Екі күнде 12 кездесу: Президенттің Германияға сапары қалай өтті

None
None
МЮНХЕН. ҚазАқпарат – Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Германияға екі күндік жұмыс сапары өтті. Президент 14-15 ақпандағы Қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясына қатысу үшін осы елге арнайы келді. Сарапшылар бұл сапар өте жемісті болды, деп бағалады. Атап айтқанда, Қ.Тоқаев конференциядан тыс әлемдік көшбасшылармен, халықаралық ұйымдардың және Германияның ірі компанияларының жетекшілерімен, сондай-ақ халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылармен кездесу өткізіп үлгерді.

Екі күндегі 12 кездесу

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жұмыс сапары Германияның ірі компаниялары басшыларымен – «BayWa AG» компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен, «Rhenus SE&Co.KG» компаниясының басқарма мүшесі Михаэл Виферспен және «Reverse Logistics Systems GmbH» компаниясының басқарма төрағасы Патрик Видеманнмен екіжақты кездесулер өткізуден басталды.

Ірі ауылшаруашылық компаниясының басшысы К. Лутцпен болған кездесуде энергия көздерін қайта қалпына келтіру және агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру салалары бойынша бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асырудың басымдықтары егжей-тегжейлі талқыланды.

Президент Қазақстанның Германия бизнесімен арадағы тығыз әрі жемісті ынтымақтастықты дамытуға баса мән беретінін атап өтті. Осы орайда кәсіпкердің назарын еліміздегі энергия көздерін қайта қалпына келтіру және тыңайтқыштар өндіру бағытының әлеуетін арттырудың маңыздылығына аударды.

Михаэль Виферспен кездесу кезінде көлік-логистика саласы бойынша бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру перспективалары пысықталды.

Мемлекет басшысының Патрик Видеманнмен өткізген кездесуінде Қазақстанда бос ыдыстарды қайта айналымға жіберудің кепілдік-қайтарымдық жүйесі жөніндегі жобаның жүзеге асырылу қадамдары сөз болды.

«Reverse Logistics Systems GmbH» компаниясының басшысы материалдар мен қалдық заттарды қайта өңдеу саласында тиісті экожүйе құру үшін Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясында Канаданың Премьер-Министрі Джастин Трюдомен кездесіп, келіссөз жүргізді.

Тараптар Қазақстан мен Канада арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен перспективаларын талқылап, халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастықты қарастырды. Сондай-ақ, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Канада үкіметінің басшысы саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жөніндегі Қазақстан Президентінің күш-жігерін жоғары бағалап, азаматтық қоғам мен демократияны дамыту саласына қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

14 ақпан түстен кейін Мемлекет басшысы Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Хосе Анхель Гурриамен кездесу өткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарын енгізуге, саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру барысында аталған беделді ұйыммен белсенді ықпалдастықты жалғастыруға баса мән беретінін айтты.

Өз кезегінде А. Гурриа Қазақстанмен арада ынтымақтастық байланыстар нығайып келе жатқанын атап өтті. «Мен бүгінгі кездесуге өте қуаныштымын. Біз көптеген министрлермен бірлесіп жұмыс істедік. Осы орайда қарым-қатынастың жыл санап дамып келе жатқанын атап өткім келеді. Бүгінгі кездесуге шын жүректен қуаныштымын. Биыл ынтымақтастығымыз одан әрі өрлей түседі деген сенімдемін», - деді Анхель Гурриа.

Бұдан бөлек Қазақстан Президенті Мюнхенге жасаған жұмыс сапары барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен де кездесті.

