Елімізде апатты жағдайдағы су қоймалары қайта жөнделіп жатыр - Мағзұм Мырзағалиев

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанда апатты жағдайдағы 40-тан астам су қоймасы қайта жөнделіп жатыр. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінде республикалық меншікте ұзындығы жиырма 21,5 мың шақырымды құрайтын 3 298 суару желісі бар. Оның ішінде 11,9 мың шақырым желінің жағдайы қанағаттандырмайды. Осының салдарынан фермерлерге су жеткізуде шығын көп. Айта кету керек, ауыл шаруашылығында негізгі су тұтынушы суармалы егіншілік саласы болып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес біз суармалы жер көлемін 2030 жылға дейін 1,6 млн гектардан 3,0 млн гектарға дейін жеткізуіміз керек. Бұл мақсатта 2019-2020 жылдары 1734 шақырымды құрайтын канал жөнделіп, 111,5 мың гектар суармалы жер айналымға енгізілді. Бұл өз кезегінде қосымша 22,3 мың жұмыс орнын құруға және ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін жыл сайын 94,8 млрд теңгеге ұлғайтуға мүмкіндік беріп отыр», - деді М. Мырзағалиев.

Министрліктің мәліметінше, биыл 1050 шақырым суару желісін қайта құру жоспарланған.

«Биыл 15 маусымдағы жағдай бойынша оның 540 шақырымды орындалды. Бұл көлемі 78,0 мың гектар суармалы жерлерді айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Бұл жыл сайын 66 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге және 16 мың тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ су шығыны 40-тан 17 пайызға дейін төмендейді. 2025 жылға қарай суармалы жерлердің ауданы 2,2 млн гектарға дейін жетеді. Сонымен қатар 5 жыл ішінде шамамен 2,5 мың км канал қайта жаңартылып, 600 мың гектар жер айналымға енгізіледі. Бұл ауылда 120 мың жұмыс орнын құруға және жыл сайын 510 млрд теңге сомасына өнім өсіруге ықпал ететін болады», - дейді ол.

Одан бөлек, министр 41 апатты су қоймасының қайта қалпына келтіріліп жатқанын айтты. Атап айтқанда, 2017-2019 жылдары 10 нысан пайдалануға берілсе, өткен жылы 2 нысан дайын болған. Ал биыл 8 су қоймасын қайта қалпына келтіру жұмысын аяқтау жоспарлануда.

Қалған 21 нысан бойынша ведомство басшысы жөндеу жұмыстарының 2025 жылға дейін жүзеге асырылатынын жеткізді.


Соңғы жаңалықтар