Елбасына берілген дипломатиялық сыйлықтар: Тұңғыш Президент Музейінде қандай заттар сақтаулы тұр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының музейінде түрлі экспозициялар сақтаулы, тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен даму кезеңдерін бейнелейтін бірегей экспонаттар ұсынылған. Мұнда Елбасының жеке заттары, мемлекет басшылары тарту еткен сыйлықтар мен тарихи раритеттер жинақталған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Музейде Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуының негізгі кезеңдерін айшықтайтын бірегей экспонаттар ұсынылған.

ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы кітапханасының музей құндылықтарын есепке алу және сақтау қызметінің басшысы Күләйша Ақтаева дипломатиялық сыйлықтардың – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатын бағалау және мойындау екенін атап өтті. Экспонат музейге жеткізілмей тұрып, мұқият зерттеледі. Ғимаратта Елбасының жеке қаламсабынан бастап, әр түрлі жазбалар, Тұңғыш Президент мінген үлкен көліктерге дейін сақталған. Атап айтқанда, мұнда 90-шы жылдардың соңында Н. Назарбаев мінген арнайы брондалған Mercedes-тер бар.


«Бұл экспонаттардың барлығы 15-20 жыл ішінде жиналған және тақырыптық бөлімдерге бөлінген. Алдағы уақытта да музейге қандай экспонат түсетінін, қашан түсетінін білмейміз. Біз осының бәріне зерттеу жүргіземіз. Келушілер музейде түпнұсқа материалдармен, мұрағаттық мәліметтермен танысады. Ал Нұрсұлтан Әбішұлына тарту етілген дипломатиялық сыйлықтар әрдайым архив қорына түсіп тұрады. Біздің залдарда дипломатиялық сыйлықтар өте көп. Бұл – тек сыпайылықтың белгісі ғана емес, басқа мемлекеттер мен үкіметтердің басшыларымен достық қарым-қатынастың, соның арқасында жүзеге асырылған сәтті байланыстардың тікелей дәлелі», - деді Күләйша Ақтаева.

Мысалы, музейде АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп сыйға тартқан гольф таяқшасы мен кітап бар. Ал гольф таяқшасы қаланың оң жағалау аталатын бөлігіндегі музейге тапсырылды.

«Музейдегі дипломатиялық сыйлықтар Нұрсұлтан Назарбаев пен қандай да бір елдің басшысы арасындағы маңызды зияткерлік және эмоционалдық байланыстың бір бөлігіне айналды. АҚШ президенті Дональд Трамп кездесулердің бірінде оған гольф жиынтығын берді және АҚШ-тағы гольф алаңдарының тарихын сипаттайтын әдемі кітап сыйлады. Яғни, Дональд Трамп өз әріптесінің артықшылықтарын жақсы зерттеп, арнайы сыйлық дайындады. Ал жеке заттардан Елбасының ұлықтауға киген костюмдері, қаламдары, спорттық киімдері мен керек-жарақтары бар», - дейді Қ. Ақтаева.

Музейдің хабарлауынша, кітапхана қорында сирек кездесетін, коллекциялық және ескі басылымдар да сақтаулы. Оның арасында Қазақстанның Тұңғыш Президентіне Миландағы Амброзиан кітапханасы сыйға тартқан Леонардо Да Винчидің эскиздері бар альбом, Елбасына қазақстандық ғарышкер Т.Мұсабаев берген ғарышта болған Құран кітабы, қасиетті Құран басылымдарының коллекциясы, Ресей императоры Александр II кітапханасында сақталған Ф. Шлоссердің «Дүниежүзі тарихы» еңбегі, 1838 жылғы энциклопедиялық лексикон және басқа да экспозициялар бар.

Мәселен, музейдің «Даңқ галереясында» Нұрсұлтан Назарбаевтың жетекшілігімен Қазақстанның табысты жаһандық саясатының куәліктері жинақталған. Бұл залда дипломатиялық сыйлықтар, суық қару топтамасы және 50-ден астам жоғары мемлекеттік және қоғамдық наградалардан тұратын ерекше құнды экспонаттар бар. Дәлірек айтқанда, үстел сағаттары, дулыға, кәдесыйлар, графиндер, камин сағаттары, тостағандар, сәндік құмыралар, кәдесый табақтары және ыдыс-аяқ жиынтығы бар.



Соңғы жаңалықтар