Әзербайжан Президенті биыл екі елдің қарым-қатынасы жемісті болатынына сенімді екенін атап өтті. «Көптеген бірлескен жобалар іске асырылуда. 2020 жыл да екі елдің байланысы үшін табысты болады деген сенімдемін. Тауар айналымын арттыруды көздеп отырмыз, сондай-ақ транспорт, туризм саласындағы серіктестіктің әлеуеті зор. Екі ел арасында тығыз байланыс орнаған», - деді Ильхам Әлиев.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Ильхам Әлиевті Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар, 15 ақпан күні түске дейін Қасым-Жомарт Тоқаев алты кездесуді қатарынан өткізді. Осы орайда Кувейттің Премьер-Министрі шейх Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабахпен, Ауғанстан Президенті Ашраф Ғанимен , «Siemens AG» компаниясының атқарушы директоры Джо Кэзермен, «Eurasia Group» зерттеу және консалтинг компаниясының негізін қалаушы Ян Бреммермен пікір алмасты.

Мұнымен қоса, Қазақстан Президенті Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Бас директоры Тедрос Адхан Гебрейесуспен және Халықаралық Қызыл Крест комитетінің президенті Петер Маурермен кездесуге айрықша мән берді.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың таралуының алдын алу бағытында Қазақстанда қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Өз кезегінде Тедрос Адхан Гебрейесус Қазақстан Президентіне індеттің таралуына байланысты әлемдегі ахуал жайында кеңінен мәлімет берді.

Петер Маурермен жүздесуде Қазақстан мен Халықаралық Қызыл Крест комитеті арасындағы байланыстарды одан әрі нығайту мәселелері қаралды. Осы орайда халықаралық күн тәртібіндегі ортақ мәселелер туралы пікір алмасылды. Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Халықаралық Қызыл Крест комитетінің арасындағы ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесі үшін Петер Маурерге ІІ дәрежелі «Достық» орденін тапсырды.

Мюнхен конференциясы

Жұмыс сапарының бірінші күнінде Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының ресми ашылу рәсіміне қатысты.

Аталған іс-шараға 40-қа жуық мемлекеттің басшылары, 100-ден астам сыртқы істер және қорғаныс министрлері, халықаралық қатынастар саласындағы беделді сарапшылар, Еурокомиссия өкілдері, сондай-ақ Еуропалық Парламент депутаттары келді.

Конференция күн тәртібінде «ЕО мен НАТО болашағы», «Киберқауіпсіздік», «Денсаулық сақтау мәселелері», «Сауда соғыстары мен санкциялар», «Жалған ақпарат, насихат пен күмәнді жаңалықтар», «Таяу Шығыстағы ахуал», сондай-ақ Еуропалық Одақ, АҚШ, Ресей, Қытай және басқа да елдермен арадағы өзара қатынастар тақырыптары талқыланды.

Айта кетейік, жыл сайын форумға әлемнің 70 елінен 400-600 адам қатысып келеді. Олардың арасында мемлекет және үкімет басшылары, әскери әрі саяси көшбасшылар, министрлер кабинетінің мүшелері, парламент депутаттары, ғалымдар, саясаттанушылар, азаматтық қоғам өкілдері қамтылды. 1990 жылдан бері конференцияға Ресей мен Шығыс Еуропаның елдері, Қытай, Үндістан, Жапония өкілдері шақырту алуда. Шараның тақырыптары үнемі өзгеріске ұшырайтын қауіпсіздік саясаты талаптарына сәйкес түрленіп тұрады. Мюнхен конференциясын өткізудің алғашқы жылдарында бірінші кезекте Еуро-Атлантикалық аймақтағы қауіпсіздік қатерлерін болдырмауға назар аударылды. Алайда, кейіннен жаңа аумақтар мен басқа да мәселелер күн тәртібіне енгендіктен, конференцияның мүдделер спектрі кеңейе түсті.

Конференцияның екінші күніндегі «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі жағдай» тақырыбындағы өткен панельдік пікірталас кезінде Қасым-Жомарт Тоқаев көршілес елдермен өзара тиімді қарым-қатынас туралы айтты.

Халықаралық қатынастар кеңесінің президенті Ричард Хаас жетекшілік еткен пікірталасқа Ауғанстан Ислам Республикасының Президенті Мұхаммед Ашраф Ғани қатысты.

