Екінші дүниежүзілік соғыс: Тарих пен тағылым

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Адамзат тарихы сансыз соғыстарға толы. Бірақ көлемі, зардабы, адамзаттың даму үрдісіне ықпалы жөнінен 1939-1945 жылдары орын алған Екінші дүние жүзілік соғыстан асқан зұлматты соғысты табу қиын. Бүгінге дейін осынау алапат соғыс жайлы жазылған зерттеулер, көркем әдебиет, мемуарлық шығармалар, кино және деректі фильмдер аз емес. Дегенмен бұл соғыс әлі де зерттей түсуді, жан-жақты баға беруді талап етеді, деп жазады strategy2050.kz.

Соғыс тарихына қысқаша шолу


Екінші дүниежүзілік соғыс 1939 жылғы 1 қыркүйектен 1945 жылғы 2 қыркүйекке дейін созылған, әлем халқының 80 пайызға жуығы (шамамен 1 млрд. 700 млн. кісі) зардабын тартқан сұрапыл соғыс. Соғыс өрті сол кезде әлемдегі 73 мемлекеттің 62-сін (Еуразия және Африка құрлығы) шарпып өткен. Соғысқа қатысқан әскерилердің саны 110 миллионнан асса, сол соғыста 50 миллионнан аса адамның өмірі құрбан болған.

Пост Кеңестік кеңістікте әлі күнге осынау алапат соғыстың негізгі себепкері ретінде фашистік Германияның агрессиялық саясаты ғана негізгі себеп болған көрсетеді. Алайда соғыстың басталуы тереңде жатқанын, Германиямен қатар, өзге ірі мемлекеттердің басшылары да жанама себеп болғанын айта кету керек.

Жаңа заман тарихында алып империялар отарлау саясатын қарқынды жүргізіп, жер шарын өзара бөлісіп алғанын тарихтан жақсы білесіздер. Ал ХІХ ғасырдың ортасынан бастап күшейген Германия мен Жапония отарлайтын ел таппай, өздерін үлкен қазынадан құралақан қалғандай сезінеді. Бұл аталған елдердің агрессиялық саясатын туғызып, соңында Бірінші дүниежүзілік соғыс отын тұтатты. Осынау ғаламдық алапат соғыста Үштік Одақ құрамындағы Германия Антанта елдерінен жеңіліс тауып, Версаль-Вашингтон келісімшартына мәжбүрлі түрде қол қояды.

Келісімшартта Германия өзінің әскери, экономикалық және саяси мүмкіндігін едәуір тежейтін көптеген шектеулерді мойындауға келісім береді.

Біріншіден – Эльзас пен Лоторингияны Францияға, Батыс Пруссияның біраз бөлігін Польшаға, Эйпенді Бельгияға қайтарады. Саар Ұлттар Лигасының бақылауына өтіп, Германияның отар аумақтары АҚШ, Англия және Францияның иелігіне өтеді.

Екіншіден – Германияның құрлықтық әскерінің саны 100 мыңнан аспайтын болып келісіледі.

Үшіншіден – Германия жеңімпаз елдерге үлкен көлемде репарация төлеуге міндеттенеді.

Бұл шешімдер түптеп келгенде Германия халқының бойында кек қайтару, өзін қайта мойындату сынды ішкі ыза сезімін қайта лаулатып, уақыт өте келе Екінші дүниежүзілік соғыстың пайда болуына алып келді. Германиядағы Ұлттық социалистік неміс жұмысшылар партиясы қысқа мерзімнің ішінде танымалдыққа ие болып, 1933 жылы билікке Адольф Гитлердің келуіне ықпал етеді. Ол тегі ұлы арийлік неміс халқының тарихта кеткен есесін қайтару жөніндегі жалынды сөздерімен көпшілікті өзінің жанына тез топтастыра білді.

Гитлер таза қанды неміс ұлтының ядросына Германиядан бөлек Австрия, Чехословакия және Польшаның батыс аумағын қосуды ұстанып, осы идеяны іске асыру жолына кіріседі. Оның сыртындағы елдер Үшінші Рейхтің бағынысты аумағы саналды. Бұл Бірінші дүниежүзілік соғыста жеңіліп, ауыр шектеулерді қабылдаған және осы арқылы еңсесі түскен неміс халқының рухын қайта оятып, жігерлендірген қадам болды.

Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына Германияның агрессиялық саясатынан бөлек, сол кезде танымал болған «ымыраластыру саясаты» арқылы гитлерлік Германияның Австрия мен Чехословакияны жаулап алуын мақұлдаған Ұлыбритания Премьер-Министрі Невилл Чемберленнің әрекеті мен «Молотов-Риббентроп пактісіне» құпия қол қойғызған, сол арқылы Польшаны Кеңес Одағы мен фашистік Германия арасында бөлісіп алуға келіскен, екі ел арасында соғыс өртін тұтатпау туралы уағдаласқан Кеңес Одағының жетекшісі Иосиф Сталиннің де кінәсі бар екені туралы айтылады.

Тарихшылар Чемберленнің «ымыраласу саясаты» Гитлер әскерінің еркін қимылдауына, оның әлеуетін арттыруына мүмкіндік бергенін және осы әрекеттің нәтижесінде көптеген мемлекеттердің зардап шеккенін айтады. Сондықтан «ымыраластыру саясаты» тарихтағы ең сәтсіз және қате саясаттың мысалы ретінде аталады.

Ұлыбритания Премьер-Министрі Невилл Чемберлен мен Германия Рейхканцлері Адольф Гитлер кездесуде

Сталин де Екінші дүниежүзілік соғыс басталар алдында 1939 жылы 23 тамызда Гитлермен келісіп, Риббентроп-Молотов пактісіне қол қойғызады.


1939 жылғы 23 тамызда КСРО және Германия Сыртқы істер министрлері В. Молотов пен И. фон Риббентроптың пактіге қол қойғаннан кейінгі сәті

Бұл пакті біраз уақыт құпия күйінше сақталады. Құжатқа сәйкес Ресей Польшаның шығыс бөлігіне, Германия батыс бөлігіне иелік ететін болып келіседі. Сонымен қатар, екі держава өздерінің сыртқы «ықпал ету аймақтарын» белгілеп алады. Пактіге сәйкес Ресейге Балтық жағалауы елдері, Шығыс Еуропа тиесілі болса, Германияға Еуропаның өзге өңірлері тиесілі болды. Екі мемлекет Висла, Нарев және Сан өзендерінің бойымен Польшаны өзара бөлісіп алады. Аталған өзеннің бойлары екі держава арасындағы буферлік аймақ болып есептелді.

Бүгінде ресми Кремль «Риббентроп-Молотов пактісі» Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуын кешеуілдету және өз күшін жинақтап мақсатында жасалған келісімшарт екенін, осы арқылы көптеген адам шығынын азайтуға мүмкіндік алғанын айтып, КСРО басшылығының сол кездегі әрекетін ақтап алуға тырысуда.

2019 жылғы 22 қыркүйекте Ресей Федерация Сыртқы істер министрлігінің «ВКонтакте» әлеуметтік желісінде осы мазмұнда жазылған ресми мәлімдемесі Балтық жағалауы елдерінің ресми наразылығына, тарихшылардың сынына ұшырады. Олар Кеңес әскерінің 1940 жылы Балтық жағалауы елдеріне жасалған шабуылын агрессиялық саясаттың айқын көрінісі ретінде айыптауда.

Латвияның Ресей Федерациясындағы Елшісі Марис Риекстиньштің «Twitter» әлеуметтік желісіндегі жазбасы


Латвияның Сыртқы істер министрі Эдгарс Ринкевичстің «Twitter» әлеуметтік желісіндегі жазбасы

Осылайша, Кеңес Одағының ресми келісімін алу арқылы Германия 1939 жылғы 1 қыркүйекте Польшаға басып кіреді. Бұл Екінші дүниежүзілік соғыстың басталған күні ретінде есептеледі. Айта кетерлік тағы бір мәселе, қытай тарихшылары Екінші дүниежүзілік соғыстың бастауын 1937 жылдың 7 шілдесінен алады. Өйткені дәл осы күні Жапон әскері Қытай жеріне басып кіреді және екі ел арасындағы қақтығыс 1945 жылға, яғни, Жапонияның жеңіліс табуына дейін жалғасады. Бұл көзқарастың да жаны бар. Өйткені Германияның одақтасы саналатын Жапонияның Қытайға ашқан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғанға дейін жалғасады және көптеген адам шығынына алып келеді.

КСРО-Германия қатынастарына қайта оралсақ.

Тарихшылар КСРО-ның осы шабуылға дайын болмауын Сталиннің кінәсі ретінде бағалайды.

