейін уәкілетті органдарға тиісті тапсырма беріледі. Көптеген үкіметтік емес ұйымдар бұл жобалармен жұмыс істемейді. Біз жобаларды бірлесіп жүзеге асыру үшін оларға жүгіне аламыз. Соңғы нәтиже маңызды. Комиссия мүшелеріне белсенді қатысқаны, жақсы бастамалары мен ұсыныстары үшін алғыс айтқым келеді. Ең бастысы - біз жұмыс жоспарын бекіттік. Ұсыныстарды ескере отырып, жаһандық өзекті тақырыптарды талқылайтын боламыз. Келесі жылдың жоспары бойынша жұмысты бастау керек деп ойлаймын», - деп түйіндеді Аида Балаева.


Соңғы жаңалықтар