«Жер көлемі бойынша тоғызыншы орындағы Қазақстан Республикасы туралы айтатын болсақ, Қытай мен Ресейдің ортасында орналасу – мүмкіндік. Біз екі елмен көршілес болу арқылы көптеген мүмкіндікке ие болдық. Сонымен бірге, Орталық Азияның ауқымды бөлігін иемдену де географиялық ерекшелік. Менің ойымша, Орталық Азия өзінің геосаяси маңызын жоғалтпайды», - деді Мемлекет басшысы.

Мюнхен конференциясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен АҚШ-тың ынтымақтастығы туралы айтып берді.

«Жақында ғана АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Қазақстанға келді. Бұл да Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыстың нығая түскенін білдіреді», - деді Президент.

Мемлекет басшысы экономкалық серіктестік тұрғысында Қазақстанда АҚШ-тың бірнеше үлкен компаниялары жұмыс істеп жатқанын еске салды. «АҚШ-тың Қазақстан үшін маңызы зор. Ынтымақтастығымыз одан әрі арта түсуіне үлкен мүмкіндіктер бар деп санаймын», - деп атап өтті Қ. Тоқаев.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жиынға қатысушыларға президент қызметіндегі басымдықтары, еліміздегі саяси және экономикалық реформалардың негізгі бағыттары туралы айтып берді. Осы ретте Президент экономиканы әртараптандырудың, инновациялар мен цифрландыруды дамытудың аса маңызды екеніне назар аударды.

«Президент ретінде инновацияларға, цифрландыруға баса мән беретінімді айтқым келеді. Экономиканың қарқынды өсімін қамтамасыз ету – басты мақсат. Сонымен қатар, үздік шетелдік сарапшылардың тың идеяларын енгізуге әзірміз. Бұл бағытта атқарылатын жұмыстар аз емес. Экономиканы дамыту үшін тың реформалардың да маңызы зор екенін атап өткен жөн», - деді Қ.Тоқаев.

Өз кезегінде Халықаралық қатынастар кеңесінің президенті Ричард Хаас Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Қасым-Жомарт Тоқаев сындарлы әрі салмақты ұстанымын айтқанын мәлім етті.

«Мюнхен қауіпсіздік конференциясында Қасым-Жомарт Тоқаев сындарлы әрі салмақты ұстанымын айтты. Ол Орталық Азия тақырыбында, сондай-ақ екіжақты қарым-қатынастар тұрғысында баяндап берді. Осы орайда, Ресеймен және Қытаймен байланыстар жайында баяндады», - деді ол Мюнхен қауіпсіздік конференциясының аясында тілшілерге берген сұхбатында.

Бұл тұрғыда Ричард Хаас Қазақстан Президенті панельдік пікірталастың негізгі мазмұнын егжей-тегжейлі ашып бергенін атап өтті.

«Қасым-Жомарт Кемелұлының ұстанымы бүгінгі панельдік пікірталастың тақырыбына толық сәйкес келді. Осының негізі ретінде өңірлік өзара қарым-қатынасқа толық баға берілді. Президент мырза Орталық Азия өңірінің экономикалық әрі саяси дамуындағы Қазақстанның рөлі туралы атап өтті. Панельдік пікірталас қатысушыларына әлемдік сахнадағы Қазақстанның бастамалары мен ұстанымын толықтай түсіндірді», - деді Ричард Хаас.

БҰҰ-ның беделі мен Астана процесі

Аталған беделді конференцияда БҰҰ аясындағы ынтымақтастық тақырыбы сарапшылардың ерекше назарында болды. Бұл тұрғыда Мюнхен қауіпсіздік конференциясының төрағасы Вольфганг Ишингер әлем көшбасшыларын БҰҰ-ның беделін нығайту ісіне белсенді атсалысуға шақырды.