Біріншіден – КСРО-ның сол кездегі соғыс тактикасы шабуыл жасауға негізделгенін, қорғаныс әлеуетінің, қорғана соғысуға қатысты мықты тактикасының жоқ болғаны айтылады.

Екіншіден – КСРО-ның негізгі әскери күштері Польша жеріне орналасып үлгермеген. Сәйкесінше бұл немістердің тұтқиылдан жасаған шабуылына дер кезінде, ұйымдасқан түрде тойтарыс бере алмаудан бөлек, қысқа уақытта негізгі стратегиялық нүктелерден айрылып қалуға ықпал етті.

Үшіншіден – Риббентроп-Молотов пактісінде уағдаласқан шабуыл жасаспау уәделеріне деген сенімнің өзі соғыстың алғашқы уақытында болған көптеген шығынның себебі ретінде айтылады.

КСРО болса Риббентроп-Молотов пактісінде уағдаласқандай 17 қыркүйекте «Польшаны азат ету» ұранымен Польшаның шығысына өз әскерін кіргізеді. Сондықтан бұл күнді кәсіби тарихшылар Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғысқа ресми кіріскен күні ретінде есептейді.

Германия Еуропаның көп мемлекеттерін қысқа мерзімде тізе бүктіру арқылы 1941 жылы 22 маусымда Кеңес Одағына тұтқиылдан басып кіреді. Бұл кеңестік жылнамада Ұлы Отан соғысының басталуы немесе фашистік Германияның шабуылы нәтижесінде Кеңес Одағының Екінші дүниежүзілік соғысқа кіріскен уақыты ретінде саналып келді.

Екінші дүниежүзілік соғыс негізінен бес майданда өтті. Біріншісі – Шығыс Еуропада, яғни КСРО мен Германия арасында, екіншісі – Батыс Еуропада Англия, Франция т.б. елдер мен Германия арасында, үшіншісі – Жерорта теңізі аумағында Италия, Грекия, Албания, Солтүстік Африка т.б. елдер арасында, төртіншісі – Африка жерінде Эфиопия, Сомали, Кения, Судан т.б. елдер арасында, бесіншісі – Тынық мұхиты бассейнінде немесе Оңтүстік Шығыс Азия аумағында Жапония, Америка, Қытай, Кеңес Одағы және өзге елдердің қатысуымен болды.

Екінші дүниежүзілік соғыс адам шығыны бойынша әлемдік тарихтағы ең қатігез, қиянкескі ұрыс саналады. Соғыс барысында шамамен 60-65 миллион адам шығыны болған. Оның ең көбісі Кеңес Одағынан болғаны айтылады. КСРО 27 миллионға жуық адамынан айрылған. Бұдан бөлек осыншама адам жарақат алып, мүгедек атанған. Қаншама ана баласынан, әйел күйеуінен, бүлдіршін әкесінен айрылды. Соғыс қаншама жүрекке жазылмас жара салды.

Тек КСРО-ның өзінде 171, қала, 70 мың ауыл, 32 мың зауыт-фабрика, 98 мың колхоз және 2890 МТС қиратылып, бүлінген .

Бұл сияқты зардапты, шығынды бұдан әрі де санамалай беруге болады.

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес әскері қатарында соғысқан қазақстандықтар

Екінші дүниежүзілік соғыс қазақ жеріне де үлкен зардаптар, қиындық алып келді. Соғысқа Қазақстан жерінен 1 миллион 200 мың сарбаз, 12 атқыштар, 4 кавалериялық дивизия, 7 атқыштар бригадасы, 50-ге жуық әр түрлі полк пен батальон тартылған.

Соғысқа қатысқан қазақстандық әскердің тең жартысына жуығы қаза тапқан. 500-дан аса қазақстандық сарбаз Кеңес Одағының Батыры атағын алды.


Қазақстан жерінен тылда еңбек еткен аға-апаларымыздың санында шек жоқ. Олар ортақ отан саналған Кеңес одағының әскерін азық-түлікпен, қажетті оқ-дәрімен, киім-кешекпен, қаржымен қамтамасыз ету жолында аянбай тер төкті. Қазақстан жерінен майдан үшін 4 700 000 000 рубль қаражат жөнелтілген. Кеңес әскерінің қаруынан атылған оқ дәріге қажетті қорғасынның оннан тоғызы қазақ жерінде өндірілгенін де айта кету керек. Бұл тылда еңбек еткен қарапайым еңбекшілердің, жас балалардың төккен терінің арқасы.

