Елімізде аудандық маңызы бар 13 қалаға ауыл мәртебесі беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат –Қазақстанда 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-не ауыл мәртебесі берілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасы Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Елдің әкімшілік-аумақтық бірліктерінің санаттары, жекелеген елдімекендердің атап айтқанда аудандық маңызы бар қалалардың қазіргі мәртебесін толық көлемде көрсетпейді. Бүгінгі таңда 48 аудандық маңызы бар қаланың 13-і халық саны бойынша қала мәртебесіне сәйкес келмейді, себебі қолданыстағы әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңға сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға халқының саны 10 мың адамнан кем емес елдімекендер жатады», - деді Мәжіліс депутаты Әлия Сапарова Парламент Мәжілісінде «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне өңірлердің әкімшілік-аумақтық құрылысын жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын оқи отырып.

Депутаттың айтуынша, аудандық маңызы бар қалалардағы тұрғындар санының азаюына байланысты олардың мәртебесін өзгерту қажеттігі туындайды.

«Бұл ретте заңнамада аудандық мәртебесі қаланың мәртебесін ауылға өзгерту жөніндегі құқықтық тетік көзделмеген. Осыған байланысты депутаттар осы заңға аудандық маңызы бар қалаларды өзге елдімекендерге қайта құру жөніндегі құзыретті айқындауға бағытталған түзетулерді енгізді. Қала мәртебесінің ауылға өзгеруі – жергілікті тұрғындарға ауылды елдімекендердің тұрғындары үшін қарастырылған мемлекеттің қолдаудың барлық шараларын алуға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар