Екі облыста адамдарды құлдықта ұстаған қожалық иелері ұсталды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе мен Жамбыл облыстарында шаруа қожалықтарында құлдықта болған азаматтар құтқарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР ІІМ Криминалдық полиция департаментінің басшысы Думан Таев айтып берді.

«Ақтөбе облысында шаруа қожалығының басшысы полицияға жеткізілді. Ол үш ай бойы 40 жастағы ер адамды күштеп ұстаған. Тұтқын күндізгі уақытта трактор айдап, түнде күзетші болған және автофургонда ұйықтаған. Аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 128-бабына сәйкес сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», - деді департамент басшысы министрлік ұйымдастырған апталық брифингте.

Қазіргі уақытта зардап шеккен тұрғын Адам саудасы құрбандарына арналған орталықта қажетті көмекті алып жатыр.

«Жамбыл облысында да шаруа қожалығының басшысы 2019 жылдың қарашасынан бері екі ер адам мен бір әйелді заңсыз ұстаған. Ерлер мал баққан, әйел – үй шаруасымен айналысқан. Бұл факт бойынша да ҚР Қылмыстық кодексінің 126-бабы, 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды». – деді Д. Таев.

Айта кетейік, Қазақстанда 1200 адам із-түссіз жоғалғандар санатында тұр.

Қазақстанда жыл сайын 80-ге жуық тұрғын адам саудасының құрбаны болады. Жыл сайын адам саудасына қатысты 180-ге жуық іс қозғалады. Мұндай қылмыс карантин кезінде де тіркелген.

Өткен аптада елімізде ауқымды «STOP трафик» операциясы жүргізілді және үш күнде полиция қызметкерлері адам саудасына қатысты 50-ден астам қылмысты анықтады.


Соңғы жаңалықтар