Елена Рыбакина Аустралия чемпионатындағы карантин туралы: Бәрі де қатаң

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Мельбурндағы толық оқшаулануға байланысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстан теннис федерациясынан алынған мәліметке қарағанда, Е.Рыбакина – қазіргі кезде карантинде жатқан ойыншылардың бірі.

«Әрине, бұлай болғаны өте өкінішті. Қонақүй бөлмесінде жалғызбын, терезе ашылмайды. Бірнеше тренажер жеткізіп берді. Күн сайын жағдайды жақсарту туралы ұйымдастырушылармен келіссөз жүргізілуде, бірақ бәрі қатаң. Араға бір күн салып, тест алады, әзірге бәрі қалыпты, сынама коронавирус жоқтығын көрсетуде. Алғаш оқшауланған кезде ауыр тиді, қазір үйреніп келеміз. Ел тұрғындарының қауіпсіздігі бірінші орында екендігін түсінеміз. Осының бәрінен өтіп, карантиннен кейін еркін жүріп-тұрамыз деп үміттенеміз»,- деді Елена Рыбакина.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Аустралия ашық чемпионатына келген 47 теннисшінің карантинде жатқанын жазған болатынбыз.

Олардың ішінде тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева да бар.

Аустралия ашық чемпионаты 8 ақпанда басталады. «Үлкен дулыға» турниріне Қазақстаннан Е.Рыбакина мен Ю.Путинцевадан басқа Зарина Дияс пен Ярослава Шведова, ерлерден Александр Бублик пен Михаил Кукушкин қатысады. Оған қоса А.Бублик Андрей Голубевпен бірге жұптық сында да өнер көрсетеді.



Соңғы жаңалықтар