Елбасы бастамасы: Таразда ерекше балаларды оңалтатын орталық ашылды
Аталған оңалту орталықтары Тұңғыш Президенттің «Қамқорлық» бастамасы аясында іске қосылды десек, ол Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасының базасында ашылды.
Орталық лентасын Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев пен осында ем алып жатқан 13 жасар Даниил Зонов қиды.
Аймақ басшысы барлық кабинеттерді аралап, орталықтың жұмысына жоғары баға берді. Қазіргі уақытта онда 57 бала оңалту курсынан өтіп жатыр.
«Біз үш бағытты қамтимыз. Олар - педагогикалық, әлеуметтік және медициналық оңалту. Пациенттермен логопед, дефектолог, эрготерапевт, еңбек терапевті жұмыс жасайды. Балалар терапиялық дене шынықтырумен айналысады, гидрокинезотерапиядан, механотерапиядан өтеді, массаж қабылдайды», - дейді облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бас дәрігері Азат Сәтжанов.
Орталықта аяқты қозғалтуға үйрететін швейцариялық «Lokomat» тренажері бар.
«Елімізде мұндай тренажер тек бірнеше ауруханада ғана бар. Ресейден арнайы маман келіп, біздің дәрігерлерді осы роботтандырылған жүйемен жұмыс істеуге үйретті», - деп атап өтті Азат Сәтжанов.
Ауруханада аудандардан келетін балаларға арналып 120 төсек-орын дайындалған.
«Орталық 18 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Жаңа туған нәрестелер де оңалтудан өте алады. Әр балаға айрықша жағдай қажет. Оларға қандай ем қажет екенін тар бейінді мамандардан тұратын мультидисциплинарлық топ анықтайды», - деп атап өтті ол.