Елбасы Назарбаев Университеті қалай дамитынын айтты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Назарбаев Университетін дамыту жалғасады. Бұл туралы оқу орнының түлектері мен профессор-оқытушылар құрамын құттықтау кезінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2010 жылы елімізде жаңа университеттің негізі қаланды. Осындай университеттің болуын армандадым. Тәуелсіз елімізде, жаңа елордада маман дайындайтын, жастарды ғылымға баулитын оқу орны керек болды. Бар-жоғы 10 жылдың ішінде біздің негізгі мақсаттарымыз орындалды. Назарбаев Университеті (Nazarbayev University) инновациялық кластер ретінде толық қалыптасып отыр. Бүгінде оқу орны білім және инновацияны біріктіріп, халықаралық мойындауға ие болған зерттеу орталығына айналды»,- деді Елбасы өзінің құттықтауында .

Осы орайда Тұңғыш Президент бұл оқу орнына мектепті үздік бітірген, ғылымға бейім талантты жастар үлкен конкурстан өтіп түскенін атап өтті. Мұнда ғылыммен айналысу үшін қолайлы жағдай жасалған.

Сонымен қатар Елбасы осы жылдары 5 мыңға жуық адам оқу орнының түлегі атанғанын, оның барлығы өздерін сұранысқа ие маман ретінде көрсеткенін жеткізді.

«Университеттің дамуы жалғасады. Стартаптар үшін арнайы зертханаларды дамытамыз. Болашақта жобасын жүзеге асыруға ниетті жас ғалымдарға көмектесіп, оларды өндіріске шығару бағытында венчурлық қорлар құрамыз. Бұл оқу орнын құру кезінде оған көшбасшылардың жаңа буынын оқыту міндеті жүктелді. Ғылым, технологиялар, кәсіпкерлік, медицина, мемлекеттік басқару және басқа да салаларға тың серпін әкелетін маман даярлау көзделді. Алдымызға қойған бұл мақсатқа да қол жеткіздік», - деді ҚР Тұңғыш Президенті.

Н. Назарбаев бүгінде университет түлектері еліміздің жаңа интеллектуалды элитасын қалыптастырып жатқанын қадап айтты.

«Менің де арманым сол еді. Қазақстанда осындай оқу орны болғанына қуаныштымын. Елімізді жарқын болашаққа бастап, Қазақстанның дамуы мен өркендеуін қамтамасыз ететін боласыздар. Баршаңызды Назарбаев Университетінің 10 жылдық мерейтойымен шын жүрегімнен құттықтаймын!», - деді Елбасы.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nazarbayev University түлектері мен профессор-оқытушылар құрамын оқу орнының 10 жылдық мерейтойымен құттықтады .

Соңғы жаңалықтар