Электр тамақ планетаны құтқара ала ма - Әлемдік баспасөзге шолу

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат -  «ҚазАқпарат» ХАА әдеттегідей оқырмандар назарына әлемдік ақпарат көздеріне шолу ұсынады.

Виртуалды шындық білім беру саласында революция жасай ала ма? - CNN

Өзіңізді атқылап жатқан жанартаудың жанында тұрғандай сезініп немесе ежелгі Рим қалаларында саяхаттап жүргеніңізді көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Ал CNN басылымының жазуынша, бұл көріністерді елестетуге де қажеттілік болмай барады. 

«Бүгінгі таңда адамның алатын әсерін сезінуге мүмкіндік беретін виртуалды шындық технологиялары кеңінен тарай бастады. Ал бұл технологияларды білім беру саласына енгізсе, оқушылардың қызығушылығы артып, шабыттана түсетіні анық», - деп жазады мақала авторы.null 

Мақалада Nearpod компаниясының атқарушы директоры Гвидо Ковальскис балалар виртуалды шындық (VR) технологияларын жақсы көретіндерін айтады.

«Осы күнге дейін АҚШ пен басқа да мемлекеттерде екі жылдың ішінде 6 миллион студент сабақ барысында VR технологиялармен жұмыс істеп көрген. Сонымен қатар бұл технологиялар оқушылардың қызығушылығын арттырып, сабаққа ынтасын оятқан. Нәтижесінде оқушылардың сабақ үлгерімінің де артқаны байқалған», деп жазады автор.

Стэнфорд университетінің коммуникация профессоры Джереми Байленсон 1990 жылдардың соңынан бастап VR технологияларды зерттеп келеді. Оның пайымынша, виртуалды шындық технологияларын күнделікті білім беру саласында қолдану көрсеткішін арттыра түсу керек.

«Копенгагендегі компаниялардың бірі студенттердің ғылыми зертханаларында VR технологияларды пайдалануға мүмкіндік бермек. Негізінен, мұндай технология әлем бойынша 150 университетте қолданылады. Ал соңғы 30 жылда VR бағасы да арзандады. Сонымен қатар сарапшылар балалардың сабақ оқуына VR технологиялардың қандай әсері барын зерттеп келеді. Мысалы, Стэнфорд университеті VR технологиялардың кішкентай балаларға психологиялық әсерін зерттеген. Нәтижесінде кішкентай балалардың кейбірі мұндай технологиямен киттерді көрген естелікті шын өмірінде болды деп ойлаған. Сарапшылар бұл да қиындық туғызуы мүмкін деп отыр. Ал Байленсон бұл проблеманы шешу үшін бақылау мен уақыт маңызды екенін айтты», деп жазады автор.null 

Ауыз судың суицидке қандай қатысы бар? - VOX

Vox.com сайтында біз күнделікті тұтынатын ауыз су суицидтің алдын алуға көмектесе алатыны туралы мақала жарияланды. Зерттеушілердің айтуынша, ауыз судың құрамындағы литий адам өмірін құтқара алады.

«Литий өте қуатты психиатриялық препарат саналады. Әсіресе ол биполярлы ауытқу кезінде пайдалы саналады. Сонымен қатар литий жер қабатында бар табиғи элемент саналады. Әсіресе ол су қоймаларында көптеп кездеседі. Яғни, біз күнделікті тұтынатын ауыз суда да белгілі бір мөлшерде литий болады», деп жазады басылым.null 

Ғалымдар бұл деректі тексеріп, литийдің көп болуы адамға қалай әсер етуі мүмкін екенін анықтап көріпті. Бұл ретте мамандар «Литийдің көп болуы депрессия мен өз өзін өлтіру жағдайларына әсер ете ала ма?» деген сұраққа жауап іздеген. Бір қызығы, осы төңіректе жүргізілген бес зерттеудің төртеуінде мамандар әлгі сұраққа қатысты оң жауап алған. Сондай-ақ литий деңгейі көп өңірлерде суицид көрсеткіші төмен болғаны байқалған.

Психиатрия профессоры Нассир Гаэми де литий мөлшері көп аудандарда басқаларына қарағанда суицид көрсеткіші 50-60% аз болатынын анықтаған.

