ЕЛБАСЫ МЕРЕЙІ – ЕЛ МЕРЕЙІ

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстан тәуелсіз жылдарда әлем мойындаған мемлекеттердің қатарына қосылды. Ғасырлар бойы бабалар армандаған тәуелсіздіктің туы көкте желбіреді. 150-ден астам елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатып, өзге мем­лекеттердің даму жолдарын саралай келе, өзінің жеке даңғыл жолын таңдады.

Қазіргі кездегі саяси технологияларды зерттеу жаңаша бағытта өрбуде. Шетелдік университеттерді қазіргі заман тарихының оқытылуының негізі: бұрынғыдай құжат қағаздарымен емес - сол зерттелетін уақыттағы саясат пен экономикаға ықпал етіп, оны жүзеге асырып орындағандардың естелік сөздеріне ерекше маңыз бөлінетін болды.

Осы айтылған ойларды назарға ала отырып, Ұлы дала елінің Тәуелсіздік алғаннан кейінгі өркендеу жолы туралы өз тарапымыздан нақты деректерді қамти отырып, ақпарат беруді қажеттілік деп ойлаймыз.

Еліміздің Парламенті қабылдаған заңға сәйкес, Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні 1 желтоқсанда мерекеленетін болды. Еліміздің жоғары заң шығарушы органы мұндай шешімді ең алдымен Қазақтан Республикасында 1991 жылғы 1 желтоқсанда өткен Тұңғыш Президент сайлауымен байланыстырғаны белгілі. Ал бұл сайлаудың ерекшелігі неде еді? 1991 жылғы 1 желтоқсанда, алғаш рет өткен жалпыхалықтық сайлауда егемен Қазақстанның негізін салушы — Нұрсұлтан Назарбаев Тұңғыш Президент болып сайланды. Сайлауға қатысқандардың 98,78 пайызы жақтап дауыс берді.

Биыл сегізінші рет мемлекеттік мереке – Тұңғыш Президент күні аталып өтілуде. Ұлт көшбасшысының сарабдал саясатының арқасында Қазақстан Республикасы Орталық Азия өңірі мен ТМД-да алдыңғы орынға шықты. Әлеуметтік-бағдарлы экономикалық бағыттағы бастамаларымыз заманауи, қарқынды дамушы мемлекет құруды қамтамасыз етті. Сондықтан да, Қазақстанда Тұңғыш Президент күні мерекесі де уақыт өткен сайын маңызы артып халықтың мерекесіне айналды. Өйткені, бұл да жаңғырудың, жаңашылдықтың белгісі ғана емес, өткеннің өнегесі, ұлының ұлағаты. Ұрпақ есінде солай сақталуы да тиіс.

Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуынан бастап мемлекеттік дамудың даңғыл жолына түсуі Н.Ә.Назарбаевтың есімімен байланысты, ерлігімен ұштасқан дүниелер екені даусыз. Сондықтан да Парламент қабылдаған Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігінің декларациясында: «Ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен Қазақстанды құру жөніндегі тарихи аманаты 1991 жылғы 1 желтоқсанда бірауыздан Мемлекет басшысы болып сайланған Тұңғыш Президент — Елбасы Н. Ә. Назарбаевтың басшылығымен іске асты. Республика Президентінің жетекшілігімен кең ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асырылды. Қазақстан мемлекеттілігінің негізін қалаушы — еліміздің Тұңғыш Президенті Н. Ә. Назарбаев халықты жарқын істерге жұмылдыру, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайту, бүкіл халықаралық қоғамдастықтың ризашылығы мен құрметіне ие болған жаһандық және өңірлік бейбіт бастамалардың авторы ретінде елдің сыртқы саяси бағытын дәл айқындау ісіне орасан зор үлес қосты. Мемлекет Басшысының жан-жақты сараланған ішкі және сыртқы саясатының арқасында еліміз саяси және әлеуметтік-экономикалық сілкіністерге ұшырамай, дербес дамудың өтпелі кезеңіндегі қиындықтар мен сынақтарды еңсеріп, ілгерілеу мен өркендеу жолына шықты», - деп жазылған.

