Елімізде 3,5 мыңнан астам қоқыс полигоны бар - министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев елдегі қоқыс полигондарының жай-күйін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жыл сайын елімізде 4,5-5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық жиналады. Қазіргі уақытта жалпы көлемі 120 млн тонна қалдық бар. Елімізде 3,5 мыңнан астам қоқыс полигоны болса, оның 17,7% ғана экологиялық және санитарлық талаптарға сай. Полигондардың басым бөлігі толып, қызмет көрсету мерзімінен өтіп кеткен», - деді министр Сенатта «Тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды жинау және өңдеу» тақырыбындағы Үкімет сағатында.

2019 жылдың 9 айында қатты тұрмыстық қалдықтарды жою мен қайта өңдеу үлесі 13,2% құраған.

Сонымен бірге, Ақмола (3%), Батыс Қазақстан (4%), Шығыс Қазақстан (5%) облыстары қоқыс өңдеуде артта қалып отыр. Тиісінше, бұл тұрғыда Алматы облысы (18%) мен Шымкент (22%) көш бастап тұр.

«Қоқыс мәселесін ұдайы бақылауда ұстау үшін министрлік «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық компаниясымен бірлесіп, қоқыс тасталатын жерлерге ғарыштан зондтау жүргізеді. 2018 жылдан бері Ғарыштық бақылау геопорталы жұмыс істейді. Спутник суреттері арқылы 2019 жылы заңсыз қоқыс жиналған 9 628 нысан анықталды. Әзірге оның 1 303 нысаны (14%) жойылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда», - деді Мағзұм Мырзағалиев.

Соңғы жаңалықтар