«АҚШ-тың солтүстік-шығысында литий көрсеткіші жоғары. Ал статистикаға сенсек, дәл осы өңірде суицид аз болады екен. Литий көрсеткіші төмен батыс өңірлерде керісінше адамдар арасында өз өзіне қол жұмсау жағдайы жиірек болып тұрады», деп жазады басылым.

Дегенмен, зерттеу нәтижелері жарияланған соң бұл пікірге қарсы шыққан мамандар да табылыпты. Ал кейбірі үкімет литийге қатысты зерттеулерге араласуы керектігін айтып жатқан көрінеді.

Лоторея ұтысынан байып кету мүмкін бе? - ВВС

Жақында АҚШ-та біреу лотореядан1,537 миллиард доллар ұтып алыпты. Осыған байланысты ВВС басылымы осы төңіректегі зерттеулерге шолу жасап, ұтыстар туралы мақала жариялады.

«Бұл жағдайда лоторея ұтысына 303 миллионға-бір ғана мүмкіндік бар. Салыстырмалы түрде айтсақ, сіздің найзағай астына түсу мүмкіндігіңіз бұдан 400 есе көп. Тіпті, АҚШ-тың барлық ересек тұрғындары бір билеттен сатып алған күннің өзінде ұтыс мүмкіндігі  7% болар еді. Дегенмен, соңында ұтыс иесі анықталса, жеңімпазға не болар екен?», деп жазады автор. null 

«Көпшілігіміз лотореядан ұтысқа ие болу - өмірімізді өзгертеді деп ойлаймыз. Дегенмен, олай болмай шықты. Экономистер Гвидо Имбенс пен Брюс Сакердот және статистик Дональд Рубидің анықтауынша, лотореядан ақша ұтып алған адам қаржысын оңды солды шашады екен. Олар он жылдан соң лотореямен ұтыс алған адамның әр доллардан тек 16 центті ғана сақтап қалатынын анықтады», деп жазылған мақалада.

Автордың пайымынша, мұра немесе қаржылай сыйлық алған 20-30 жас аралығындағылар нашар инвестиция мен шығындардан қаржысының тең жартысынан айырылады екен. Ал лотореялық ұтыс қаржылық проблемаларды шешуге көмектеспей, керісінше ақыр аяғында жеңімпаз банкротқа ұшырайды. Статистика көрсеткендей, лотореядан ұтқан адамдардың үштен бірі банкрот болған.

«Жүздеген миллион долларды қалай жылдам бітіріп тастауға болады? Ұтыс ойынын жиі ойнайтындар туралы демографиялық зерттеу нәтижелеріне сенсек, лотореядан алған ұтысқа көбіне 30-39 жас аралығындағы адамдар ие болады екен. Ұтыс алғандар ақшасына үй немесе картина, жақсы көлік сатып алып, инвестициялағанның орнына қаржысын уақыт өткізуге жұмсайды», деп жазады автор.

Электр тамақ. Жаңа ғылыми-фантастикалық диета планетаны құтқара алады - The Guardian

Өсімдік пен жануарлардан алынбаған, өзі өсетін тамақ ғылыми фантастикаға көбірек ұқсайды. Бірақ бұл қоршаған ортаның бұзылуын тоқтатып, планетаны құтқаруға септігін тигізуі мүмкін. Бұл туралы The Guardian басылымының шолушысы жазады.

«Осы аптада 1970 жылдан бері қарай тұмса табиғаттағы омыртқалы жануарлардың  60%-ның биологиялық жойылу қаупі артқаны туралы ақпарат шықты. Бұған әсіресе тамақ өнеркәсібінің әсері зор екені де айтылды. Ауыл шаруашылығы мен балық аулау жердегі және теңіздегі экожүйеге кері әсерін тигізіп жатқан негізгі шаруашылыққа айналып отыр», деп жазады колумнист.null 

Оның айтуынша, бұл экологиялық проблеманы шешу үшін ауыл шаруашылығы мен балық шаруашылығының деңгейін азайту керек. Бұл өз кезегінде белгілі бір «диетаны» қажет етеді. Сонымен қатар климаттың бұзылуын тоқтату үшін де белгілі бір шараларды қолға алу керек. Жақында ғалымдар жаһандық температура 1,5 ° С артса, жағдайдың нашарлайтынын айтқан еді.

