Елдігіміз де ерлігіміз де қазіргідей сын сағатта танылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – ЕлбасыНұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына бүгін Үндеу арнады. Негізгі мәселе – елдегі төтенше жағдай, соның салдарына мән беру. Мақалада Елбасы коронавирус пандемиясы кесірінен бүкіл әлемде жаңа экономикалық дағдарыс туғанын атап өтеді.

Алып кәсіпорындардың жұмысы тоқтап, мұнайдың бағасы құлдыраған. Шекаралар жабылып, алыс-беріс тыйылды. Мұның бәрі бұрын-соңды болмаған аса ауқымды рецессияға әкеліп соқтырып, жұмыссыздықты көбейтіп отыр.

«Біздің Отанымыз Қазақстан – қазба байлықтарға, оның ішінде мұнайға бай ел. Мен «Бізде мұнай мен газ бар екен деп үнемі соған тәуелді болған дұрыс емес» деп талай мәрте айтқанмын. Сондықтан егемендік жылдары біз ел экономикасын әртараптандырумен болдық. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін «Қазақстан-2050» стратегиясын жасап, «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму» бағдарламасы аясында 1000-нан астам жаңа кәсіпорын аштық. Соның арқасында әлемдік бәсекеге қабілетті өнімдер шығарылып, елімізге жаңа технологиялар келді. Бұл еліміздің үшінші технологиялық жаңғыруына жол ашты. Ел аумағында бұрын-соңды болмаған теміржол, автокөлік жолдары салынды. Жүйелі жүргізілген реформалар нәтижесінде ауыл шаруашылығы да айтарлықтай дамып, Қазақстан өзін ет, сүт және тағы басқа да азық-түлік өнімдерімен емін-еркін қамтамасыз етіп қана қоймай, әлемдегі астық экспорттаушы алғашқы алты мемлекеттің қатарына қосылды. Болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сынағын еркін еңсеру үшін көп қаржы-қаражат салып, зор жауапкершілікпен атқарылған бұл реформалардың дұрыс болғанын өмірдің өзі дәлелдеді»,-деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Расында да елдік те ерлік сияқты сын сағатта танылады. Жердің де, елдің де иесі өзіміз болғандықтан Отанымыздың басына әр кезде, әр қилы тосыннан соғатын дауылдай қиын кезеңдер туып тұратыны белгілі. Осындайда елінің ұлы ретінде, елге жаның ашып, азаматтық намысты жанып, қазақтың ұлттық жалғыз мемлекетінің осындай сыналар сәтте қызмет ету парыз.

Қазір Қазақстан ғана емес, әлем үрей мен үміт ортасында. COVID-2019 дүниежүзін жаулап, халықаралық қатынас төмендеді. Қай ел пандемиядан қалай шығады деп бәрі бір-біріне сын көзбен қараған сәт. Осындайда бірлігіміз бен берекемізге еш сызат түспеуі керек. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен көзге көрінбес вируспен күресті біз бірқатар мемлекеттен бұрын бастадық. Қазақстан билігі қазақстандықтарға өз Отаны бар екенін, мемлекет әр азаматын қорғай алатынын көрсетті. Енді міне, іс пен сөздің арасалмағы өлшенетін кез келді. Осындайда ел бастаған шешендердің де, қалтасы қалың кәсіпкерлердің де халыққа қайырылатын кезі келгенін еске салған жөн. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев та айтты. Тұңғыш Президент : «Мен сөзімді алдымен аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне арнаймын: халықты ынтымаққа шақырып, жақсылыққа, ізгі амалдар жасауға, саламатты өмір салтын ұстануға үндеңіздер. «Ырыс алды – ынтымақ» екенін ұмытпаңыздар. Жастарды еңбекке, білім алуға, қатарының алды болуға тәрбиелеңіздер. Ұрпақ алдындағы жауапкершілік бізді осыған міндеттейді. Кәсіпкерлерге де арнайы айтарым бар: сіздер тәуелсіздіктің арқасында өз істеріңізді қалыптастырып, аяқтарыңызға нық тұрдыңыздар, мол дәулетке кенелдіңіздер. Енді «Мен еліме не беремін?» дейтін кездеріңіз де келді» деді.

Ал жалпы әлемдік ахуалға келсек, дүниені дүр сілкіндерген әрқилы оқиғалар керуен көшінің тізбегінен коронавирус індеті әлемдік экономикаға ерекше өзгеріс енгізуде. Бір жаңалық екінші жаңалықтан асып түсетін аласапыран, қауырт кезең туды. Халықаралық шикізат нарығындағы қазіргі ахуал дүниежүзінің көптеген еліне оңай соқпауда. Мұнай нарығындағы жағдайға келетін болсақ, онда дүние жүзінде тұтынылатын энергия көздерінің 30 пайыздан астамы осы ресурстың үлесіне тиесілі. Оның үстіне дүниежүзі экономикасының қарқынды дамуы мұнайға деген сұранысты тұрақты арттырып, әлем экономикасы жылына орта есеппен 4,5 млрд тонна (немесе тәулігіне 100 млн баррель) мұнай пайдаланатын жағдайға жеткені белгілі. Оның жартысына жуығын транспорт саласы тұтынады.

