Экология министрлігі күріш алқаптарын азаюына қатысты түсінік берді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Күріш егу алқаптарын кезең-кезеңімен азайту – бұл қазіргі заманғы шындықтан туындаған объективті қажеттілік. Мұндай пікірді Мәжіліс депутаттарының сауалына орай ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің міндетін атқарушы Серікқали Брекешев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ылғал сүйгіш дақылдар, мақта, күріш егістерін қысқарту жөніндегі саясат біздің елімізде 2005 жылдан бастап жүргізіле бастады. Мұндағы негізгі дәлел – суармалы судың жалпы тапшылығы, әсіресе трансшекаралық су көздері, Іле және Сырдария өзендері. Суармалы судың төмен бағасы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді оны ұқыпты ұстауға ынталандырмайды. Сондықтан оны мұқият пайдаланбау әдеттегі жағдайға айналды. Қазіргі уақытта қалыптасқан тариф белгілеу жүйесі суармалы судың құны өнімнің өзіндік құнының 1 пайызынан аз болуына алып келді. Ал басқа елдерде ол 4-тен 16 пайызға дейін ауытқиды», - делінген жауапта.

Оның атап өтуінше, елімізде суды қажет ететін ауыл шаруашылығы дақылдарының егістігін азайтуды 2030 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізу көзделеді. Күріш дақылынан суды аз қажет ететін басқа ауыл шаруашылығы дақылдарына кезең-кезеңімен көшу ауыл шаруашылығы өндірісін қайта бағдарлауды ауыртпалықсыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

«Күріш – бұл шайылатын дақыл, оның өсімдіктері су қабатының астында, кішкене көлденең чектерде жүреді. Күріш тұзға төзбейді, сол себепті тұз деңгейінің жоғарылауына байланысты чектердегі су бірнеше рет өзгереді. Сондықтан вегетация кезеңінде 1 гектар күріш дақылына 22-ден 25 мың текше метрге дейін су жұмсалады. Ал дәндік жүгеріні өсіру үшін – 6 мың, көпжылдық шөптер – 8 мың, бақша дақылдары 4 мың текше метр су қажет. Егер күрделі және ағымдағы шаю, химмелиорация және басқа да ісшаралар көмегімен топырақтың мелиорациялық жай-күйіне уақтылы жақсарту жүргізілсе, топырақтың тұздануы болмайды. Дайындалған топырақтарда суару су үнемдеу технологияларын қолданған кезде, топырақтың тек тамыр қабатын ылғалдандырып, көлденең дренаждың жұмысына байланысты жер асты суларының деңгейін төмен (жартылай гидроморфты режим) ұстап тұру керек. Бұл шаралар көбінесе қайталама тұздану, жер асты суларының деңгейін көтеру ықтималдығын азайтады, бұл төменгі горизонттардан тұздардың көтерілуіне жол бермейді», - деді Серікқали Брекешев.

Министр міндетін атқарушы Қазақстанда су ресурстарының тапшылығына байланысты қалыптасқан жағдайды нақты бағалау қажеттігін айтады. Оның пайымынша, суармалы егіншілікті қиын жағдайға жеткізгеннен гөрі, ауыл шаруашылығы өндірісінің суды аз қажет ететін дақылдарды өсіруге біртіндеп көшуін жүзеге асырған дұрыс.

«Елімізде күріш егу алқаптарын кезең-кезеңімен азайту – бұл қазіргі заманғы шындықтан туындаған объективті қажеттілік. Сонымен қатар, мемлекетаралық су қатынастарын жетілдіру, қазіргі заманғы технологияларды толық ауқымда енгізу және қолдану мақсатында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, су үнемдеу технологияларын енгізу, ирригациялық және дренаждық жүйелерді қалпына келтіру, су заңнамасын өзектендіру және жетілдіру, экономикалық тиімді тарифтік саясатты енгізу жұмыстары әзірленіп жатқан Су ресурстарын басқару бойынша жаңа ұлттық жобасы аясында қарастырылылғанын хабарлаймыз», - деді ол депутқа берген жауабында.


Соңғы жаңалықтар