Елімізде аграрлық ғылымды қаржыландыру тәртібін өзгерту ұсынылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басқарма төрағасы Төлеутай Рақымбеков Қазақстанда аграрлық ғылымды қаржыландыру тәртібін өзгертуді ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жалпы елімізде аграрлық ғылымды қаржыландыру тәртібін өзгерту керек. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, дайындық жұмыстарына 2 жылдай уақыт керек. Тарқата айтқанда, басты инженерлік жоспарды әзірлеуге 3 ай, оны ауыл шаруашылығы министрлігінде мақұлдауға 3 ай, қаржылық-экономикалық негіздемені әзірлеп, оған мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығында бекітуге тағы 12 ай уақыт кетеді. Оған қоса бюджеттік процедуралар мен республикалық бюджетті қабылдауға дейін тағы 9 ай керек», - деді Төлеутай Рақымбеков Парламент Мәжілісінде аграрлық ғылымды, білім және өндірісті интеграциялау мәселелері бойынша отырыста.

Оның айтуынша, басты инженерлік жоспар әзірленіп, республикалық бюджет бекітілгенше техника мен құрылғылардың бағасы қымбаттап кететінін жеткізді.

Ұлттық аграрлық ғылыми білім беру орталығының басшысы атап өткендей, кейінгі екі жылда аграрлық ғылымды қаржыландыру көлемі үш есе артып, әртүрлі қаражат көздерінен бұл бағытта 17,5 млрд теңге бөлінген. Осылайша, жалпы ішкі өнімнің ғылымға бөлінетін үлесі 0,12 пайыздан 0,35 пайызға артқан. АӨК-ті дамытудың мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2021 жылға қарай бұл үлес ЖІӨ-нің 0,5 пайызына теңесуі тиіс. Ал 2030 жылға қарай ЖІӨ-нің 1 пайызы ғылымға бөлінеді.


Соңғы жаңалықтар