Елбасы Ядролық сынақтарға толық тыйым салу туралы шарт ұйымының басшысын қабылдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының атқарушы хатшысы Роберт Флойдты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Елбасы Р.Флойдты Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымы Дайындық комиссиясының басшысы болып сайлануымен құттықтап, жауапты қызметіне табыс тіледі.

– 29 тамызда Семей полигонын жабу туралы Жарлыққа қол қойғаныма отыз жыл толады. Содан бері біз ядролық қаруға қарсы талмай күрес жүргізіп келеміз. Қазақстан ядролық сынақтардың ауыртпалығын басынан өткерген ел: мемлекетімізде бес жүзден астам жарылыс болып, көп адам зардап шекті. Біз полигонды жабумен қатар, көлемі жағынан дүние жүзіндегі төртінші ядролық арсеналдан бас тарттық. Мен биыл Ресей мен АҚШ арасындағы Стратегиялық шабуыл қаруларын қысқарту және шектеу жөніндегі келісімнің ұзартылғанына қуаныштымын. Осы жылы Ядролық қаруға тыйым салу шарты күшіне енді. Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қол қойып, ратификациялаған елдердің қатары артып келеді. Бұл жұмыс жалғасын табады деп үміттенемін, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның антиядролық бағыттағы күш-жігерін жоғары бағалағаны үшін ризашылығын білдірді.

– Біз ядролық қаруға қарсы күреске және ядролық сынақтарға тыйым салуға арналған барлық іс-шараға атсалысып келеміз. Осы жұмысты жоғары бағалағандарыңыз үшін алғысым зор. Біздің ұсынысымыз бойынша Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Р.Флойд ядролық қарусыздану, ядролық қаруды таратпау, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану ісіне зор үлес қосқан көрнекті тұлғамен кездесу мүмкіндігіне ие болғаны үшін алғысын білдірді.

– Сіз Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты жүзеге асыруға ерекше ықпал еттіңіз. Сіздің қосқан үлесіңіз зор, оның әсері де мол, – деді Р.Флойд.

Кездесуде тараптар халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласындағы қазіргі жағдай туралы пікір алысты.


Соңғы жаңалықтар