Екінші дүниежүзілік соғыста ерен ерлік көрсетіп, тарихта есімдері алтын әріптермен жазылған Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсенов, Сағадат Нұрмағамбетов, Нұркен Әбдіров, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова сынды жауынгер батырлардың қазақ жерінен шыққаны біз үшін үлкен мақтаныш.

Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, ерлік көрсеткен ардагер аға-апаларымызға көрсетілетін құрмет аласармауы тиіс. Өйткені олар сын сағаты туғанда қолына қару алып, майданға аттанды. Осы арқылы өзінің Отан алдындағы борышына адалдық танытты. Бүгінде Қазақстанда соғыс ардагерлеріне деген құрмет, материалдық және моральдық қолдау аз емес.

Екінші дүниежүзілік соғыс: бүгін және ертең

Адамзат баласы өткенімен, бүгінімен және келешегімен өмір сүреді. Осы ретте, Екінші дүниежүзілік соғыстан сабақ алудың, Жеңіс күні мерекесін атап өтудің өзіндік маңызы бар.

Кез келген соғыс кейінгі ұрпаққа тағылым болуы тиіс. Екінші дүниежүзілік соғыс адамзат тарихында ядролық қару қолданылғанымен есте қалды. Ядролық қарудың залалын әлем жұрты көрді. Бірақ бұл жер жүзіндегі ядролық қаруға ұмтылу, оны барынша жетілдіру үрдісіне кедергі бола алмады. Өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары батыс пен шығыс блогы елдері арасында орын алған Қырғи-қабақ соғыс та осының айқын дәлелі. Әлемде әлі күнге ядролық қарумен сес көрсетуші, жаппай қырып-жоятын қару жасауға ұмтылушы елдер аз емес.

Сондай-ақ, Екінші дүниежүзілік соғыстың адамзат баласы өміріне қатысты ауыр зардабы әлемдік қауымдастыққа толыққанды сабақ болмай отыр. Бұған жер-жерде орын алып жатқан локальді кикілжіңдер, соғыстар, алып империялардың агрессиялық саясаты дәлел.

Осы тұста назар аударарлық бір мәселе – осынау алапат соғысқа қатысты терминологиялық мәселеге жіті қарағанымыз абзал. Кеңестік тарихнамада «Ұлы Отан соғысы» термині кең тарап, барлық оқулықта, БАҚ беттерінде, халық арасында кеңінен қолданылды. Бүгінде Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізгелі отыз жылға жуықтады. Біздің бір ғана отанымыз бар. Ол – тәуелсіз Қазақстан Ресбуликасы. Сондықтан тарихтың кемесіне мінген КСРО кезеңінде ұсынылған идеологиялық платформадан бас тартып, бүкіл әлем атайтын «Екінші дүниежүзілік соғыс» терминін қолданғанымыз орынды болмақ.

Сондай-ақ, кез келген мерекенің, атаулы күннің өзіне тән өміршеңдігі де болмақ. Осы орайда, Жеңіс күнінің біздің ұрпақ үшін, аға буын үшін маңызы зор. Өйткені бұл соғыста біздің көзіміз көрген аға буынның немесе ата-анамыздың әке-шешелерінің төккен маңдай тері, аққан қаны жатыр. Ал келешекте, жаңа буын, өскелең ұрпақ бұл датаны қалай қарсы алмақ, олар үшін бұл күн сырттай эмоциясыз объективті көзбен қарайтын тарихи дата бола ма оны уақыт көрсетеді.

Бұл соғыс пост кеңестік елдерде әлі де идеологиялық тәсілмен қараудан арылмаған. Тек тарихи контексте бағалау жетпей жатқанын да айта кету керек.

Биыл Жеңіс туының көкке көтерілгеніне 75 жыл. Бұл ретте, ел көлемінде Жеңіс күнін атап өтуге арналған іс-шаралар аз емес. Оның көпшілігі әлемде қалыптасқан пандемиялық жағдайға байланысты онлайн форматқа ауыстырылған. Бұл атаулы датаны атап өтудің маңызы ең әуелі тарихтан сабақ алу, жас ұрпақтың бойында отаншылдық, әділдік сезімін қалыптастыру, ардагер аға буынға құрмет көрсетумен өлшенбек.

Сөз соңында барша оқырманды 9 мамыр – Жеңіс күнімен құттықтаймын! Сұрапыл соғыс тек тарихта қалып, тәуелсіз еліміздің аспаны мәңгі ашық болғай.


Сәкен Есіркеп


Соңғы жаңалықтар