Екінші деңгейлі банктерде жеке деректер қалай қорғалған – Министр жауабы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин екінші деңгейлі банктердегі қазақстандықтардың жеке деректері қалай қорғалғанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Кеше Kaspi банкінде техникалық ақаулар болды. Ондағы жеке деректердің қолды болмауына мемлекет кепілдік бере ала ма? Сол деректерді банктер клиент тартуға пайдаланып кетпей ме? Қауіпсіздік мәселесі қалай шешілген?», - деп сұрақ қойды тілші Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Министр мемлекеттік қызмет көрсету барысында алынған жеке деректерді заңсыз пайдаланғаны үшін банктердің заңды жауапқа тартылатыны туралы келісімдерге қол қойылғанын айтты. Бұл банктердің барлығы ақпараттандырудың аса маңызды нысандары болып саналады. Барлық маңызды нысандар ақпараттандыруға қойылатын бірыңғай техникалық талаптарды сақтауы тиіс.

«Егер қандай да бір ЖШС немесе кәсіпорын жеке деректерді теріс пайдалану күдігіне ілінсе, Ақпараттық қауіпсіздік комитетіне шағымдануға болады. Біз сол орынға барып, тексеру шараларын жүргіземіз. Кепілдік бойынша қазір бірінші кезеңде сенімге ие болған екінші деңгейдегі банктердің саны шектеулі, бұл мәселе пысықталуда. Біз мемлекеттік қызметтің тұрғындарға барынша ыңғайлы жерде көрсетілгенін қалаймыз, сондықтан осы жолда бизнестің қалыптасуына мүмкіндік береміз», - деді Бағдат Мусин.


Соңғы жаңалықтар