+7 (701) 759 90 19
USD 433.15 EUR 515.06
RUB 5.61 CNY 66.06
Jańalyqtar

Екіжақты домбыра жасайтын шебер: Есебің дәл шығу үшін ептілік керек

2021 жылғы 13 ақпан 12:17
Бөлісіңіз:
Екіжақты домбыра жасайтын шебер: Есебің дәл шығу үшін ептілік керек

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының тұрғыны Жанарбек Қазезұлы екіжақты домбыра жасайды. Көпке таңсық аспаптың үні де құлақ құрышын қандырады екен. ҚазАқпарат тілшісі домбыраның мұндай ерек түрін жасаған шебермен сұхбаттасып қайтқан болатын.

Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық домбырашылар Ұлыбританиядағы таланттар шоуында «алтын» алды Өскемен тұрғыны алаяққа алданып 6 млн теңгесінен айырылды

- Әңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ?

- Қытай Халық Республикасының Алтай аймағында дүниеге келдім. 2011 жылы маусым айының 24-інде атамекенге табан тіредім. Бес жылдай азаматтық ала алмай жүрдік. Сол уақыт аралығында бір істің шетін шығарып, шаруамызды иіріп әкетудің сәті түспеді. Десе де Алтай өңірінде бес жылдай домбыра жасағаным бар, үйреншікті кәсібімді осы жақта жалғастыра бастадым. Санап көрсем, биылды есептегенде он бес жылдай болыпты домбыра жасап жүргеніме.

- Ұлттық аспапқа деген қызығушылық қалай оянды?

- 1992 жылдары домбыраның ноталарын меңгеріп, күй үйрене бастадым. Үш жылдай сырттай оқып, ұлттық аспаптың жұмбағы жасырынған құпия есікті айқара ашқандай болдық. Ол жерде негізінен түрлі саладағы мұғалімдерді даярлайтын. Мейлі өнер, мейлі спорт, берілген мерзімде тәмамдаса болды. Асықпай жүріп, анық басып біршама күйді меңгердік. Қолыма домбыраны алған сайын ынтызарлығым артып, түбі ғұмырымның бір бөлігін сонымен байланыстыруға бел будым.

Сол жақта Файзолла деген ұстазымыз болды. Білікті маманның тәлімін көре жүріп, домбыра жасаумен айналыстым. Ол кезде әр мектепте кемі 60-70-тей домбыра болуы тиіс-тін. Уақыт өте осы бағытта өзімді біршама ысылғандай сезіндім. Әйтсе де 2011 жылы көшімізді Қазақстанға түзегенде бір қолайсыз кезеңде қозғалғанымызды аңғардық. Десе де сағымыз сынбай, біреуден ілгері, біреуден кейін тірлік кештік.

- Домбыраның жасалу әдісін айтып берсеңіз?

- Домбыраны қайың және үйеңкі ағаштарынан дайындаймын. Соның ішінде үйеңкі өзгелерден гөрі анағұрлым берік ағаш. Қайта жасау барысында үйеңкі қолға жұмсақ келеді әрі жарылмайды. Аталарымыз кезінде астауды ағаштың осы түрінен жасаған екен. Оған қоса үйеңкіден әзірленген домбыраның үні жұмсақ, ал қайыңдікі күмбірлеп шығады. Домбыраның бетін самырсыннан дайындаймын. Бірде қажет ағашты біреу-міреуге тапсырып алдырмақ болғанымда самырсын мен қарағайды ажырата алмай әбігерге түскендер де аз кездеспеді. «Самырсын ала келіңіз» дегенімде: «Ол не, орысша атауы қалай?» деп сұрақтың астына алды мені.


Самырсынның сыртқы қабығы қарағайға қарағанда нәзік келеді. Ал қарағай ауыр ағаш, оны көбінде есіктің босағасын жасауға қолданады. Қос ағашты қылқандарына қарап ажыратады, оған қоса самырсын аптап ыстықта жоғары температураға ісінбейді.

