Елбасы ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысуда

None
None
МИНСК. ҚазАқпарат - ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Беларусь Республикасына ресми сапары аясында Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің мерейтойлық сессиясына қатысуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Беларусь Президенті Александр Лукашенконың төрағалығымен басталатын шараға Ресей Президенті Владимир Путин, Армения Президенті Серж Саргсян, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков қатысуда.

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шартқа қол қойылуының 25 жылдығы мен ұйымның құрылғанына 15 жыл толуы аясында өтетін мерейтойлық сессия барысында мемлекет басшылары өткен кезеңдегі ҰҚШҰ қызметінің қорытындысын шығармақ. Сонымен қатар алдағы уақытқа арналған жоспарларды белгілеп, әлемдегі және ҰҚШҰ жауапкершілігі аймағындағы ағымдағы мәселелерді талқылайтын болады.

Мұнан бөлек, Ұйымға мүше мемлекеттердің Президенттері Корея түбегіндегі, Ауғанстан мен Сириядағы жағдайларды қозғап, халықаралық және өңірлік қауіпсіздіктегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасады деп жоспарланған.

ҰҚШҰ ҰҚК сессиясының қорытындысында мерейтойлық декларация қабылданып, Сирия және оның төңірегіндегі жағдайларға қатысты бірқатар бірлескен мәлімдемелер жасалмақ.

Минск саммитінің қорытындысында ҰҚШҰ-ға төрағалық Қазақстанға өтеді деп күтілуде.

ҰҚШҰ ҰҚК-нің 2016-2017 жылдардағы сессияаралық кезеңінің төрағасы -  Беларусь Президенті Александр Лукашенко. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы шағын құрамда және жалпы отырыс форматында өтеді. Оған ҰҚШҰ бас хатшысы Юрий Хачатуров қатысады.

Қазіргі уақытта ҰҚШҰ құрамына 6 мемлекет кіреді. Олар: Қазақстан, Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан. ҰҚШҰ-ның басты міндеттері - мүше елдердің ұлттық және ұжымдық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың әскери-саяси өзар іс-қимылдарын және интеграциясын тереңдету, қауіпсіздіктің халықаралық және өңірлік проблемалары бойынша сыртқы саяси ұстанымдарын үйлестіру,  сын-қатерлерге қарсы іс-қимыл бойынша ынтымақтастықты дамыту, әскери-техникалық ынтымақтастықты жүзеге асыру.

Соңғы жаңалықтар