Екі полицейдің өлімі бойынша күдіктінің ісі сотқа жолданды - Ақмола облысы

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында екі полиция қызметкерінің өліміне қатысты іс сотқа жолданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, екі полиция қызметкерінің өліміне кінәлі Сергей Воронцовқа қатысты қылмыстық іс Ақмола облысының Бурабай аудандық сотында қаралады. Ол ҚР ҚК 200-баптың 3-бөлігі (ірі залал келтірген, автомобильді ұрлау мақсатынсыз заңсыз иелену (айдап әкету)), 346-баптың 2, 3, 6-бөліктері (көлік құралын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы, абайсызда адам денсаулығына жеңіл зиян келтіруге, адам денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіру және екі адамның өліміне әкеп соғу) бойынша айыпталып отыр.

Айыптау қорытындысына сәйкес, бұрын әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылған және көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған Щучинск қаласының тұрғыны Сергей Воронцов бірқатар ауыр қылмыстық құқық бұзушылықтар жасады. Атап айтқанда, 2020 жылдың қазан айында С.Воронцов анасының көлігін айдап әкеткен, содан кейін осы автокөлікпен Щучинск қаласында мас күйінде, тыйым салатын сигналға қарамастан қатты жылдамдықпен жүйткіген бойы бағдаршамның бағанын соққан.

Воронцовтың кінәсінен орын алған жол-көлік оқиғасының салдарынан сол жерде екі адам көз жұмды, тағы екі адам түрлі дәрежеде жарақат алып, ауруханаға жеткізілді. Ал, автокөліктерге айтарлықтай зақым келіп, жарамсыз болып қалды.

«Осы қылмыстық іс бойынша сот отырысы 2021 жылғы 25 қаңтарда Бурабай аудандық сотында сағат 15.00-ге тағайындалды», - деді ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар