«ЭКСПО-2017» имидждік картинасының құны 100 мың теңгеден асады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» имидждік лицензиялық өнімдерінің кей түрлерінің бағасы жарияланды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Дүңгіршектен 400 теңгелік магниттен бастап, құны 100 мың теңгеден асатын ағаш картиналарды да көруге болады.

Картина жасаумен айналысқан «Яссауи» компаниясының жетекшісі Темірлан Телешовтың айтуынша, тауар бағасы өндірістің күрделілігіне және қолданылатын материалдардың сапасына тікелей байланысты.

«Біз келушілерге арнайы ЭКСПО үшін әзірленген  5 түрлі өнім ұсынамыз. Картинаның өзі ағаштан, қолмен жиектеп, көмкеріледі. Бір картинаның өзінде 9 немесе 15 түрлі ағаш түрлері пайдаланылады. Өнімдеріміздің ерекшелігі сол, ешқандай бояу қолданбаймыз. Белгілі бір түсті көрсету үшін, сол түстегі ағашты таңдаймыз», - деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ, ЭКСПО тауарларын сататын дүңгіршекте 15 мың теңгеге қой жүнінен жасалған жамылғы сатып алуға болады. Дәл осындай түйе жүнінен жасалған жамылғылар 30 мың теңге тұрады.

«Біздің компания 2014 жылы түйе және қой жүндерін өңдеу бойынша жаңа инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында құрылды. Жоба облыстық бюджет есебінен жүзеге асуда. Біздің өнімдерге Ресей мен Қытай кәсіпкерлері үлкен қызығушылық танытуда», - дейді «KaspiyLanaAtyrau» ЖШС өкілі Ғабиден Қабдулов.

Бүгін Астанадағы Нұржол желекжолында ашылған жаңа дүңгіршекте мүмкіндігі шектеулі жандар өндірген бұйымдар да бар. Атап айтқанда, құны 3 500 теңге болатын киіз түйелерді «Астана қаласының мүгедек балалар қоғамдастығы» және «Жаснұр» нашар еститіндер қауымдастығы әзірлеген. Бұл тауардың сатылымынан түскен қаржы мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек ретінде жұмсалады.

Дүкендегі өзге тауарлардың бағасы кейінірек жарияланады. 

Соңғы жаңалықтар