Елімізде 93 мыңға жуық студент жатақханадан орын ала алмай жүр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 93 мыңға жуық студент жатақханадан орын ала алмай жүр. Бұл туралы бүгін «Nur Otan» партиясы жанындағы «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар айының соңынан бастап ақпан айының ортасына дейін жатақханаларды тексердік. Басты мақсатымыз жатақханалардағы жағдайды білу болды. Қазіргі уақытта республикада 645 жатақхана болса, соның 270-ін тексердік. Ал 375 жатақхана тексеріліп жатыр. Бірден айта кету керек, тексерілген барлық жатақхана жағдайы орташа немесе төмен», - деді ол.

Елнұр Бейсенбаевтың дерегінше, аталған шараға басқа жатақханаларда тұратын 2 мыңнан астам студент, сонымен қатар «Jas Otan» жастар қанатының белсенділері қатысты.

«Еліміздегі 645 жатақханада қазіргі уақытта 169 мың студент, оның ішінде 90 мыңы жоғары оқу орындарының, ал 79 мыңы колледждердің жатақханасында тұрады. Бүгінде еліміздегі 259 мың студентке жатақханада орын керек. Соның 67 пайызы орынмен қамтамасыз етілсе, 33 пайызына жатақхана жетіспейді. Бірақ, бұл сан алдамшы да болуы мүмкін. Өйткені, кейбір студенттер жатақханада орын алуға өтініш бермейді. Қазіргі уақытта 92 770 студентке жатақханаларда орын жоқ. Бұл біздің ойымызша, тез арада шешімі табылуы қажет мәселелердің бірі. Жатақханалардан орын ала алмаған студенттердің 64 мыңы жоғары оқу орындарында, 28 мыңы колледждерде оқиды», - деді «Jas Otan» жастар қанатының жетекшісі.

Оның дерегінше, Алматының ЖОО-лары мен колледждерінде 36 мыңнан астам, Нұр-Сұлтан қаласында 17 мың, Шымкентте 7,5 мың, Түркістан облысында 5 мыңнан астам жатақхана орны жетіспейді.


Соңғы жаңалықтар