Елбасының кеңесшісі Ресей мен Украина президенттерін Қазақстанда кездестіру бастамасына қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кеңесшісі Әділ Тұрсынов Ресей мен Украина президенттерін Қазақстанда кездестіру бойынша Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шынында да, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей Федерациясының Президенті В.Путин мен Украина Президенті В.Зеленскийді екіжақты кездестіру туралы бастамасы кең ауқымда халықаралық резонанс тудырды. Бұл ұсынысты Нұрсұлтан Назарбаев осы жылдың 12 қарашасында өткен «Астана клубының» V отырысында айтқан еді. Украинадағы дағдарыс туралы форум модераторының сұрағына жауап бере отырып, Тұңғыш Президент бауырлас Ресей мен Украина арасында болып жатқан оқиғаларға алаңдаушылығын білдірді. Президент өз сөзінде 2014 жылы жүргізген бастамалары жайлы – 2014 жылы Қазақстан, Франция, Германия, Ресей мен Украина көшбасшыларының талпынысы, осының арқасында В.Путин мен П.Порошенконың кездескені, Минск келісіміне жол ашылғаны туралы сөз етті. Оның үстіне Тұңғыш Президент «Астана клубының» абыройлы қатысушыларынан «Ресей мен Украина қарым-қатынасын жақсарту үшін күш салуды» сұрады», - дейді Әділ Тұрсынов.

Оның айтуынша, Нұрсұлтан Назарбаевтың Ресей-Украина саммитін өткізу идеясының тақырыбына қайта орала отырып, бірнеше маңызды тұстарға назар аударуға болады.

«Біріншіден, Елбасы өз сөзінде атап өткендей, ол бұл бастаманы Украина Президенті В.Зеленскиймен де, Ресей Президенті В.Путинмен де талқылаған. Яғни, келіссөздер келісілген жағдайда тараптар оған дайындалуы керектігі айқын шаруа. Біз кездесу үшін кездесу ұйымдастырудың болашағы жоқ деген пікірді қолдаймыз. Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаев жоғарыда аталған сұраққа жауап бере отырып, «Норманд форматы» аясында қатысушы тараптардың мәселені алға жылжыту ісін қолдады. Яғни, бұл төртжақты форматтағы кездесуді «тет-а-тет» келіссөздермен алмастыру немесе бірінші кездесуге дейін өткізу туралы әңгіме жоқ. Басқаша айтқанда, «Норманд форматы», Минск платформасы және тікелей Ресей-Украина келіссөздері бір-біріне ұқсамайды, жалпы процестің құрамдас бөлігі бола алады», - дейді ол.

Әділ Тұрсынов Астана клубындағы сөйлеген сөзінде Елбасы «егер осы келіссөздер үшін бейтарап алаң қажет болса, мен Қазақстанды ұсынамын» деп атап өткенін еске салды.

«Сонымен қатар, Тұңғыш Президент бірнеше рет Қазақстан тарапы үшін мұндай келіссөздерді қай астанада жүргізуге болатындығы - қағидатты ұстаным емес екенін айтқан болатын. Төртіншіден, көріп отырғанымыздай, Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ресей және Украина президенттерінің жеке кездесуі» туралы бастамасын көптеген әлемдік саясаткері мен сарапшысы қолдайды», - деді ол.

Елбасының кеңесшісі Ресей-Украина күн тәртібінде «Норман форматының» негізгі тақырыптарына кірмейтін, Мәскеу мен Киевтің тікелей диалогы арқылы шешілетін бірқатар маңызды мәселелердің барын да тілге тиек етті.

«Қорытындылай келе, Тұңғыш Президенттің жоғарыда аталған ұсынысы оның сәтті, ұзақ мерзімді және жан-жақты бітімгершілік саясатының жалпы бағыты деп түсіну керек. Бұл жолы Украина бағыты маңызды болып отыр. Халықаралық қауымдастық Елбасының ұстанымын біледі: яғни, дағдарысты бейбіт жолмен шешудің балама әдісі жоқ, тек диалог пен келіссөздер қақтығыстарды шеше алады», - деп түйді кеңесші.

Соңғы жаңалықтар