Елбасының «Шен үшін емес, ел үшін қызмет ет!» деген сөзі есімде қалды – офицер

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат – Елбасының «Шен үшін емес, ел үшін қызмет ет!» деген қанатты сөзі жүрегімде қалды.

Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының офицері, подполковник Салауат Қабдықұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өмір болған соң, түрлі көлденең оқиғалар болып жатады. Міне, осындай кезде Ұлттық ұлан жауынгерлері де әрқашан адамдарға көмек келуге дайын. Мұны олар іс жүзінде көрсетіп келеді. Солардың бірі – Салауат Қабдықұлов.

Бұдан алты жыл бұрын, 2014 жылы 14 мамыр күні Салауат Әлімжанұлы түскі үзіліс сәтінде Оралдағы Құрманғазы көшесімен келе жатып, көп қабатты үйлердің бірінің бесінші қабатындағы пәтердің терезесінен лаулап жанып жатқан өртті көреді. Сол үй тұрғындарынан жанып жатқан пәтерде қожайынның қалғанын білді. Өз өміріне қауіп төнгеніне қарамастан, пәтерге қойып кетіп, қарт адамды өрт ішінен алып шықты.

Осы ерлігі үшін ол «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Бұл марапатты 2015 жылы Отан қорғаушылар күніне орай Елбасы Н.Ә.Назарбаев басқа да әскери қызметшілермен бірге «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5546-әскери бөлімі әскери полиция бөлімшесінің бастығы, подполковник Салауат Қабдықұловқа табыс етті.

«Елбасы қолынан марапат алу – құрмет әрі сенім, сонымен қатар үлкен жауапкершілік жүктейді. Сол марапаттау кезінде Ұлт көшбасшысының «Шен үшін емес, ел үшін қызмет жаса» деген сөзі ерекше әсер етті», дейді бүгінде С.Қабдықұлов.


«Батыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің бастығы, подполковник Ерболат Сұлтановтың мәлім еткеніндей, Салауат Қабдықұлов 1977 жылы 1 қыркүйекте Орал қаласында зауыт жұмысшыларының отбасында дүниеге келген. Анасы Рауза Самиғоллақызы кеңес дәуірінде танымал болған «Металлист» зауытында бақылаушы, әкесі Әлімжан Ынтағалиұлы слесарь-құрастырушы болып еңбек еткен.

Орта мектептен кейін политехникалық техникумды тәмамдаған Салауат ҚР ІІМ академиясында жол қозғалысын ұйымдастыру инженері, кейін Қарағанды заң институтында заңгер-құқықтанушы мамандығын алады. Алдымен жол полициясы бөлімінде әкімшілік тәжірибе инспекторы, 2007-2009 жылдары БҚО ішкі істер басқармасы жол полициясы батальонында аға инспектор қызметін атқарды. Ал 2009 жылғы 3 қыркүйектен бастап 5546-әскери бөлімінің әскери полиция бөлімшесінде қызмет етіп келеді.


Соңғы жаңалықтар