Елдегі вагон паркі СҚО-да жасалған ашық вагондармен 25 пайызға жаңартылмақ

None
None
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат – Солтүстік Қазақстан облысындағы «ЗИКСТО» зауыты алдағы екі жылда 2 мың платформа вагонды жасап шығарады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО-дағы «ЗИКСТО» АҚ алдағы екі жыл бойы «Қазақстан Темір Жолының» тапсырысын орындайды.

Бұл жайында бүгін өңір басшысы Құмар Ақсақалов халық алдындаға есептік кездесуінде айтты.

Онлайн форматта өткен кездесуде облыс әкімі атқарылған жұмысты саралай келе, алдағы атқарылар үлкен жобалар жайында айтты.

Соның бірі «ЗИКСТО» зауытына тиесілі.

«Қазіргі таңда елдегі вагон паркі орта есеппен 54% ескерген. Қазақстандық вагондарды жаңалауға біздің «ЗИКСТО» зауыты өз үлесін қосады. Кәсіпорын «Қазақстан темір жолынан» үлкен тапсырыс алды. Зауыт осылайша 2 жылға жұмыспен қамтылды. Қазақстанда қазір бар болғаны 8 мың платформа бар. Соның 2 мыңы біздің зауыттың өнімімен жаңартылмақ. Бұл республика экономикасын дамытуға айтарлықтай үлес», - дейді Құмар Ақсақалов.

Өңір басшысының айтуынша, СҚО – аграрлы аймақтан аграрлы-индустриалды аймаққа өтуі тиіс.

Осы мақсатта өңірде болашағы зор инвестициялық жобалар жүзеге асырылып жатыр. 2019 жылы Петропавлда «Qyzyljar» экономикалық аймағы құрылды.

Қазір мұнда үш инвестициялық жоба бойынша жұмыстар қолға алынды.

Отандық инвестор 300 жұмысшысы бар кәсіпорын ашып, жылына 13 мың трансформатор шығармақ. Өнімі экспортқа бағытталған.

«Келетін инвесторларға өңірде барынша ыңғайлы жағдайлар жасалған. Нәтижесінде немістің «Claas» концерні өз зауытын ашып жатыр. Әлемдік бренд көп жылғы келіссөздердің арқасында облыста комбайн құрастыратын болды. Осылайша жергілікті шаруалар жаңа комбайнды алуда қаражатын 50% үнемдейді», - дейді облыс әкімі.

Былтыр СҚО-да инвестициялар көлемі 20% өсіп, 281 млрд теңгеге жетті.

Оның 20 млрд теңгесі - шетелдік инвестиция. Биылғы меже – 338 млрд теңге.

Осы мақсатта бос тұрған ғимараттар жөнге келтіріліп, орнында жаңа кәсіпорындар ашылып жатыр.


Соңғы жаңалықтар