Елбасы «Қашағанның» алғашқы мұнайын маңдайына жаққан бала: Сол сәт болашағымды айқындады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осыдан 18 жыл бұрын ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қашаған» кен орнының алғашқы мұнайын маңдайына жаққан Берік Уап бүгінгі таңда сол кен орнында инженер-мұнайшы болып еңбек етіп жүр. «Жас Отан» Жастар қанатының кезекті IV съезінің қорытынды күнінде ұйымдастырылған «Жаңа әлемге жол саламыз» атты Гала-форумда Берік Уап сөз сөйлеп, 18 жыл бұрынғы сәт өзінің болашағын айқындап бергенін айтты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Мен, Уап Берік Сәрсенбайұлы еліміздегі ғасырдан астам тарихы бар мұнай-газ саласының жас өкілімін. Менің тағдырым осы бүлдіршін кезімнен бастап мұнай саласымен тығыз байланысты. Себебі, осыдан 18 жыл бұрын «Қашаған» мұнай кен орнының алғашқы мұнайын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстанның болашағы үшін» деп, менің маңдайыма жаққан болатын. Сол сәт менің болашағымды айқындап берді десем де болады», - дейді жас жігіт.

Ол сол кезде мұнай-газ саласының білгір маманы болу бағытындағы алғашқы арманы пайда болғанын айтады.

«Президентіміз еліміздің қазба байлықтарын заманауи технологиялармен игеріп, әлемде терезесі тең қатынас жасау үшін әрбіріміз терең білімге ұмтылуымыз керектігін айтып жүреді. Мен де өз арманымның кілті осы терең білімде екенін түсіндім. Сол себепті, 2010 жылы Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған мектеп-лицейін үздік бітіріп, қиялыма қанат бітіп, Ұлыбритания еліндегі Манчестер университетінің оқу грантына ие болдым. Өз жерімнен шетте жүрген жылдары қазақстандық жастардың басын біріктіру мақсатында студенттік ұйымның қатарына еніп, кейін сол ұйымда жетекші атандым. Одан кейінгі жылдары білімімді одан ары жетілдіру мақсатында Ұлыбританияның ең үздік университеттерінің бірі Heriot-Watt-та оқып, мұнай-газының магистрі атандым», - дейді ол.

Берік Уап қазіргі таңда сол «Қашаған» кен орнын игеретін компанияда жас маман болып жұмыс атқаратынын жеткізді.

«Кей кездері өз тағдырымды ел тағдырымен ұштастырамын. Себебі, Тәуелсіз Қазақстанымыздың қалыптасуына және өркендеп дамуына Елбасымыз зор үлес қосты. Біз де солай еңбек етуіміз керек. Бұл туралы ой мен үшін өткен жылы ғана жарық көрген «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабын оқу барысында келді. Бұл кітап - Тәуелсіздіктен кейінгі қиын-қыстау заманнан бастап қазіргі біз көріп отырған қазіргі Қазақстанның әрбір кезеңін толықтай саралаған еліміздің бір шежіресі», - деді ол.

Берік Уап егер әрбір жас буын білімге деген құштарлығын еселей берсе, еліміз әлемдік қауымдастықта қадамын нық басқан мемлекет болып алға жылжи беретініне сенетінін білдірді.

«Жасотандық достарыма «Тәуелсіздік дәуірі» кітабын оқуға кеңес берер едім. Оқысаңыз, білімге деген құштарлығыңыз арта түседі. Сөзімді қорытындылай келе, Елбасымыз айтқандай «Бүгінгінің адамы білімі жетік, жаңа технологияларды меңгерген, жан-жақты болуы керек». Сондай тұлға болып қалыптасуымызға бүгінгі таңда барлық жағдай жасалып жатыр», - деп түйді Берік Уап.

Фото: Қанат ЕЛЕУОВ пен Берік Уап мұрағатынан

Соңғы жаңалықтар