Елбасы Дональд Трампқа жеделхат жолдады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трампқа жеделхат жолдады, деп хабардайды elbasy.kz сайты.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Дональд Трамп пен оның жұбайы Мелания Трамптың коронавирустан тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.

«Сіздің және Бірінші ханым Мелания Трамптың коронавирус індетіне байланысты тапсырған тестінің оң нәтиже көрсеткені туралы хабарды өкініш сезімімен қабылдадым.

Өзіңізді күш-қуаты мол, жігерлі әрі сынақтарды үнемі жеңіл еңсеретін тұлға ретінде білемін. Осы дерттен тезірек сауығып, Америка халқының өркендеуіне бағытталған жауапты қызметіңізге оралуыңызды тілеймін.

Бүгінгі таңда біздің елдеріміз бен бүкіл халықаралық қоғамдастық күрделі кезеңді бастан өткеруде, жақын болашақта өзара қолдау мен түсіністік негізінде пандемияны жеңіп, еш кідіріссіз даму жолына қайта оралатынымызға кәміл сенемін.

Сізге және отбасыңызға осы науқастан жедел әрі толық жазылып шығуларыңызға тілектестігімді білдіремін.

Бұл жағдайды өз басымнан өткізген адам ретінде Сіздерді дәрігерлердің ақыл-кеңесін ұстанып, айтқанын орындауға шақырамын», – делінген жеделхатта.

Еске салсақ, АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның зайыбы Мелания коронавирус жұқтырды.

«Бүгін кешке АҚШ-тың бірінші ханымы және мен коронавирусқа тест тапсырдық. Ол оң нәтиже көрсетті. Біз дереу карантинге шығып, ем қабылдауды бастап кеттік. Біз бұны бірге еңсереміз!» - деп жазды президент Twitter -де.

Сондай-ақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Трамп пен оның жұбайы Меланияның коронавирустан тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді.


Соңғы жаңалықтар