Елбасы мақаласы ұлттық мұраттарымызды саралайды - Бақытжан Жұмағұлов

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламент Сенатының депутаты Бақытжан Жұмағұлов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының қарсаңында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарияланды. Бабаларымыз армандаған елдік пен еркіндіктің символы болып жалғасқан ұлы арманы – Тәуелсіздік еді. Ұлан қайыр замандардың тарихи картинасын Елбасы мақаласынан көресің. Сақтар мен ғұндар, одан соң түркі халқы Ұлы далада өз мемлекетін құрды. Елбасы дауылдар мен дабылдар, «жан алысып, жан беріскен», «егеулі найза» ұстаған ықылым замандардан бері ұлтымыздың баға жетпес өзіндік дәстүрлері мен ғұрпын, еркіндіктің рухы мен рухани кеңістігін, ғажайып тілі мен сұлу сазын сақтап қалған қасиеттерін тебірене жазады. Ғасырлар тоғысында адамзат тарихында, оның ішінде Қазақстан тарихында ерекше орны бар Тәуелсіздік салмағын көтеру өз тағдырына тиесілі екенін жоғары жауапкершілікпен жеткізеді. Әрине, Елбасы жүрегіндегі сөз – тарих сөзі, заман сөзі, ұрпақ сөзі», - деп атап өтті Б. Жұмағұлов.

Сенатордың айтуынша, Кеңестер одағының тарихи жолдарына шолуды да осы мақаладан таба аласың. Өткен ғасырдың 70-ші жылдарындағы жағдай, одан кейін Горбачевтік «қайта құру» саясаты да қалай күйрегенін Елбасы ашық жазады.

«Расында, Елбасы жазғандай, Қазақстан халқы «бір жағадан бас шығарды». Ортақ мақсат үшін небір қиындықтарды жұмыла жеңді, ұлттық бірлік пен татулыққа қол жеткізді. Өткен тарих – кеткен тарих емес. Ол – ұлт жадында, ұрпақ санасында қалатын қиын, зобалаң жылдарға ұласқан тарих болса да, бабалар арманын жүзеге асырған тарих. Мақалада Елбасы халық рухына бас иеді. Қиыншылыққа көнді, бірақ мойыған жоқ, үміті үзілер жерде – болашаққа сенді, кері емес – алға жүрді. Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан үшін от кешті. Бұл – тағылымдық мақала. Бұл – Тәуелсіздік жолының жылнамасы. Отыз жыл бойы Елбасы өзінің бүкіл ғұмыры мен саясаты халық тағдырын, ұлт тағдырын, тәуелсіздікті сақтауға арналғанын еліне, жас ұрпаққа сыр етіп айтады. Соның нәтижесінде Қазақстан өркениетті 40 елдің қатарына қосылып отыр. Мақала ұлттық мұраттарымызды саралайды. Болашақ жолымызды айғақтайды. Елбасы жүрегінен шыққан сөз тарихилығымен, шынайылығымен ерекшеленеді. Өзі құрған және қалыптастырған Тәуелсіздік құндылықтарының ұлттық бірегейлік пен ұлттық татулық символы ретінде, тарихи жәдігер ретінде қала береді. Елбасы жолы – Қазақстан жолы екеніне көз жеткізесің», - дейді депутат.


Соңғы жаңалықтар