Елбасы және Президент Павлодар облысының дамуына ерекше мән береді – Асқар Мамин

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат – Елбасы және ҚР Президенті Павлодар облысының дамуына ерекше мән береді. Бұл туралы өңір мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысқан Премьер-Министр Асқар Мамин мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Мәслихат сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңір әкімі лауазымына ұсынған Әбілқайыр Сқақовтың кандидатурасы бірауыздан келісілді.

Премьер-Министр Павлодар облысының активіне жаңа әкімді таныстыра отырып, оның өңірлік және республикалық деңгейлердегі басшылық лауазымдардағы үлкен жұмыс тәжірибесін атап өтті.

«Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің индустриялық орталықтарының бірі – Павлодар облысының дамуына ерекше мән береді. Өңірдің өнеркәсіптік әлеуеті үлкен, мұнда тау-кен металлургиясы кешені, металлургия және машина жасау саласы дамыған», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша облыс әкімдігінің алдында тұрған міндеттерді атап өтті, олар: экономиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру, өмір сүру сапасын арттыру және халықтың табысын жақсарту.

«Әбілқайыр Бақтыбайұлының басшылық қызметтегі тәжірибесі мен білімі облыс активімен және мәслихат депутаттарымен бірге Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді сапалы шешуді қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенімдімін», — деді Асқар Мамин.

Кездесуде облыстың қоғамдық кеңесі төрағасының орынбасары Нұрлан Нәбиев пен қалалық қоғамдық кеңес төрағасы Александр Рюмкин сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы ұсынған Ә. Сқақовтың кандидатурасына қолдау білдіріп, Павлодар облысының жаңа әкіміне табысты әрі нәтижелі жұмыс атқаруды тіледі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Болат Жұмабекұлы Бақауов Павлодар облысының әкімі қызметінен босатылды. ҚР Президентінің тағы бір Жарлығымен бұл лауазымға Әбілқайыр Бақтыбайұлы Сқақов тағайындалды.

Еске салайық, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Б.Бақауовқа қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған болатын.

Кейін, Павлодардың мамандандырылған тергеу соты оны екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасын санкциялады.

«Болат Бақауовқа ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша күдік келтіріліп отыр. Аталмыш бап мал-мүлкін тәркілей отырып, 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айыруды, сондай-ақ қандай да бір лауазымды атқару құқығын өмір бойына шектеуді қарастырады.

Прокурор Рустам Сәдуақасов соттан айыпталушыны екі айға немесе 16 наурызға дейін қамауда ұстауды сұрады. Себебі экс-әкім бостандықта жазадан қашып, болмаса тергеу жұмыстарына кедергі келтіруі мүмкін.

Өз кезегінде Болат Бақауов өзіне тағылып отырған айыппен келіспейтінін айтты.





Соңғы жаңалықтар