Елімізде 4 мыңнан астам лифті жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Сенатор Рысқали Әбдікеров Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында лифтілердің нашар жағдайына және оларға қызмет көрсету деңгейіне қатысты проблемаларды атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Депутат 2012 жылы лифт саласын лицензиялау алынып тасталғанын айтты. Нәтижесінде, жауапкершілігі төмен компаниялар пайда болды, апатты жағдайлардың салдарынан адамдар жарақат алып, кейбірі тіпті мерт болды.

«Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Қазақстан Лифтшілері ұлттық қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек, 2018-2022 жылдар аралығында елімізде лифт ақауынан 13 төтенше жағдай тіркеліп, оның 8-і қайғылы оқиғамен аяқталған. Қазіргі кезде еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлерде шамамен 30 мыңнан астам лифт болса, соның 4 мыңнан астамы жөндеуді немесе ауыстыруды қажет етеді. Әсіресе, Павлодар, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарындағы тұрғын үйлердің лифтілері әбден тозған. Сондықтан бұл мәселе жұртшылықты қатты толғандырады», - деді сенатор палатаның жалпы отырысында.

Р.Әбдікеров сонымен қатар отандық лифт жасаушыларды қолдауды күшейтудің маңыздылығын атап өтті.

Ресми деректер бойынша, жыл сайын Қазақстанға 5 мыңнан астам лифт әкелінеді, ал отандық компаниялар бұл сұраныстың тек 21%-дан астамын ғана қанағаттандыра алады.

«Жергілікті әкімдіктер бұл саланы дамытуға қолдау көрсете алмай отырғанын да атап өткен жөн. Мемлекет басшысы 2020 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында: «Кәсіпкерлікке қолдау көрсеткенде орта бизнеске де ерекше назар аудару керек» деп атап көрсеткен болатын. Сондықтан, алдымен отандық өндірісті дамытуға басымдық бере отырып, соның ішінде лифтілерді монтаждау және оған қызмет көрсету жұмыстарының тиімділігіне қол жеткізу қажет. Қорыта келе, қазіргі кезде қабылданып жатқан шаралар лифт шаруашылығын жаңғырту бойынша тиісті нәтиже бермей отыр», - деді сенатор Рысқали Әбдікеров.

Сенатор осыған байланысты саланы қолдауды күшейтуді, апатты лифтілерді ауыстыруға несие бөлуді, ұлттық стандарт талаптарының сақталуын қатаңдатуды және оларға сәйкес келмеген жағдайда әкімдіктердің осындай лифт компанияларына айыппұл салуына рұқсат беруді, сондай-ақ күмәнді лифтілерді жеткізуді шектеу тетігін әзірлеуді ұсынды.

Бұдан бұрын хабарланғадай, Сенаттың жалпы отырысында депутат Дүйсенғазы Мусин «Қазсушар» компаниясының қызметін сынға алды.



Соңғы жаңалықтар