Электронды аукционның артықшылығы неде –депутаттық сауалға жауап

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Энергетика министрлігі электронды аукциондарды өткізуге қатысты Сенат депутаттары жолдаған сауал-хатқа жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ведомствоның жауабына сәйкес Энергетика министрлігінің саясаты аукционға қатысушылар үшін ақпаратты барынша қолжетімді әрі ашық етуге бағытталған.

«Біріншіден, 1 қыркүйектен бастап көмірсутек кен орындарының аумағын пайдалану құқығын электронды түрде (онлайн) беруге қатысты электронды аукциондар жүйесі іске қосылды. Коронавирустың тарау қаупі мен шараларды өткізуге шектеу жағдайында – бұл жаңашылдықтың маңызы зор. Екіншіден мемлекет белгілеген кен орындарының 82 учаскесінің бәрі де электронды аукцион порталына – Қазақстанның интерактивті картасына (traderesources.gosreestr.kz) орналастырылған», - деп хабарлайды ведомстводан.

Министрліктің баспасөз қызметі қазір ол карта кез келген қолданушы, аукционға қатысушы үшін қолжетімді әрі ашық екенін хабарлайды.

«Әр учаскенің статусы көрініп тұр. Мәселен оның аукционға қойылғаны немесе қойылмағаны белгіленген. Сауда жүйесінің кез келген қолданушысы бұл ақпаратпен таныса алады», - деп түсіндіреді ведомстводан.

Энергетика министрлігі сонымен қатар аукциондардың электронды жүйесі туралы ақпарат Қазақстанның танымал бүкіл БАҚ-тарында, Ресейдің, Украина, Әзербайжанның ақпараттық ресурстарында жарияланғанын хабарлайды. Сол себепті нарықтың кәсіби қатысушылары бұдан бұрыннан хабардар. Сонымен қатар сауда алаңының өзінде жүйеде қалай жұмыс істеу керектігі, өтінімді толтыру тәртібі видеонұсқау ретінде жарияланған.

Үшіншіден учаске жүйеге қатысушылардың бірі электронды өтінім қалдырғаннан кейін аукционға қойылады. Яғни мұнда айқындаушы фактор – Энергетика министрлігінің ұстанымы емес, аукционға қатысушылардың белсенділігі болып отыр. Министрлік конкурстық ұсыныстардың жасанды дефицитін құруға мүдделі емес.

Бүгінге дейін сауда жүйесіне 16 учаске бойынша аукцион өткізуге өтінім келіп түскен. Қазір оны өткізудің барлық қажетті шарасы, механизмі қолға алынып, нақты мерзімдер пысықталуда.

«Карантин мен әуе қатынастары шектеліп тұрған уақытта шетелдік инвесторлар үшін де мұндай электронды аукционға қатысу ыңғайлы болып тұр. Заңнама мен қалыптасқан тәжірибеге сәйкес Қазақстан Республикасының резиденттері саналмайтындар да сенімді тұлғалар арқылы электронды цифрлы қолтаңба алып, сол арқылы онлайн аукционға қатыса алады. Яғни шетел азаматтары осы үшін Қазақстанға ұшып келіп, мейрамханаға орналасып, аукцион залдарына келіп әуреленбейді. Осылайша цифрлы сауда алаңы инвестиция тарту мүмкіндіктерінің шеңберін кеңейтуде», - деп хабарлайды баспасөз қызметінен.

Министрлік аукционға қатысу жарнасын онлайн төлеуге болатынын, ал одан түскен қаражат елдің бюджетіне түсетінін ескертеді.

Электронды аукциондардың операторы – «ИУЦ» АҚ толығымен мемлекеттік ұйым. Ол Үкіметтің 2011 жылдың 1 наурызындағы қаулысымен мемлекеттік мүлікті тіркеу саласындағы бірыңғай оператор саналады.

Айта кетсек бұдан бұрын Сенат депутаттары Үкімет басшысына депутаттық сауал жолдап, электронды аукциондарды өткізуде қоғам өкілдерін тартып, бұл саланы ерекше назарға алу керектігін жеткізген еді.


Соңғы жаңалықтар