Ел үміті: Дарынды оқушылар қалай анықталады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - «Ел үміті» аясында Қазақстанда бірнеше білім жобасы іске асырылуда. Оның арасында ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы, «Елбасы медалі» бағдарламасы, «Бірге оқу» онлайн-мектебі және «Qabilet қызметі» бар. Бұл туралы журналистермен өткен брифингте Ақмола облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ботакөз Дүйсенова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ел үміті» бастамасы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев қоры Үкіметпен, облыс әкімдіктерімен, қоғамдық бірлестіктермен, жеке білім ұйымдарымен, бизнес-қоғамдастықпен және барлық мүдделі тараптармен ынтымақтастықта бірнеше білім жобасын іске асырады.

Бұл - ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы, «Елбасы медалі» бағдарламасы, «Бірге оқу» онлайн-мектебі және «Qabilet қызметі».

«2020 жылы Ақмола облысынан «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысуға 1 030 өтінім келіп түсті, 259 қатысушы тіркелді. 21 қатысушы қола медальмен марапатталды. Ағымдағы жылы 1 674 өтінім берілді, 574 қатысушы тіркелді. 101 қола және бір күміс медальмен марапатталды», - деді Ботакөз Дүйсенова.

Екінші жыл ауыл оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасы өткізіледі.

Оның жеңімпаздары еліміздің үздік мектептерінде білім алуға мүмкіндік алады.

«2020 жылы олимпиаданың бірінші кезеңіне Ақмола облысынан 13 731 оқушы қатысты. Оның ішінде 300 бала екінші кезеңге өтіп, 83 жеңімпазды анықтады. 2021 жылы бірінші кезеңге 6 486 оқушы қатысты, оның ішінде екінші кезеңге 263 оқушы өтті, 51 оқушы жеңімпаз атанды. Барлық жеңімпаздарға «Birge Oqý» онлайн-мектебіне тегін кіру мүмкіндігі беріледі. Алтыншы сынып жеңімпаздары конкурстан тыс дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерге қабылдана алады. 2020 жылы мұндай оқушылар саны 17, 2021 жылы - 15 болды», - деп толықтырды басқарма басшысының орынбасары.

Еске сала кетсек, 2019 жылы Нұрсұлтан Назарбаев дарынды оқушылар мен жастарды анықтау және қолдау жөніндегі «Ел үміті» бастамасының жобаларын ұсынған болатын.


Соңғы жаңалықтар