Экологиялық тәрбиені қолға алғанда ғана табиғатты сақтай аламыз – «Көлсай көлдері» паркінің директоры

None
None
АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне жергілікті және шетелдік туристердің қызығушылығы жыл өткен сайын артып келеді. Әсіресе, коронавирус пандемиясы карантинінен кейін қазақстандықтар Кегенге қарай жаппай ағыла бастады. Туристер көбейсе қоршаған ортаға түсетін рекреациялық жүктеме де артады. Бақылау күшті болмаса айнала ластанады. Көлсай мен Қайыңды көлдерінің қайталанбас табиғатын сақтай отырып, экотуризм бағытын дамыту, ұлттық парктің проблемалары мен оның шешу жолы жолдары жайлы «Көлсай көлдері» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі директоры Данияр Тұрғамбаев айтып берді.

- Данияр Ғалымұлы, коронавирус пандемиясына қарамастан биыл «Көлсай көлдеріне» келушілер саны 50 мыңнан асыпты...

-Иә, ішкі туризмге деген қызығушылық биыл артып жатыр. Маусым кезінде карантин болып қалып, парк екі ай жұмыс істемесе де жылдағы меже орындалатын түрі бар. Былтыр 87662 адам келген, биыл да сол көрсеткішке жетіп қалатын шығармыз. Пандемия болмағанда 100 мың турист келетін еді. Бірақ адам көбеюімен қатар рекреациялық жүктеме, қоқыстың көбеюі секілді проблемалар да артып жатыр. Қазақстандық туристердің экологиялық тәрбиесі, туристік мәдениеті төмен екені жиі байқалады. Сенбі, жексенбі күндері қызметкерлеріміздің уақыты парктегі қоқысты жинауға кетеді. Қоқыс жәшігін бұрын күніне бір рет тазаласақ, қазір үш рет тазалаймыз. Қолымыздан келгенше түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз.

-Келушілер саны жылдан-жылға арта беретін болса, қоршаған ортаға түсер салмақ та артатынын айтып қалдыңыз. Оны бірқалыпты ұстап түру үшін қандай шаралар қабылдайсыздар?

-Қазір бізде 7 туристік маршрут бар. Бірақ туристердің 99%-і екі ғана маршрутты пайдаланады. Көлсай көліне, содан кейін Қайыңдыға барады. Бас жоспарымызға түзетулер енгізіліп жатыр, соған сәйкес болашақта қалған туристік бағыттарды дамытып, туристердің назарын сол ақтарға бұрмақпыз. Сөйтіп, негізгі маршруттардағы рекреациялық жүктемені төмендетуге мүмкіндік бар. Қызықтыру үшін жарнама жасап, инфрақұрылымды реттеуіміз керек. Аталған бағыттарда әлі навигация, демалатын орындар дайындалмаған. Қазірдің өзінде адам көп келетін жерлерді ұнатпайтын, табиғатта, тыныштықта оңаша демалғанды құп көретін экотуристер паркімізге көп келмейтін болды. Себебі, халық толып жүреді. Міне, осындай туристерге біз жаңа маршруттарды ашып берсек, Көлсайды да көріп, әрі қарай палаткаларда қону үшін арнайы белгіленген тыныш жерлерге де бара алады.

-Біраздан бері Көлсай мен Қайыңды арасындағы жол мәселесі де айтылып келеді. Қашан асфальт төселмек?

-2018 жылы Алматыдан Кеген ауылына, Көлсай көліне апаратын 89 шақырымдық асфальт жол жөнделіп бітті. Туристер саны сондықтан да екі есеге көбейді. Мысалы, 2018 жылы паркке 41 мың адам келген болса, 2019 жылы 87 мың адам қабылдадық. Енді Көлсай көлінен Қайыңды көліне апаратын 12 шақырымдық нашар жолдың орнына асфальт төсеуге ақша бөлініп жатыр. Екі жылда Саты-Қайыңды туристік бағытында жергілікті бюджет есебінен жол болады.

-Сол Қайыңды көлінің деңгейі соңғы жылдары бірнеше метрге төмендегенін білеміз. Ол жайлы депутаттық сауал да болған. Тартылған судың орнын толтырып отыратын тоспа салу жоспарға енді ме?

-Біз ол бойынша Төтенше жағдайлар комитетіне хат жібергенбіз. Қазір ол министрлік болды. Жақын арада комиссия құрып, Көлдің арнасын зерттеу жоспарда бар. Осыдан 4-5 жыл бұрын тоспа салу үшін болжалды смета да жасалған. Қаржы жағы реттелсе, тоспа міндетті түрде салынады. Ол біріншіден қауіпсіздік үшін керек. Қатты жаңбыр немесе қар жауғанда табиғи бөгет шайылып кетуі мүмкін. Ол сосын Шелек суына келіп құяды. Ал ол маңда ауылдар бар. Екіншіден, әрине, қайталанбас табиғат туындысын сақтап қалуымыз қажет.

-Әңгімемізді жергілікті халыққа қарай бұрсақ. «Көлсай көлдеріне» шетелдік туристер көп келетінін ескерсек, оларды қарсы алушылардың тіл білуі маңызды ғой. Қазір қонақ үйлер қалай жұмыс істеп жатыр?

-Ауылда қонақ күтіп жүрген үйлер қазір аударма сөздікпен жұмыс істеуде. Дегенмен бізде Алматы облысының туризм басқармасымен келісім бар. Соның аясында ағылшын тілінен сабақ өткізіледі. Биыл карантин әсерінен сабақтар болмай қалды. Бірақ біз өзіміз де ауыл адамдарына ғана емес, парк қызметкерлеріне де үйрету үшін тіл маманын шақырып, курс ашпақпыз. Бұл бағыттағы іс-шаралар биыл басталады. Одан бөлек, Алматы қаласынан тіл білетін жастарды осында волонтер ретінде тіл үйретуге шақыру бойынша жоспарларымыз бар. Қазір Кеген ауданы Саты ауылы тұрғындарының 50%-дан астамы туризм саласында қызмет көрсетіп жатыр. Ауылда 58 қонақ үй бар. Бір түнде 743 адам қабылдай алады. Оған қоса Сатыдан 15 шақырымдай жерде орналасқан Қарабұлақ, 12 шақырым жердегі Құрметі ауылдарында да туризм дамып келеді. Бір тәулікте 300 қонақты күтетін шамалары бар. Аймақта қызмет көрсету саласы қарқынды дамып келе жатыр деп айта аламыз. Жастар қаладан қайтып келіп, ауылда қызмет жасап жатыр. Менің ойымша, 2-3 жылда Сатының 70-80 пайызы туризмге көшеді.

-Дегенмен бұл ауылда телефон байланысының, интернеттің халі мүшкіл сияқты...

-Иә, төменгі Көлсайға түссеңіз мобильді байланыс мүлде жоқ. Соған қатысты біз саладағы компанияларға туристік агенттіктермен бірге тиісті хат жолдап жатырмыз. Оған қоса Саты ауылында интернет нашар. Ауылға оптикалық талшық тарту жоспарланған. Қазір соны күтудеміз. Туризмді дамытатын маркетинг жасауға, онлайн-төлемдерді жүзеге асыруға, қауіпсіздік жұмыстарына да интернет керек. Осы мәселені тезірек шешуге тиісті мекемелер қолғабыс жасаса деген тілек бар.

- Көлсайға келіп жатқан автобустарды көп байқадық. Туристік агенттіктермен жұмыс жолға қойылды ма?

-Алматыдан келетін жолдың дұрысталуына байланысты автобустық турлар көбейді. Туристік операторлармен келісімшарт саны 12-ге жетті. Автобустық тур бізге өте тиімді. Себебі, біріншіден автокөлік азайып, автотұраққа салмақ түспейді. Бір көлікпен 50 шақты адам келеді. Екіншіден, ондай турларда өз гидтері бәрін ұйымдасқан түрде алып жүреді. От жағып, қоқыс тастамау мәселесін қадағалайды. Бастысы – автобуспен келгендер қазаны мен мангалын көтеріп жүрмейді. Жүктері аз болғандықтан, қоқыс та аз шығады. Тек табиғатты тамашалап қайтады. Сондықтан біз автобустық турларды қуана-қуана қабылдаймыз.

-Қоқыс демекші, азаматтардың туристік мәдениетін қалыптастыру туралы пікіріңіз қандай?

- Біз келген туристерге шамамыз келгенше үгіт-насихат жұмысын жасаймыз. Парк құрылғалы бері «Саябақтар шеруі» экологиялық акциясы және ауыл мектептерінде экологиялық сабақтар өткізіліп келеді. Дегенмен жастардың экологиялық тәрбиесін қолға мықтап алуымыз керек. Паркке кірген 60 мың адамның артынан жүріп, бақылап, «қоқыс тастама» деп айта беру де, бәріне шетінен айыппұл сала беру де мүмкін емес. Ел ішінде туризм дамып келе жатқанына бір шетінен қуансақ, екінші жағынан табиғат үшін алаңдаймыз. Бізде әлі көбі саяхатты табиғат аясында жаяу жүріп, ләззат алу емес, от жағып, кәуәп пісіру деп түсінеді. Қазір ұлттық парк аумағында от жағуға тыйым салдық. Тәртіпсіздікпен ақырындап күресіп келеміз. Жастар туризмге байланысты санасын өзгертсе рекреациялық жүктеме азаяды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі экотуризм бағытын қолға алып жатқанын білесіздер. Экотуризм - саяхаттаудан бұрын қоршаған ортаны тану, әр ағаштың, әр жануардың қадірін түсініп, зиян келтірмеу. Біз де өзіміздің бас жоспарымызға өзгерістер енгізгенде күрделі құрылыстың қорғалған аумақтан, туристік нысандардан алыс жерде жүруін қатаң қадағалаймыз.

-Көлсайда әлі біз ашпаған ғажайыптар бар шығар?

-Әрине, бізде әлі адам аяқ баспаған, рекреациялық жүктеме түспеген керемет жерлер бар. Мысалы, Саты сайы, Құрмет сайы және Талды сайы әлі ашылмаған. Бірақ біз оларға жан-жақты есеп жүргізіп, абаттандыру жағын қарастырып қана маршрут жасаймыз. Қай жерде атпен, қайда жаяу, қайда көлікпен жүруге болатынын қараймыз. Әрине, жарнамасы жақсы болса, турист тез-ақ келеді. Алайда маңыздысы – жоғарыда айтқанымыздай,табиғатқа қиянат жасамау. Оған адамның кері әсері бір тисе қалпына келуі қиын.

хбат бергеніңізге рақмет!


Соңғы жаңалықтар