Елдің әр өңірінен тұрғындар Ерлан Тұрғымбаевпен жеке кездесуге келді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Nur Otan» партиясының елордадағы қоғамдық қабылдау бөлімінде ҚР Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өзінің мәселесін ҚР Ішкі істер министріне жеткізу үшін тұрғындар еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы келіпті. Әуелі Ерлан Тұрғымбаев өңірлермен онлайн-байланысқа шығып, азаматтардың шағымдары мен сауалдарын тыңдады. Халық тарапынан қойылған сұрақтардың жалпы сипаты туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Нұрділдә Ораз айтып берді.

«Бүгін «Nur Otan» партиясының алаңында министр қарапайым азаматтарды өзінің мәселелерімен қабылдап жатыр. Қазірдің өзінде 50-ге жуық азамат түрлі аймақтардан өздерінің сауалдарын тікелей қоюға жазылған. Бұған техникалық мүмкіндік бар. Сұрақтардың сипаты әркелкі. Мәселен, Павлолдар, Алматы облыстарынан қылмыстық істерді заңсыз қысқартуға байланысты сұрақ қойылды. Тергеушілердің әрекеттеріне көңілі толмайтын адамдар да хабарласып жатыр. Осы және өзге де мәселелер бойынша сұрақтар қойылуда. Дәл осы жерде ҚР Ішкі істер министрі осыдан бірнеше ай бұрын қарапайым тұрғындарды қабылдаған болатын. Ол кезде 40-қа жуық арыз қаралды. Оның 80 пайызы министрдің қатаң бақылауында болып, көптеген азаматтар сауалдарына шешім тапқан болатын. Бүгін қойылған сұрақтардың бәрі солай қарастырылады», - дейді Нұрділдә Ораз.

Министрлік өкілі қабылдауға жазылған адамдардың кейбірі Ішкі істер министрлігінің құзыретіне жатпайтын сауалдар қойып жатқанын да атады.

«Кейбір азаматтардың прокуратура, сот саласына қатысты сұрақтарды қойғанын көрдіңіздер. Оларды сипатына қарай сотқа немесе прокуратураға бағыттап жатырмыз. Ішкі істер министрлігі өзінің құзыреті бойынша жауап береді. Дегенмен, бүгін қойылған сұрақтардың барлығы қатаң тексеріліп, министрлік құрылымындағы жергілікті орган басшысының, тіпті болмаса министрлік басшылығының назарына алынып, шешімін табатын болады», - дейді ол.

Ресми өкіл ішкі істер саласына қатысты проблемасы бар адамдар «Nur Otan» партиясының қабылдау ұйымдастыруын күтпей-ақ, өз бетімен арыздануға болатынын айтады.

«Азаматтарды қабылдау процесі тек «Nur Otan» алаңында ғана жүргізілмейтінін айтқым келеді. Министрдің өзінің қабылдауы бар. Ол жылына 4-5 рет, сауалдар көп болған жағдайда одан да жиі өткізіледі. Министрлік басшысының бес бағыт бойынша орынбасарлары, комитет және департамент басшылары бар. Олар дәл осындай қабылдаулар өткізеді. Әр өңірдегі полиция департаментінің басшылары да жергілікті халықты жеке мәселелері бойынша қабылдайды. Әрбір қабылдау процесі министрлік сайтында көрсетілген. Кез келген қандай да бір сұрағы болса, ол тергеуге қатысты ма, болмаса криминалдық сала бойынша ма, болмаса қылмыстық атқару жүйесіне шағымы болса, өзі қудалауға ұшыраса, қызметкерлердің жұмысына көңілі толмаса ішкі істер министрлігінің сайтында көрсетілген кесте бойынша қабылдауға жазылып, өз мәселелерін шеше алады», - деп толықтырды ол.

Соңғы жаңалықтар