Елімізде 54 ауылда ауыз су іздестіру және барлау жұмыстары жүргізілмеген

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елімізде 54 ауылда ауыз су іздестіру және барлау жұмыстары жүргізілмеген. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Мемлекеттің ел азаматтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі саясаты жақсы нәтижелер беріп отыр. Сондай-ақ, шешімін таппаған бірқатар проблемалық мәселелер де бар. Бүгінге дейін орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау құрылысы жоспарланған 54 ауылда іздестіру және барлау жұмыстары жүргізілмеген. Атап айтқанда, Түркістан облысында - 30, Алматы облысында - 7, Батыс Қазақстан өңірінде - 5 және Жамбыл облысы бойынша 5 ауылда атқарылмаған. Халықтың көші-қонына байланысты 50 ауылдық елді мекенде су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет», - деді министр.

Оның дерегінше, Алматы облысының Кеңдала ауылында халық пайдаланып жүрген су құбыры желісі 1969 жылы салынған, ауыл халқын ауызсумен толық қамтамасыз ету үшін оны реконструкциялау қажет. Соңғы бес жылда аталған ауылда халық саны 5,8 мыңнан 9,5 мың адамға дейін өсті.

«Мұндай ауылдарда су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен шамамен 40 млрд теңге қаражат қажет. Осыған байланысты аталған ауылдық елді мекендердің тұрғындарын сумен 100 пайыз қамту үшін әкімдіктер су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеу керек», - деді Қайырбек Өскенбаев.


Соңғы жаңалықтар