Электрондық еңбек биржасы жаңартылған форматта жұмыс істей бастады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылғы 1 наурыздан бастап Электрондық еңбек биржасы жаңартылған форматта жұмыс істей бастады: жұмыс берушіні немесе жұмыскерді іздеу критерийлері кеңейтілді, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қоныс аудару бойынша ақпарат қосылды, сондай-ақ бұрын қолжетімді сервистер жақсартылды.

Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жыл басынан бері 15 мыңнан астам адам ЭЕБ-дағы қолжетімді сервистерді пайдалана отырып, жұмыс іздеп жүрген адам мәртебесін алды, 13 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелді, 4 мыңнан астам адам мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындарына жұмысқа орналасты. Сондай-ақ, 1,4 мыңнан астам жұмыссыз проактивті түрде өтініш жолдап, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алды.

Кез келген ЭЕБ пайдаланушысы көрсетілген қызметтерді нақты уақытта порталдың басты бетінде көре алады.

Сондай-ақ, ЭЕБ жаңартылған нұсқасын іске қосқаннан кейін, пайдаланушыға жұмысқа орналасу аймағы, білім деңгейі, жұмыс кестесі және т. б. бойынша сипаттамалардың үлкен ауқымы бойынша бос жұмыс орындары мен түйіндемелерді табуға мүмкіндік беретін жаңа кеңейтілген іздеу мүмкіндігі пайда болды.

ЭЕБ-да кәсіптердің жаңартылған анықтамалығы мен дағдылар банкі енгізілді. Енді жұмыс беруші қызметкерлерді тек талап етілетін мамандық бойынша ғана емес, сонымен қатар кандидаттардың қажетті кәсіби дағдыларының болуы бойынша да таңдай алады.

Порталда халыққа мемлекеттік қызметтерді көрсету бойынша онлайн-сервис қолжетімді: ЭЕБ арқылы жұмыссыз ретінде, жұмыс іздеп жүрген адам ретінде тіркелуге, жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемге өтінім жіберуге және мемлекет субсидиялайтын бос жұмыс орындарын – жастар практикасын, әлеуметтік жұмыс орындарын, қоғамдық жұмыс орындарын таңдауға болады.

Электрондық еңбек биржасында алғаш рет Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысушыларды ерікті түрде көшіру бойынша ақпарат беру сервисі жұмыс істей бастады.

Пайдаланушылар қоныс аудару өңірлерімен, мемлекеттік қолдау шараларымен, таңдалған елді мекендерде тұру жағдайларымен және онда бар өзекті бос жұмыс орындарымен таныса алады.

Жыл бойы ЭЕБ-да жаңа сервистер мен қосымша мүмкіндіктерді енгізу жоспарлануда.


Соңғы жаңалықтар