Еліміз ары қарай даму үшін саясат бірінші тұруы керек - Ерлан Саиров

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Еліміз ары қарай даму үшін саясат бірінші тұруы керек. Бұл туралы «Қазмедиа» орталығында өтіп жатқан «Референдум» онлайн-марафонында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Марафон кезінде «алдымен экономика немесе саясат» деген тақырып талқыланды.

«Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері 30 жылдан асып барады. Осы уақыт ішінде біраз жетістіктермен қатар, кемшіліктер де болды. Міне, осы кемшіліктердің болуының себебі – біздің қоғамымызда ешқандай бақылау тетіктері болмады. Менің ойымша, біз ары қарай дамуды мақсат тұтсақ, саясат бірінші тұруы керек», - деді Е. Саиров.

Осы орайда депутат еліміз экономикалық тұрғыда қарқынды дамуы үшін міндетті түрде саяси жүйе аясында саяси ұлт деңгейіне шығу маңызды екенін атап өтті.

«Саяси ұлт дегеніміз – ол тоқтаусыз әрі үздіксіз саяси процестер», - деді Ерлан Саиров.

Өз кезегінде «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының басқарма төрағасы Қазыбек Майгелдинов те осы тақырыпқа қатысты пікір білдірді.

«Тарихқа көз жүгіртсек, Кеңес үкіметінің құлауының басты себептерінің бірі – жоспарлы экономика. Барлығы жоспармен жүргізілді. Жоспарды асыра сілтеу мен оны жазу болды. Салдарынан экономикалық базистің құлдырауына алып келді. Одан кейін тәуелсіздік алып, онда нарықтық экономикаға екпін қойылды. Сол кезде әуелі экономика деп айту керек болды», - деді сарапшы.

Оның айтуынша, қазіргі кезде аймақтарда тепе-теңдік бұзылып кетті. Өңірлердің экономикалық тепе-теңдігі мен әлеуеті әртүрлі болып қалыптасты.

«Соның салдарынан еліміздегі жергілікті өзін-өзі басқарудың тетіктерінің әлсіздігін көрсетті. Одан кейін Президент орталықсыздандыруға мән берді. Бұл не үшін керек? Әрбір аймақ өзінің жергілікті бизнесі мен экономикасын дамытуға қауқарлы болуы тиіс. Бұл тұрғыда жергілікті өзін-өзі басқару ұйымдарына көбірек өкілеттік беру керек болды. Қазіргі кезде Президент бастаған саяси реформалардың басты мақсаты осында. Әрбір әкім өзінің аумағына жауапты болуы керек. Саяси тұрғыдан алып қарасақ, азаматтардың саяси белсендігі артып келеді. Үкіметтік емес ұйымдар, қарапайым азаматтар тарапынан тиісті сұраныс болғандықтан, реформалар аясында тиісті жағдай жасауға екпін қойылды. Сондықтан әуелі саясат, содан кейін экономика деген бетбұрыс негізгі себептерге байланысты жасалып отыр деп ойлаймын», - деді Қазыбек Майгелдинов.

Сонымен қатар Мәжілісінің депутаты Айбек Паяев те саяси жүйе алғашқы орында тұруы керек екенін атап өтті.

«Саяси жүйе мемлекетте сапалы, жоғары деңгейде болса, экономикамыз өседі, халықтың жағдайы жақсарады», - деді А. Паяев.


Соңғы жаңалықтар