El Jastary бірыңғай ақпараттық навигаторы әзірленеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – El Jastary бірыңғай ақпараттық навигаторы әзірленеді. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұлттық рухани жаңғыру» ұлттық жобасына (2021 жылғы 12 қазандағы № 724 ҚРҮҚ) сәйкес «Тәуелсіздік ұрпақтары» жастарды қолдау жөніндегі арнайы бағыт аясында 2025 жылға қарай NEET санатындағы жастарды 5пайызға дейін төмендету бойынша іс-шаралар кешені жоспарланған. Сондай-ақ, жастарды, оның ішінде NEET санатындағы жастарды мемлекеттік қолдау іс-шаралары туралы қолдауға және уақтылы хабардар етуге бағытталған El Jastary бірыңғай ақпараттық навигаторын әзірлеу көзделген», - деді Үкімет басшысының орынбасары жауабында.

Ералы Тоғжановтың жазуынша, бүгінде Қазақстан Республикасының жастарын қолдау жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар іске асырылып жатыр. Жоспар ауқымында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, NEET санатындағы, оның ішінде ауылдық жерде және өмірлік қиын жағдайда жүрген жастарды жұмыспен қамтуға, жұмысқа орналастыруға және әлеуметтендіруге бағытталған бірқатар іс-шара іске асыруда.

«Биыл Жастар ресурстық орталықтарында республикалық жобалық кеңсе және NEET санатындағы жастармен атаулы жұмыс жөніндегі арнайы бөлімдер құрылып, жұмыс істейді. Республикалық жобалық кеңсенің базасында call-орталық (8-778-097-55-28) жұмыс істеуде. Оның көмегімен 8,9 мың жас адам жұмысқа орналастыру, біліктілігін арттыру және қайта даярлау мәселелері бойынша жеке және топтық онлайн-консультациялар алды. Қазіргі уақытта 5 мыңнан астам адам тіркелген NEET санатындағы жастардың өңірлік Дерекқоры қалыптастырылды. NEET санатындағы жастар арасында жастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу және құжаттарды ресімдеуге, жұмысқа орналасуға, оқуға жәрдемдесу үшін 1,7 мың жастар пулы құрылды», - деді ол.

Сондай-ақ, вице-премьер Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, NEET санатындағы жастарды мемлекеттік қолдау іс-шараларымен қамту мақсатында оларды анықтау және есепке алу алгоритмін әзірлегендігін атап өтеді.

«Аумақтарды дамыту бағдарламаларында жастардың NEET үлесін төмендету бойынша нысаналы индикатор және жастардың осы санатын жұмысқа орналастыру бойынша арнайы іс-шаралар, оның ішінде жастарды волонтерлік қызметке тарту, «Жасыл Ел» еңбек жасақтарында маусымдық жұмысқа орналастыру, бұқаралық спортпен айналысуға тарту және тағы басқалары көзделген. Мәселен, NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған кешенді іс-шаралардың бірі «Zhas Project» жобасы саналады. 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде заңнамада белгіленген тәртіппен «Zhas Project» жобасын қаржыландыру мәселесі қаралатын болады», - деді Ералы Тоғжанов.


Соңғы жаңалықтар