Экология министрлігі ең озық технологиясы бар кәсіпорындарды эмиссиялық төлемдерден босатуды ұсынды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Экологиялық кодекс жобасы аясында ең озық технологияларды енгізген кәсіпорындарды эмиссиялық төлемдерден босатуды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Заң жобасында Салық кодексіне және Салық кодексін қолданысқа енгізу туралы заңға келесідей мәселелер бойынша түзетулер көзделген. Ең озық қолжетімді технологияны енгізу арқылы кешенді экологиялық рұқсатты алған жаңа нысандардың операторларына қатысты эмиссия үшін төленетін төлемдерден босату бойынша тиісті түзетулер ұсынылды. Сонымен қоса қолданыстағы кәсіпорындар үшін де осындай тетік қарастырылған. Эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылуы үшін олар экологиялық тиімділікті арттыру мен ең озық қолжетімді технологияны енгізу бағдарламасын әзірлеп, оны жүзеге асыруы қажет», - деді Парламент Мәжілісінде Мағзұм Мырзағалиев.

Оның айтуынша кешенді экологиялық рұқсатты алмаған бірінші санаттағы қолданыстағы нысандар бойынша қоршаған ортаны ластағаны үшін төлемақы мөлшеріне 2, 4 және 8 есе ұлғайтылған коэффициенттер қолданылады.

«Бұны кешенді экологиялық рұқсатқа көшуді ынталандыратын қосымша бір шара ретінде қарастырамыз. Бұл ретте бірінші санаттағы 50 ірі кәсіпорындар үшін мұндай ұлғайту 2025 жылдан, ал бірінші санаттағы қалған нысандар үшін 2031 жылдан басталады. Айта кетерлігі, 3 жыл сайын ұлғайту коэффициенттері 2 еселеніп тұрады. Яғни, бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған әрбір ірі кәсіпорын ертең өз еркімен таңдау жасайды. Не осы қалпында қоршаған ортаға кері әсер етіп, жылдар сайын еселенетін экологиялық төлем төлейді. Болмаса ең озық қолжетімді технологияны енгізіп, ластаушы кейпінен арылып, эмиссия үшін төленетін төлемдерден босатылады», - деді ол.

Заң жобасы шеңберінде жергілікті мәслихаттардың қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін эмиссия үшін төленетін төлемақы 2 есеге ұлғайту жөніндегі құзыретін алып тастайтын түзету ұсынылған. Себебі дәл осы заң жобасында экологиялық төлемақының базалық ставкасы 2 есе ұлғайтылған. Бұл дегеніміз, бұрынғы эмиссия үшін төленетін 2 еселенген төлемақы мен жаңадан енгізілген 2 еселенген базалық ставка сомасы бірдей деген сөз.


Соңғы жаңалықтар