Елбасы Астананың Нұр-Сұлтан болып өзгертілуіне қатысты пікір білдірді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елбасының баспасөз қызметінің Yoytube арнасында Нұрсұлтан Назарбаевтың «Штрихи к портрету» деректі фильмінің үшінші бөлімі жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұрсұлтан Назарбаев фильмдегі сұхбатында үлкен саясаттан гөрі бұл жолы жеке өмірі мен жеке көзқарасы жайлы көбірек сыр шертті. Жиені Айсұлтан Назарбаевтың өліміне қатысты пікір білдіріп, Астананың Нұр-Сұлтан деп аталуына қатысты ойын айтты. Сонымен қатар Елбасы адамдардың бойындағы қандай қасиеттерді бағалайтынын жеткізді.

«Президент лауазымында болған кезімде мен мұндайға мүлде қарсы болдым, тыйым салып отырдым. Тәуелсіздік мерекесі немесе менің туған күнім келген сайын менің есіміммен қандай да бір көшені немесе мектепті атау туралы ұсыныстар түсіп жататын. Бірақ ойлап қарасаңыз, өзім оқыған Абай атындағы мектепке өз атыңды беруге келісу деген мүлде дұрыс емес қой!? Мен ондайға тыйым салып отырдым. Оны білесіздер. Келісімімді берген бірден-бір жағдай – ол университет», - деген Нұрсұлтан Назарбаев елордада іргелі жоғары оқу орнын ашу идеясының авторы өзі екенін еске салды.

Елбасының айтуынша басқа жағдайлардың бәрі де өз мақұлдауынсыз аталып жатыр.

«Тәуелсіздікке 25 жыл толған кезде де Парламент елорданы Нұр-Сұлтан деп атау туралы бастама көтерген болатын. Бұрын қала Ақмола деп аталған. Астананы халықаралық деңгейде таныстыру міндеті тұр еді. Қонақтарды шақырдық. Ақмола деп атау турасында да әртүрлі пікір болғандықтан, ойыма елорданы Астана деп атау туралы идея келді. Бұл – жаңашылдық емес. Мысалы Бейжің деген сөз де Солтүстік Астана дегенді білдіреді. Сондай мысал көп. Астана деген атау жақсы сіңісіп, адамдар да, әлем де үйренді», - деді ол.

Нұрсұлтан Назарбаев елорданың атауын өзгерту бастамасын қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың көтергенін еске салды.

«Аз дегенде Нұр-Астана, көп дегенде Нұр-Сұлтан деп атау ұсынылды. Кезінде сол жағалауға қарап отырғанда көз алдымда алып дала жататын. Ештеңе жоқ еді. Қазіргі ЭКСПО тұрған жерде картоп пен орамжапырақ өсетін еді. Ал қазір ол қандай ғажайып қалаға айналды. Сұхбат беріп отырған сәтті пайдаланып, тағы да басшылардан, қазақстандықтардан сұрайтыным, ондайға әуестенудің қажеті жоқ. Мұның түк керегі жоқ. Тірі кезінде ескерткіш орнату деген сөз – өлгеннен кейін ұрпақ сені есінде сақтап қалатынына сенбеу дер едім. Сондықтан мұндайға әуестенудің қажеті жоқ деп өтінемін. Керісінше біз қазір тарихи атауларды қайтарып жатырмыз», - деді Елбасы.

Деректі фильмнің соңғы нұсқасын мына сілтемеден көруге болады.




Соңғы жаңалықтар