Бірде домбыраны қайыңнан жасап көруге бел будым. Егер өз деңгейінде кептіремін десеңіз екі жылдай уақыт кетеді. Соншама уақыт күтіп барып іске кіріссеңіз онда еңбегіңіз ақтала түспек. Бұл ағаштың бойында май болады. Одан арылмай домбырадан әуезді үн есту екіталай. Ал біз оны жұқа етіп тіліп алып, суға қайнатқан соң майын шығарып жатамыз. Домбыраға сүйек қосады. Ал оны ағарту үшін алты-жеті рет қайнату қажет. Сонда сода қосқанда сүйектің бойындағы майы алынып, жұмсара қалады. Дегенмен мұндай сәтте кейбір шеберлер сырын сыртқа шығарғылары келмейді.

- Бір домбыраны жасауға шамамен қанша уақыт кетеді?

- Бір жетіде 15 мыңдық төрт домбыра жасауға болады. Ал қымбатын жасасаң онда аптаға созылады. Тақтай таңдалған бойда станок арқылы тіліп, белгіленген өлшемге саламын. Аспап әзір болған соң шертіп, шыққан дыбысына құлақ түремін. Ойдағыдай шықпаса, амал нешік, беткі тақтайын алып тастап, қайта жасауға кірісемін. Балаларға арналған домбыраны есепке алмағанда, өзгесінің барлығы бір өлшеммен дайындалады.

- Сіздің қолыңыздан шыққан ең қымбат домбыра қандай?

- Ең қымбат деген домбыра 100 мың теңгеге бағаланды. Сосын 60 мың, 35 мың және 15 мыңға сатылды. Әдетте домбыраларды жасап, сатуға әзірлеп қоямын. Шүкір, қазір сәл де болса елге есіміміз белгілі. Республиканың бірқатар түкпірінен іздеп келіп жатады. Сатып алушыларымыздың көпшілігі Зайсан өңірінен. Ел аумағында қандастарымыз да аз емес. Әлеуметтік желіде домбыра шертіп немесе жасап жатқан бейнежазбаларды көріп, сұраныс білдіріп жатады.

- Екіжақты домбыра жасау туралы ой қалай келді?

- Бала күнімде алғаш рет домбыра сатып алғанымда көрші қария естіп, «алып келші» деп өтінді. Ақсақалдың өзі де домбыра тартудан кенде емес-тұғын. Шерте отырып, екіжақты домбыра жайлы естігенін жеткізді. Соны құлағыма құйып алдым. Араға талай жыл салып, Шымқорада екіжақты домбыра жасап шықтым. Көпке таңсық аспаптың үні де құлақ құрышын қандырады. Шынын айтқанда, кемі он бес домбыра жасағанға дейін қиындау болды. Есебің дәл шықпайды, қателесесің. Өзімді әлі де толық қалыптасқан шебер деп айта алмаймын. Ұлттық аспап жасауда алдына жан салмайтындар Алматыда. Соларды ұстаз тұтамыз. Жалпы ел көлемінде 270-тей шебер бар болса, Шығыс Қазақстанда ата кәсіппен айналысатын 7-8 адамбыз.


- Ұлттық аспаптан басқа не жасайсыз?

- Бесік, үстел, орындық, есік сынды бұйымдар жасаймын. Қазір жағдай оңалды, тапсырыстар да үздіксіз түсіп жатыр. Көбінде отбасылар сәбиін бесікке бөлеп, ара-тұра домбыраға да тапсырыс беріп тұрады.

- Әңгімеңізге көп рақмет!


Біздің каналымызға жазылыңыз:

Бөлісіңіз:

Автор:

Талғатжан Мұхаметбекұлы

Ұқсас жаңалықтар
Пікір қалдыру
+7
Жіберу
ONLAIN QYZMETKERLER
REDAKTOR
Гүлмира Алякпарова
Гүлмира Алякпарова
954-059
REDAKTOR
Ербол Жанат
Ербол Жанат
954-059
REDAKTOR
Жарылқасын Саягүл
Жарылқасын Саягүл
954-059

MURAǴAT