«Ашығын айту керек, ұжымдық күш-жігер ең қауіпті дағдарыстар мен халықаралық қауіпсіздіктің қатерлерін реттеу үшін жеткіліксіз. Адамдардың өмірі қиылып жатыр, қарулану жарысы жаңа қарқын ала бастады, жаһандық жылыну жалғасуда. Сондықтан әлемдегі ең ықпалды адамдардың бұл тұрғыда тек шарасыздық танытуы дұрыс емес. Атап айтқанда, бұл ахуал қазіргі қауіпті жағдайда өте тиімсіз болып тұр», - деді В. Ишингер Мюнхен қауіпсіздік конференциясының 56-шы отырысында.

Оның пайымынша, осының салдарынан ынтымақтастық пен бейбітшіліктің орнына өшпенділік пен қақтығыстар белең алуда.

«Бүгінгі жиынды пайдалана отырып, бірнеше ескертуді атап өткім келеді. Біз баршамыз БҰҰ беделін нығайтуға белсенді үлес қосуымыз керек. Оның ішінде БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесін де назарда ұстауымыз керек. Ол шешімдерді орындау үшін өкілеттігі бар жалғыз орган. Қауіпсіздік Кеңесі Ливия бойынша қарарды қабылдаған кезде осы аптаның басында қандай да бір үміт пайда болды. Осы орайда елдердің басым көпшілігі осы шешімнің талаптарын ұстанады деп сенім білдіреміз», - деді Вольфганг Ишингер.

Өз кезегінде ГФР Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер шамадан тыс қарулану қаупі туралы баяндамасын жасады.

«Еуропаның қауіпсіздігіне Германия көбірек үлес қосуы тиіс, яғни НАТО аясында. Әсіресе, қаржылық тұрғыда қолдауды күшейткені жөн. Альянс ортақ мақсат туралы уағдаласты. Менің ойымша, осы бағыттағы қадамдар өте дұрыс әрі маңызды. Дегенмен Еуропада елдер, оның ішінде Германия қорғанысқа көбірек қаржы жұмсағанымен, біз халықаралық тәртіптегі эрозияны тоқтата алмаймыз», - деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Оның пайымынша, дипломатиялық қатынастардың, қауіпсіздік архитектурасының, қарулануды шектеу туралы шарттардың күшін жоғалту қауіпті.

«Егер біз адам құқықтарына, халықаралық құқыққа сыйластықпен қарау жолын қайта таппасақ, әлемдегі тәртіпті қалпына келтіре алмасақ, сондай-ақ бөлек мемлекеттің қауіпсіздігін өзіміздің жеке қауіпсіздігіміз ретінде қабылдай алмасақ және осы маңызды мақсаттарға негізделмесек, онда бірнеше жылдан кейін шамадан тыс деңгейде қаруланамыз. Сондықтан бұл мақсаттар баршамызға қатысты болып отыр», - деді ГФР Президенті. «Әскери компонент біз үшін қажет, алайда бұл маңызды жалғыз тетік емес. Осы орайда дипломатиялық әрі саяси тетіктер жайында ұмытпауымыз керек», - деді Франк-Вальтер Штайнмайер.

Айтпақшы, Ресейдің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Астана процесінің БҰҰ-ға қаншалықты қолдау көрсетіп отырғанына баға берді.

Мюхен конференциясында Сириядағы қақтығыстардың туындауы мен осы дағдарысты шешудің мән-жайы егжей-тегжейлі талқылаудан өтті.

«Бұл күрделі мәселенің түйінін шешуде Астана процесінің орны ерекше. Осы орайда өзінің елордасында қолайлы алаңды ұсынғаны үшін Қазақстанға шынайы алғысымызды айтамыз. Астана процесі жұмысын жақсы бастады, сондай-ақ қазіргі уақытта да ең тиімді алаң болып тұр», - деді С. Лавров.

Сонымен қатар, Ресейдің Сыртқы істер министрі Астана процесі Қауіпсіздік Кеңесінің қарарын ілгерілетуде БҰҰ-ға қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар