Елбасы Тәуелсіздік туралы конституциялық заң қабылдаудағы қиындықтарды бөлісті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Бұл жайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кейін зерттеушілер «егемендік шеруі» деп айдар таққан үдеріске 1989 жылы алдымен Балтық елдері кірісіп, Кавказ елдерінде жалғасты да, артынан бүкіл Кеңес Одағын қамтыды. 1990 жылдың аяғына дейін Одақ құрамындағы 15 республика түгелдей өз егемендігін жариялап үлгергенімен, Эстония, Литва және Латвия елдерінен басқа 12 республика әлі Одақ құрамында болатын. М.С.Горбачев қаншалықты жанталаса қимылдап, Одақты сақтап қалуға әрекет еткенімен, КСРО-ның одан әрі ыдырауын тоқтату мүмкін емес еді. Келесі 1991 жылдың 18-21 тамызында әйгілі «тамыз бүлігі» болды. Бұл Кеңес Одағы басшылығының дәрменсіздігін күллі әлемге танытты. Соның нәтижесінде 1991 жылдың тамыз-желтоқсан айларында қалған республикалар түгелдей өз тәуелсіздігін жария етті. Саясаттың қызуы көтеріліп, Горбачев пен Ельциннің текетіресі шегіне жетіп, бір кездері темірдей тәртіпке негізделген орталықтағы басшылықтан береке кеткен сол тұста Қазақстан тарапынан жіберілген жалғыз қателіктің өзі орны толмас трагедияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін еді. Біз ашуды ақылға, асығыстықты сабырға жеңдіріп, үнемі әліптің артын бағып, аңысын аңдумен болдық. Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихындағы тұңғыш Президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты», - деп жазады Елбасы.

Сайлаудан 2 күн өткенде – 3 желтоқсанда Алматыға М.Хофф бастаған Еуропа Парламентінің үлкен делегациясы келіп, Қазақстанның жаңадан сайланған Президенті ретінде Нұрсұлтан Назарбаевты ресми сапармен Брюссельге келуге шақырды.

«Бұл да - бізге үлкен демеу, халықаралық деңгейдегі қолдау болды. Біз тәуелсіздікті жариялауға дайындықтың соңғы, шешуші кезеңіне де келіп жеттік. 8 желтоқсанда Б.Н.Ельцин, Л.М.Кравчук және С.С.Шушкевичтің қатысуымен Белоруссияның Беловежьесінде өткен кездесуде Кеңес Одағының «халықаралық құқық пен геосаяси жағдай субъектісі» ретінде өмір сүруін тоқтатқаны туралы мәлімдеме жарияланды. Мен Ельцинмен, Кравчукпен, Шушкевичпен жүздесу үшін шұғыл түрде Мәскеуге ұштым, мұндай кездесу күні бұрын жоспарланған еді, бірақ шақырылған үшеуі де келмей қалып, кездесу болмай қалды. Бұдан кейін кеңес және шетелдік баспасөз өкілдерімен Мәскеуде өткізген баспасөз мәслихатында: «КСРО құрамына енген барлық республикалардың тәуелсіздігін мойындап, олардың тез арада Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуына көмектесу керек», – деген пікірімді ортаға салдым. Желтоқсанның 12-13 жұлдызында Ашхабадта Орталық Азия республикаларының басшыларымен бас қосып, жағдайды саралай келіп, біз Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына тең құқылы мүше болуға әзір екендігіміз жөнінде ортақ мәлімдеме жасадық», - деп еске алады Нұрсұлтан Әбішұлы.

ҚР Тұңғыш Президентінің атап өтуінше, ертеңінде көптен күткен күн туып, Жоғарғы Кеңестің 1991 жылғы 14 желтоқсанында өткен 12-шақырылған 7-сессиясының талқылауына «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң шығарылды.

«Еліміздің жетекші заңгерлерінің қатысуымен алдын ала сараланып, сараптамадан өткізіліп, қапысыз даярланған заң бірден-ақ мақұлдануға тиіс болатын. Оның үстіне өзге республикалар мұндай заңдарын әлдеқашан қабылдап қойған. Бірақ жағдай біз күткеннен басқашалау болып шықты. Жоғарғы Кеңес залында вице-президент Е.М.Асанбаев қатысып отырғанымен, мен талқылауды кабинетімдегі байланыс арқылы жіті бақылап отырдым. Әлі есімде, күн тәртібі жария етілісімен-ақ бір депутат: «Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан ресей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба осы?», – деп арандатушылық пиғылдағы сұрағын бастап кетті. Көп ұзамай тағы бір депутат оны қостай түсіп: «Біз тәуелсіз мемлекет жариялау мәселесін талқылаудамыз. Ертең таңертең 17 миллион халықтың тең жарымы – орыстілді қауым бөтен мемлекеттің азаматтары болып шыға келмек. Жолдастар, бұлай етуге болмайды ғой», – деді. Ал енді бір «халық қалаулысының»: «Тек қазақ қана Қазақ КСР-інің немесе Қазақстан Республикасының Президенті бола алатыны жөніндегі ұсынысты маған қатысты алғанда азаматтық теңқұқылыққа жасалған қиянат деуге бола ма, жоқ па?», – деген сұрағына орай депутат С.Сартаев оған қазақ елінің Президенті «мемлекеттік тілді және ұлтаралық келісім тілін қатар меңгерген адам» бола алатыны жөнінде заңда тайға таңба басқандай жазулы екенін ескертті. Мен әдейі, этика сақтап және ол уақыттың алыста қалғанына, заман-төреші бәрін әлдеқашан өз орнына келтіргеніне байланысты қазір олардың атын атап, түсін түстеуді жөн көрмедім. Әрине, олардың мұндай «батыл» сөйлеуінің ар жағында қолтығына су бүркетін сыртқы күштердің бар екенін де бірден аңғардым. Бірақ маған қателесуге де, ашуға бой алдыруға да болмайтын еді», - деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаевтың еске алуынша, сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары, ел ағалары, белгілі заңгер, ғылым қайраткерлері С.Зиманов, С.Сартаев, Ә.Кекілбаев, М.Қозыбаев, Ө.Жолдасбеков, тағы басқа депутаттардың орнықты, дәлелді жауаптарына қарамастан, заң жобасын екі күн бойы талқылаған депутаттар ортақ мәмілеге келе алмады.

«Талқылау әбден тығырыққа тірелген кезде 16 желтоқсан күні түстен кейін мен Жоғарғы Кеңеске келіп, депутаттарға мән-жайды өзім түсіндіріп, олардың бұл шешімін бүкіл Қазақстан халқы, күллі әлем жұрты күтіп отырғанын былайша жеткіздім: «Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйткені жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан халқының алдында біздің арымыз таза. Бұл – барлығы әр сөзіне үңіле отырып оқитын маңызды заң. Менің сайлауалды бағдарламам, біз шешкелі отырған барлық мәселелердің түйіні – осы. Басты мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі. Артық шүйлігудің, ешқандай мән-маңызы жоқ сөздерді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйінде басым көпшілік дауыс арқылы қабылдау керек деп санаймын. Баршаңыздан осыған бейілділік білдірулеріңізді сұраймын». Осы сөзден кейін қарсы сөйлеген депутаттардың біразы сабасына түсіп, заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданды. Бұл бәріміз көптен күткен айшықты мезет, тарихи оқиға еді. Тәуелсіздік бізге оңайлықпен келген жоқ. Алдын ала ойластырумен, зор ұйымдастырушылықпен, қапысыз дайындықпен жүзеге асты. Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын», - деп атап өтеді ҚР Тұңғыш Президенті.


Соңғы жаңалықтар