Экология министрлігі өскемендік оқушының видеосына жауап берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Өскемен қаласына мамандарды жіберіп, қаланың экологиялық ахуалының мән-жайын анықтамақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Маған Өскеменде түсірілген бейнежазбаны түсіндіруді сұрап, хабарласқандар болды. Бұл қаладағы экологиялық жағдайдың аса мәз еместігі бізге мәлім. Мұның бәрі ең алдымен ірі өнеркәсіп өндірісінің, газбен ластануға байланысты мәселе. Министрлік өнеркәсіп кәсіпорны шығарындыларын азайту үшін жоспарлы жұмыс жүргізіп жатыр. Ал жаңа Экологиялық кодекс қабылданған соң барлық компаниялар қоршаған ортаға зардапты азайту үшін өз өндірісінде ең озық қолжетімді технологияларды орнатуға міндетті. Қоршаған ортаның эмиссия төлемі де өседі», - деп түсіндірді Экология министрлігінің баспасөз хатшысы Самал Ибраева.

Оның айтуынша, жаңа Экологиялық кодекс бойынша компанияларға айыппұлмен құтыла салу оңайға түспейді.

«Осы аралықта Қазақстанның Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиевтің тапсырмасы бойынша Өскеменге Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зұлфыхар Жолдасов барып, сол жерде азаматтарды қабылдап, мән-жайды анықтайды. Сіздерге жағдайды хабарлап отырамыз», - дейді ол.

Айта кетсек, осыдан бірнеше күн бұрын өскемендік оқушы қала шетіндегі қырға шығып, Өскеменді көмкерген көк түтіннің видеосын жариялаған болатын. Оқушы видеода «қала шетіне таза ауамен тыныстау үшін» шыққанын айта келе шаһардағы көк түтіннің ішінен шаһардағы алып мұржалар ғана көрініп тұрғанын баяндайды.

Соңғы жаңалықтар