Шын мәнінде, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз қазақ елі қалыптасып, тарихымыз түгенделіп, тіліміз, дініміз және діліміз қайта оралып, мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданды. Қазақстанның шынайы егемендігін қамтамасыз еткен маңызды мемлекеттік актілерге қол қойылды. Мәселен, 1991 жылдың 29 тамызында Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей ядролық полигонын жабу туралы Жарлығы шықты. Бұның өзі Елбасының ерлігін жер-жаһанға паш еткізіп, кейіннен әлем мойындаған бастамаға ұласты. Ядролық қарусыз әлемге қарай қадам басқан жаһандық қозғалыстардың да бірден бір бастауы осындай Президент шешімінен туындаған еді.

Алаш жұртының тәуелсіз жылдардағы асқан асулары, елдегі экономикалық-әлеуметтік және саяси реформалар, халықаралық және өңірлік бастамалар, жаһандық жасампаз істердің барлығы дерлік Елбасы Н.Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты болып отырғаны белгілі. Ендеше Қазақстанның Тұңғыш Президенті күні — мемлекет мерейі.

Қазақстан тәуелсіздік жылдары көптеген халықаралық іргелі ұйымдарға төрағалық етті. Дәстүрлі дін басшылары 3 жыл сайын Қазақстанда бас қосып, пікір алмасу алаңына айналдырды. Бұның өзі Елбасының ерлікке парапар істерінің нәтижесі еді.

Қазақстан тәуелсіздік жылдары ішінде дүниежүзінде «Қазақстан жолы» деген атаумен белгілі болған этносаралық және конфессияаралық келісім қоғамының өзіндік бірегей үлгісін құрды.

Қазақстанда 40-тан астам түрлі конфессия мен деноминацияны ұстанатын 130-ға жуық этнос өкілдері бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүруде. 3200-ге жуық мешіт, шіркеу, ғибадатханалар, 4000-ға жуық діни бірлестіктер жұмыс істейді.

2003 жылдың 23 - 24 қыркүйегінде елордада өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші съезі - тіршілік негізі, әрі бейбітшілік үмітінің мәңгілік ізгілігі туралы әлем жұртшылығының назары ауған айтулы оқиға болды. Форумға Еуропа, Азия, Африка мен Таяу Шығыстың 13 елінен ислам, христиан, буддизм, иудаизм, синтоизм, даосизм және басқа да конфессиялардың, 17 діни ұйымының өкілдері қатысты. Съез алуан түрлі дін өкілдерінің бүкіл ғалам халқының бейбіт және лайықты өмір сүруі жолында ынтымақтастық пен бірлік идеяларының өзектілігін және оны іске асырудың қажеттілігін паш етті. Қазақстандық бірегей тәжірибе жаһандық деңгейде қолдау тапты,сондықтан Ел астанасы әлемдік қоғамдастық дін көшбасшыларының кездесетін орнына және үнқатысу алаңына айналды.

Астанадағы тұңғыш дінаралық үндесу жиыны негізінен: Бұрынғы Президент Резиденциясы, Салтанат Сарайы, «Бәйтерек» монументі және Абай даңғылындағы «Интерконтиненталь» қонақ үйі мен Кенесары көшесіндегі Конгресс‑Холлда өткені белгілі.

Тұңыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Тарих толқынында» атты кітабында адамзат тағдыры туралы былайша ой қозғайды. «Тұрмыс тапшылығы қыспағына тап болған миллиондаған адамдардың рухани сенімін сонда қалай оятып, олардың метафизикалық мәні зор ой қатпарын қалай қозғаймыз? Адам өзінің болмашы бір бұранда ғана емес, рухани дербес тұлға екенін сезінуі керек қой. Олардың да өткенге деген өз көзқарасы, ең бастысы – ұлттың рухани келешегін жасауға деген жауапкершілігі болуы шарт. Бұл мәселелердің жауабы біраз деңгейде діни салада жатқан сұрақ» - деп жазған еді.

Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу туралы бастамасы әлемдік қоғамдастықта зор қолдауға ие болды.

Сол жылдарда Елбасының Съезді өткізу туралы бастамасына әлем елдерінің басшылары қалай үнқатты?!

Коффи Аннан

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы (1997 - 2006 жж.)