«Климаттың өзгеруіне қарсы тұру үшін ормандарды көбейту керек. Белгілі бір диета да қажет етіледі. Дегенмен, біз өсімдік негізіндегі диета, ауыл шаруашылығы секілді шеңберден шыға аламыз ба? Ауадан тамақ жасау мүмкін бе? Ал электр тогынан тамақ өндіру ше?» деп жазады автор.

Расында бұл бір ғылыми фантастикалық дүниеге ұқсайды. Дегенмен, оның ауылы да алыс емес секілді.

«Былтыр фин зерттеушілері тамақ өндірісінде жануарлар мен өсімдіктердің орнына су бактерияларын, электр тогын, көмірқышқыл газын, минералдарды қолданатын  жобаны қолға алды. Олар өндіретін тамақ құрамының 50-60%-ы ақуыз, қалғаны май мен көмірсудан тұрады.  Тіпті олар 2021 жылы зауыт ашуды да жоспарлап отыр», деп жазылған мақалада. 

Ғалымдар су электролизі үшін күн батареяларынан тарайтын электр қуатын қолданады. Сол арқылы бактерияларды қоректендіретін сутегін алады да, оны қайтадан суға айналдырды. Бұл әдіс тамақ өндірісі үшін ешқандай шикізатты қажет етпейді екен.

«Бұндай ойлар адамдарды шошытатыны да рас. Дегенмен, біздің миф пен иллюзияларымыз фермерлер жануарларды өлтірсе де, оған оң көзқарас танытуды арттырды. Ал оның жанында электрлік тамақ өндірісі дегеніңіз жер шарын құтқара алады деуге болады. Себебі фин зерттеушілерінің жобасында тамақ өнімдерін жасау үшін негізінен ауа, су, электр қуаты қолданылады», дейді автор.null 

Роботтар үйге үйрене алмайды - The New York Times

iRobot 16 жыл бұрын Roomba атты шаңсорғыш роботты таныстырған еді. Содан бері АҚШ, Жапония, Оңтүстік Корея мен Еуропа компаниялары үйге арналған роботтар құрастыруды жалғастырып келеді. Дегенмен, The New York Times басылымындағы мақалада үйге арналған роботтар өндірісінде белгілі бір проблемалар бар екені айтылады.

«Осы күнге дейін гуманоид роботтар, тамақ пісіретін робот, үй жинайтын, киім жинайтын роботтар жасаудың сәтсіз жобалары болды. Тіпті, шаңсорғыш роботтың да соңғы үлгідегі сәтті категориясы жоқ. Дегенмен, роботистер мен жасанды интеллект мамандары адамдар атқаратын істердің ең қиын екеніне және ол істерді атқару машиналарға көп қиындық туғызатынына көз жеткізген сыңайлы», деп жазады автор.null 

Оның айтуынша, үй шаруасын атқаратын робот құрастыру үшін тағы бірнеше технологиялық сатыларды игеру керек.

«Әлі күнге дейін адамды адамға ұқсас робот алмастыра алмады», дейді Google компаниясының өзіне өзі қызмет көрсету бағдарламасының роботисі Себастьян Трон.

«Жапония мен Оңтүстік Корея үй жұмыстарын атқаратын роботтар жобасы бойынша АҚШ-тан алда келеді. Дегенмен, олардың нәтижелері де керемет емес. Бұрын Оңтүстік Корея президенті 2012 жылға қарай үйлердің көпшілігінде роботтар болатынын айтқан еді. Дегенмен, бұл олай болмай шықты», делінген мақалада.

1960 жылы алғашқы роботты құрастырған Стэнфорд университеті он жыл бұрын үй роботының прототипін жасаған.  PR1 стартапын Скотт Хасан қаржыландырған. Ал кейініректе Google мамандары PR2 үй роботын құрастырды. Стэнфорд университеті енді үй шаруасын толық атқара алатын робот құрастыруға тырысып жатыр.

«Беркли университетінің зерттеушілері де үй роботын құрастырып жатыр. Дегенмен, үй шаруасын атқару, баспалдақтан өту, үй жинау жұмыстары машинаға қиындық туғызады. Он жыл ішінде үй роботын құрастыру қиын екеніне анық көз жетті. Сонымен қатар бағаның төмендігі, шыдамдылықтың болмауы және үміттің жоғарылағаны мұндай өнім жасауды одан да қиындатып жіберді», дейді автор.

 

null 

Соңғы жаңалықтар