Экологиялық мәдениетті қалыптастыруға қоғам болып жұмылуымыз керек – министр

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экологиялық білім мектепте өтетін пәнмен шектеліп қалмай, қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар, сарапшылар, мұғалімдер және ата-аналар тарапынан кешенді жұмыс болуы керек.

Бұл туралы экологиялық білімге қатысты Facebook-тегі KUN.KZ ашық медиа платформасында өткен онлайн конференцияда айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізу туралы тапсырмасы халық тарапынан, саясаткер, сарапшылар тарапынан қолдау тапты. Бұл конференция жақсы бастаманы жалғастыруға себеп болады деп ойлаймын. Экологиялық білім мектепте өтетін пәнмен шектеліп қалмай, қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар, сарапшылар, мұғалімдер және ата-аналар тарапынан кешенді жұмыс болуы керек. Өйткені ұлт тәрбиесі, экологиялық тұрғыда дұрыс тәрбие отбасынан басталады», - дейді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мызағалиев.

Оның айтуынша, бұл бастаманы азаматтық қоғамның қолдағаны қуантады, себебі бұл конференцияға халықаралық ұйымдар да, ғалымдар да, экологтар да қатысып отыр.

«Қазақстанның экологиялық мәселелері бәріне белгілі. Өндірістік ластану, яғни атмосфера мен судың ластануы және экологияның тұрмыстық мәселелері де бар. Экологиялық тәрбиені қолға алуымыз керек. Бір ай бұрын стихиялық қоқыс бойынша байланыс желісін іске қостық. Бізге бұл мәселе бойынша апта сайын жүзден астам сұрақ келеді. Қазіргі кезде адамдар табиғат аясына шыққан кезде өз қоқыстарын ғана емес, айналасындағы қоқысты да тазалап кетеді. Бұл сәнге айналып келеді. Дегенмен, Ақмола облысындағы Көбейтұздағы жағдай, Ақтауда итбалықтарды ұру - экологиялық мәдениетіміздің әлі де болса, төмен екендігін көрсетеді. Балаларымызды қоршаған ортаны аялауға үйретуіміз керек», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілде күні Үкіметтің кеңейтілген отырысында мектеп бағдарламасына «Балалардың экологиялық білімі» атты жаңа пән енгізуді тапсырған болатын.



Соңғы жаңалықтар