Дүниежүзі бойынша мұнайды ең көп тұтынатын елдердің көшін АҚШ бастап тұр. Бұл ел тәулігіне 20 млн баррельден астам көмірсутегін кәдеге жаратады. Осы орайда мұнай бағасы алғашында күрт төмендегенде америкалық автомобильстер де, АҚШ Президенті Д. Трамп та бөріктерін аспанға атқан. Американың әлемдегі мұнайды сатушы үш елдің бірі екенін ескеру қажет. Айналдырған екі-үш аптада америкалық қатпарлы (сланецтік) мұнай шығарушылар банкроттық жағдайларын хабарлай бастады. Яғни, мұнайдың мұншалықты арзандауы Қазақстанға ғана емес, Ресей мен АҚШ экономиксына да елеулі қиындықтар туғызады. Содан да болар, АҚШ Президенті Д. Трамп Вашигтон уақытымен таңғы бесте Саудия Королі Мохаммед бин Салманға нарықтағы мұнай бағасын көтеру шаралары туралы қоңырау шалған.

Осы орайда мұнай саласының білгір маманы, экономика ғылымдарының докторы, профессор Жақсыбек Әбдірахметұлы Күлекеевтен халықаралық шикізат нарығындағы қазіргі ахуал туралы сұраған едік.

- «Жалпы мұнайға деген сұраныс ешқашан тоқтамайды. Тас ғасыры жер бетіндегі тастар таусылған соң аяқталмағаны белгілі. Он алтыншы ғасыр көмірдің арқасында әлемдік индустрияны бастап берді. Төрт жүз жыл өтсе де адамзат баласы көмірді тұтынудан бас тартқан жоқ. Қазір де дүниежүзіндегі пайдаланылатын көмірсутегін жартысы көмірдің үлесінде. Мұнай мен газды тұтыну отыз процент шамасында. Мысалы пандемияға дейін үлкен көршіміз Қытай тәулігіне 15 млн баррельге жақын мұнай тұтынатын. Үндістан, Жапония сынды елдер тәулігіне 4-5 млн баррель пайдаланады. Жалпы, дүниежүзі экономикасы 1 пайызға өскен сайын соған сәйкес мұнайға сұраныс та 0,8 пайызға артады. Соңғы жылдары әлем экономикасы қарқынды өсуіне байланысты мұнайға сұраныс тәулігіне 1,5 млн баррельге жоғарылады. Бірақ өндіріс одан да жылдам – тәулігіне орта есеппен 2,2 млн баррельге қосымша өсіп отырды. Соның салдарынан нарықта артық мұнай күн сайын көбейе берді. Осы тұрғыда мұнай бағасы қай шамада тұрақтауы мүмкін деген сауал жаһандық экономистерді мазалайтын басты сауалға айналды. Менің ойымша бір баррель 40 доллар болса – оны жоғары баға деп есептеуге болады. Ал жалпы мұнайдың шекті бағасы 25 долларға тоқтаса онда мұнай өндірушілер үшін бұл рентабелді болмақ. Дәл қазір мына баға деп бір цифрды белгілеп болжам айту қиын, себебі әлі анықталмаған факторлар көп»

- Соның бірі қазіргі әлемді әуреге салған коронавирус пандемиясы емес пе?

- «Иә. Ол солай. COVID-2019 дүниежүзін жаулап, халықтың қатынасы күн өткен сайын төмендеп барады. Әлемдегі ең үлкен әуе компаниялар тасымал көлемін 95 пайызға қысқартуға мәжбүр болды. Шетелді айтпай-ақ, карантиннің салдарынан Қазақстандағы ірі қалалар арасындағы қатынасқа шектеу қойылғанын көріп отырмыз. Дәл мұндай пандемия дүниежүзінің кейінгі тарихында болып көрген жоқ. Оның қашан ауыздықталатынын болжау қиын. Бірақ пандемиядан туындаған экономикалық шындық, ол осындай дағдарыс кезінде мұнайдың шектен тыс арзандағаны оның бұрынғыдай стратегиялық маңызынан айрылғанын көрсетеді.

Әрине, мұндай жағдайда мұнайдан басқа да экономика саласын да дамыту мәселесі күн тәртібіне шығып отыр. Ел бюджетінің кіріс бөлігінің 40 пайыздан астамы мұнай саласынан түсетін табыстарға тікелей тәуелді екенін ескерсек, шикізаттың арзандағаны бюджет тапшылығын күшейтері дәлелдеуді қажет етпейді. Пандемиямен күрес қанша уақытқа созыларын ешкім де дәл көрсетіп айта алмайды. Ал, жер бетіндегі адамдарды азық-түлікпен қамтамасыз ету ешбір болжамсыз да ақиқат дүние. Сондықтан да басты назар аударатын жәйт осы сала. Еліміздің экономикасы үшін дәл қазір маңызды мәселенің бірі – көктемгі егіс науқанын ойдағыдай ұйымдастыру. Аймақтардағы карантиннің кесірінен егіс науқаны дұрыс ұйымдастырылмаса, ауыл шаруашылығындағы жағдай нашарлауы ықтимал. Сол себепті осы науқан Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың басты назарында болғаны дұрыс деп ойлаймын. Бізде өндірілетін азық-түлік өнімдері табиғи таза. Енді соның өнімділігін арттыруымыз керек. Бұл салаға қатысты есептеріміз бен ұсыныстарымыз жеткілікті. Дүниежүзілік бәсекелестікте өз орнымызды ойып алу үшін кез –келген табиғи апаттар мен қазіргідей індеттерге қарамастан белгіленген жоспарды орындауымыз міндет. Бұл әлемдік экономиканың ережесі».

Түйіндей келе айтатынымыз, әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық кезінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі мұқтаж азаматтардың бəріне көмек көрсетілуде. Бұл тұрғыда ел Үкіметі Президент қойған талаптарға сай, аз мерзімнің ішінде пандемияға қарсы қаржыландыру жұмыстарының екінші жоспарланған нұсқасын орындауды қолға алды. Ендеше бұл дағдарыс та өтер, коронавирус та кетер. Ең бастысы, осы кезеңнен жол тауып, жас мемлекетіміз сабақ алуы шарт.


Соңғы жаңалықтар