Елбасы кітапханасы жәдігерлерін қашықтан тамашалауға болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы кітапханасының бірегей жәдігерлерімен таныстыратын экскурсияны енді қашықтан тамашалауға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Елбасы кітапханасы карантин тәртібіне сәйкес келушілерін қабылдай алмаса да, жұмыстың жаңа үлгісі мен жұртшылықпен байланыстың тың түрлерін енгізуде. Осы тұста presidentlibrary.kz сайтында виртуалды көрмелер, онлайн-байқаулар жарияланды. Алдағы уақытта ғылыми онлайн-конференциялар мен бейнекөрмелер өткізу жоспарланған», - делінген хабарламада.

Назарбаев орталығы мен ҚР Тұңғыш Президенті музейі ғимаратының экспозиция залдарына шолу жасайтын бейнетурлар – Елбасы кітапханасының арнайы жобасы. Көрермендер Кітапхана ғимараты сәулетімен, залдармен, бірегей музей, кітапхана және архивтік жинақтармен қашықтан танысуға мүмкіндік алады. Барлық экскурсиялар Елбасы кітапханасы сайтындағы «Бейнегалерея» бөлімінде қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жарияланған.

Бейнетурды жүргізген Елбасы кітапханасының экускурсия қызметкерлері ғимараттың тарихына тоқталып, оның төрінен орын алған экспозициялар мен көрмелерге қатысты деректерді келтіреді.


ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының ғимараты әлемде танымал британ сәулетшісі Норман Фостердің жобасымен салынған. Сырт келбеті аспанға зер салған көздің қарашығын бейнелейтін ғимарат зааманауи Қазақстанның өміршең қуатын білдіреді. Ғимараттың екінші, үшінші қабатында Елбасы кітапханасының музей, архив жинақтарынан жасақталған экспозициялар орналасқан. Елбасы жеке архивінің құжаттары мен фотоматериалдары тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу үдерісін, президенттік институттың құрылуын, жаңа мемлекет пен оның астанасының мемлекеттік құрылысын бейнелейді.

Бейнеэкскурсия көрермендерді Тұңғыш Президенттің алғашқы резиденциясы, кейін Елбасы кітапханасының музейіне айналған тарихи кешенмен таныстырады. Нұрсұлтан Назарбаев 1997-2004 жылдары осы ғимаратта жұмыс істеген. Елбасының жұмыс кабинеті бастапқы кейпінде сақталған. Басқа залдарда Қазақстанның жаңа тарихының негізгі кезеңдерін бейнелейтін экспозициялар ұсынылған. Елбасы музейінің жинағы 11 мыңнан астам сақтау бірлігін құрайды.


Бейнеэкскурсияда Қазақстандағы президенттік институттың қалыптасу тарихының негізгі оқиғаларынан сыр шертетін фото, бейне құжаттар мен музей жәдігерлері ұсынылған.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қару-жарақ топтамасы» Тұңғыш Президент резиденциясы кезінде Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік кеңесінің залы болған бөлмеде орналасқан. Мұнда сақталған әрбір жәдігер – шетел мемлекет және үкімет басшыларының, қоғамдастық өкілдерінің Елбасыға табыс еткен тартуы. Қару-жарақ топтамасында әлемнің көптеген елдерінің заманауи ең үздік қару-жарақ өнері шеберлерінің баға жетпес туындыларынан құралған.

Халықаралық музей күніне орай Елбасы кітапханасының ресми сайтында «Бейне мен пішін үндестігі» көрмесінің бейнетуры ұсынылған. Аталған топтамаға Қазақстан халқына, Елбасына өзара сыйластық пен достықтың нышаны ретінде әлемнің түрлі елдерінің лидерлері, халықаралық ұйымдар мен компаниялар жетекшілері тарту еткен дипломатиялық сыйлықтар жинағы енді. Экспозицияда фарфор, шыны, керамика, металл, тас, ағаш сияқты материалдардан жасалған жәдігерлер мен әлемге белгілі мануфактуралар мен фабрикалардың өнімдері ұсынылған.


Елбасы кітапханасының жаңа бейнетурлары туралы ақпаратты оның Facebook және Instagram әлеуметтік желілеріндегі ресми парақшаларынан алуға болады.


Соңғы жаңалықтар