Сіздер бірінші дінаралық үнқатысу мен ықпалдықтың өнегесі, қараңғылықтың, үрей мен түсінбеушіліктің шыңырауында көпір бола аласыздар. Мен сіздерге осындай әлеуетті пайдалануда, сөйтіп Біріккен Ұлттар Ұйымына, оның төзімділік, даму және бейбітшілік тұрғысындағы жаһандық миссиясына үлес қосуларыңызға қолдау білдіремін.

Фахд ибн Абдель Азиз әл- Сауд

Сауд Арабиясының королі (1982–2001 жж.)

Алланың атымен бастаймын, мейірімді Аллаға мадақ, Алланың нұры жаусын.

Жоғары мәртебелі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, тыныштыққа, Алланың мейірімі мен игілігінде болыңыз. Жоғары мәртебелі Сізді және әлемдік дәстүрлі діндер съезіне қатысушыларды құдіретті күшті Алла табыс пен прогресске бөлеуін сұраймын.

Джордж Буш

АҚШ Президенті (2001—2009 жж.)

Мен Нұрсұлан Назарбаев Сізді және Қазақстан халқын осы маңызды шараны ұйымдастыруларыңызбен құттықтаймын. Өзі де көпұлтты және көпконфессиялы болып табылатын Құрама Штаттар үшін мұндай кездесулер демократияның негізін қалайтын төзімділік пен құрмет секілді құндылықтарды дамыту жолында Орталық Азиядағы біздің достарымызбен ынтымақтастықтың маңызды екендігін атап көрсетеді.

Маргарет Тэтчер

Ұлыбритания Премьер-Министрі (1979—1990 жж.)

Мұндай форумды өткізу үшін бірде-бір ел Қазақстандай қолайлы болмас еді. Тәуелсіздік алған кезден бастап Сіздің Нұрсұлтан Назарбаев көреген саясатыңыз елді еркіндікке бастайтын жолға шығарды.

Қазақстан өзінің саналуандығы арқасында өркендеп, өзінің саналуан дәстүрлері мен діни нанымдары арқасында күшейе түсті. Сіздер өзгелер үшін үлгі болудасыздар.

Сеид Мохаммад Хаттами

Иран Ислам Республикасының Президенті (1997—2005 жж.)

Осыншалық өкілетті халықаралық форум, әлемдік діндердің үнқатысуын өткізуді өзара түсіністік пен бейбіт өмір сүруге деген маңызды қадам ретінде бағалаймын. Қазақстан Республикасының Президенті, Жоғары Мәртебелі Нұрсұлтан Назарбаевты осындай маңызды іс-шараны өткізуде танытқан бастамашылығы үшін құттықтаймын.

Владимир Путин

Ресей Федерациясының Президенті

Негізгі әлемдік және дәстүрлі-ұлттық конфессиялардың өкілдерін жинаған сіздердің форумдарыңыз өз алдына маңызды да аса қажет мәселелерді қойып отыр.

Сіздердің съездеріңіз өркениеттердің үнқатысуына, елдер мен халықтар арасында кең де жан-жақты ынтымақтастықты дамытуда үлесі маңызды болатынына сенемін.

Жак Ширак

Француз Республикасының Президенті (19952007 жж.)

Діндер арасындағы үнқатысу өркениеттер мен мәдениеттер арасындағы Франция үндеп келе жатқан үнқатысудың негізін құрайды.

Сильвио Берлускони

Италия Министрлер Кеңесінің төрағасы (2001—2011жж.)

Әлемдік және дәстүрлі діндер съезіне қатысушыларға шын жүректен құттықтау жолдап, табысты жұмыс тілеу, мені қанағат сезіміне бөлейді.

Тони Блэр

Ұлыбритания Премьер-Министрі (1997 – 2007жж.)

Съездің мақсаттары мен міндеттері болып әлемдік діндер арасындағы ашық үнқатысу мен өзара түсіністіктің тұрақты маңыздылығы танылады. Мен Съезд жұмысына табыс тілеймін және ол бұрынғыдан да тығыз топтаса түсуге жағдай жасап, болашақ ынтымақтастыққа ойластырылған бағдар береді деп үміттенемін.

Соңғы жаңалықтар