Электрондық еңбек биржасында қандай мамандарға сұраныс жоғары

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ (ЕРДО) деректері бойынша соңғы айда Электрондық еңбек биржасында (ЭЕБ) белсенділік күрт өсті. Сәуір айында ЭЕБ-дағы бос орындар саны 26,5 мыңға өсіп, 89 мыңға дейін, ал түйіндемелер саны 18,1 мыңға артып, 69,3 мыңға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сәуір айында ЭЕБ-дағы бос орындар саны 42%-ға, ал түйіндемелер саны 35%-ға өсті. Бос жұмыс орындарының көпшілігін өзге де қызметтер мен ауыл шаруашылығы секторларының кәсіпорындары орналастырған.

Еңбек және хылықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, сәуір айында ЭЕБ-дағы жұмыс бойынша ұсыныстардың жалпы санының өсу себептерінің бірі маусымдық жұмыстардың басталуы және кәсіпорындар қызметінің кеңеюі болып отыр. Негізінен жоғары білікті мамандар (+4,3 мың), қызмет көрсету және сату саласының қызметкерлері (+3,5 мың), жабдық операторлары, жинаушылар мен жүргізушілер (+2,8 мың) үшін бос орындар ұлғайып, барлық кәсіп топтарының есебінен өсім орын алды. Сондай-ақ, кадрлардың қарқынды ауысуына байланысты білікті емес жұмысшыларға сұраныс әрдайым жоғары болып тұр, олар бойынша бос орындар саны 9,6 мыңға артты.

«Сонымен қатар, сәуір айында «фермерлер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері» санатында жаңа бос орындардың ең жоғары өсімі байқалды. Мәселен, бір ай ішінде осы санат бойынша бос орындар саны 2,4 есеге 1,6 мыңға дейін өсті, бұл көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу аясында заңды көрсеткіш. Бір қызығы, осы санатқа жататын жұмыс іздеушілер арасындағы түйіндемелер саны да 2,1 есеге артқан», – деді ЕРДО Стратегия және жобалық басқару департаментінің талдау басқармасының басшысы Ұлпан Шегенова.

Жеке кәсіптерге келетін болсақ, күзетші (+1,4 мың), автомобиль жүргізушісі (+0,9 мың), жалпы практика дәрігері (+6 мың), бухгалтер (+0,4 мың) және дүкен сатушысы (+0,4 мың) сияқты мамандықтар бойынша бос жұмыс орындары санының біршама өсуі байқалды. Біліктілігі жоқ еңбекті көздейтін мамандықтар арасында қосалқы жұмысшылар мен түрлі жұмыстарды атқаратын жұмыскерлер, соның ішінде фермерлік шаруашылық үшін бос жұмыс орындарының ең көп өсуі байқалды.

Сәуір айында түйіндемелер санының негізгі өсуі бос жұмыс орындары сияқты жұмыс топтары бойынша кандидаттар арасында тіркелді: жоғары санатты мамандар (+2,8 мың), фермерлер мен ауыл шаруашылығы қызметкерлері (+2,1 мың), қызмет көрсету және сату саласының қызметкерлері (+1,9 мың) және біліктілігі жоқ жұмысшылар (+8,4 мың).

«Өңірлік талдау көрсеткендей, жұмыс туралы ұсыныстардың ең көп саны Қостанай облысында – елдегі барлық бос орындар санының 13%-ын құрайды (11,6 мың). Өңірдегі бос орындардың көп бөлігін басқа қызмет түрлерін ұсыну, ауыл шаруашылығы және дәнді дақылдарды өсіру, денсаулық сақтау, жолдар мен автомобиль жолдарын салу саласындағы кәсіпорындар жариялады. Сондай-ақ, жеке жұмыспен қамту агенттіктері ЭЕБ-ны белсенді пайдаланады, облыстағы бос жұмыс орындарының 43% - ын жұмыспен қамту агенттіктері жариялаған. Мамандықтар бойынша Қостанай өңірінің кәсіпорындарына даяшылар мен күзетшілермен қатар жүргізушілер, тракторшылар, автослесарь, әртүрлі жұмысшылар, сондай-ақ дәнекерлеушілер жиі қажет болды», – деп атап өтті Ұлпан Шегенова.

ЭЕБ-дағы бос орындар саны бойынша көшбасшылар үштігіне Нұр-Сұлтан (10,1 мың) және Алматы (8,9 мың) мегаполистері кірді, мұнда бос орындар бәрінен бұрын өзге қызметтер мен мамандандырылмаған дүкендердегі бөлшек сауда секторларының кәсіпорындары енді.


Соңғы жаңалықтар